Тексеру жүргізіп, айыппұл салып жатыр
Мониторингтік топтар сауда, қызмет көрсету нысандары мен қоғамдық көліктерде санитарлық талаптардың сақталуына күн сайын тексеру жүргізіп келеді.
28 қаңтарда облыс орталығында 114 нысан тексеріліп, 4 ереже бұзу фактісі тіркелді. Сонымен қатар, бұрын анықталған фактілер бойынша, медициналық маскасыз қызмет көрсеткен азық-түліктік емес дүкеннің сатушыларына айыппұл салынды. Айыппұлдардың жалпы сомасы – 262 530 тенге.
Семей қаласында мониторингтік топтар 164 нысанды тексерді. Оның ішінде күнделікті мониторингпен «жылу картасына» кіретін 73 нысан да қамтылған. Шугаев, 141 мекен-жайында орналасқан «Мырзахмет» дүкенінде сатушылардың маскалық режимді бұзғаны анықталды. Сондай-ақ, рейд барысында 35 автобус қамтылып, конвейерлік әдіспен 748 автобус тексерілді. Маскалық режимді бұзуға қатысты 20 адамға ескерту жасалды.
Риддер қаласында 5 рейд өтіп, оның барысында мониторингтік топ 72 нысанды аралады. Ереже бұзу фактілері тіркелмеді. Бұрын анықталған фактілер бойынша үй жағдайындағы карантиннің сақталмауына қатысты 7292,5 теңге мөлшерінде 1 айыппұл салынған.
Зайсан ауданында 9 рейд жүргізіліп, 67 нысан қамтылды, оның ішінде 30 сауда нысандары, 10 қоғамдық тамақтану орындары, 2 мәдениет үйі, 2 монша, 5 қоғамдық көлік, 3 банк және 2 нотариус кеңсесі бар. Тексеру нәтижесінде 1 санитарлық талапты бұзу фактісі тіркелді.
Мониторингтің мақсаты – тұрғындарға коронавирус инфекциясының таралу қауіпі әлі де сейілмегенін және де талаптардың орындалмауы әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін еске салу.