
Коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында құрылған мониторингтік топтар бұдан былай бизнес саласын кез келген уақытта тексере бермейтін болды. Бұған аталмыш топтарға қатысты бекітілген жаңа іс-қимыл алгоритмі себеп.
Облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев енді әр кәсіпкердің InfoKazakhstan сайты арқылы тексерудің заңдылығын және мониторингтік топ құрамын тексере алатын мүмкіндікке ие болғанын айтты.
– Бүгінгі күні мониторингтік топтардың дербес құрамын жергілікті жердегі атқарушы билік рейд басталғанға дейін өзінің интернет-ресурсында жариялайтынын кәсіпкерлеріміз білуі тиіс. Бұған дейін нысандарға мониторингтік топтардың жанына қоғам өкілдері мен еріктілерді қоспай, тексеруге жартылай құраммен баратын жағдайлары да болған. Бұл өз кезегінде жемқорлық фактілерінің қаупін арттырып, кәсіпкерлер тарапынан келіспеушіліктер туғызған еді. Қазіргі уақытта мониторингтік топтың құрамы нақты келісіліп, жергілікті әкімдіктің сайтында, сонан соң InfoKazakhstan платформасында жарияланып отырады, – деді Қайрат Мамырбаев.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі бұған дейін өңірде мониторингтік топтардың бір нысанды қайтара, кейде тіпті күніне бірнеше рет тексерген жағдайлар кездескенін жоққа шығармайды. Ал қатар орналасқан осы сияқты басқа нысандар мүлдем тексерілмеген кездер де болған.
- Кәсіпкерлік нысандарына әділетсіз тексерулер жүргізіліп, бизнестің жұмыс істеуіне кедергі келтірілген. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнеске жасалған кез келген кедергіні ауыр қылмыс ретінде қарау керек дегенін жақсы білеміз, – деді Қайрат Мамырбаев.
Осылайша кәсіпкерлер InfoKazakhstan сайтында орналасқан ақпарат арқылы тексерушілердің өздерін тексеруге мүмкіндік алды. Яғни, тексеру басталғанға дейін оның уақыты көрсетілген ақпарат порталда алдын ала тіркелуі тиіс. Сондай-ақ тексеру тіркелгеннен кейін 24 сағат өткен соң жүргізілсе де заңсыз болып саналады.
Нысанды тексеруге келген мониторингтік топ кәсіпкерге тексерудің белгіленгені жайындағы актінің қағаздағы немесе планшет арқылы электронды нұсқасын көрсетуі тиіс.
Жауапты тұлғаның айтуынша, мониторингтік топтар нысанды бұрынғыдай бес бұзушылық бойынша тексереді. Олардың қатарына санитарлық дәрігердің белгілеген жұмыс режимі, көпшілікті жинамау, әлеуметтік арақашықтық, маскалық режим және келушілердің лимитін белгілеу сияқты әрекеттер жатады. Сонымен қатар мониторингтік топтар нысанның жұмыс істеуіне қатысты рұқсат құжаттарын да тексере алады. Яғни, жоғары эпидемиологиялық маңызға ие нысанның санитарлық-эпидемиологиялық сәйкестігін көрсететін қорытынды немесе төменгі эпидемиологиялық маңызға ие нысанның жұмысын бастау туралы ескерту құжатын, сондай-ақ санитарлық нормаларға сәйкестігі туралы актісін тексеруге құқылы.