Тексеруден өткен әрбір төртінші бала науқас

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен өңірімізде екі ай бойы өткізілген «Саламатты ана мен бала» акциясы мәресіне жетті. Ауқымды шара өңіріміздегі төрт және одан да көп баласы бар отбасыларына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуды көздеген болатын.
Облыста қазір 26 146 көпбалалы отбасы бар. Акция кәмелет жасына толмаған төрт және одан да көп баласы бар 9468 отбасын қамтыды. Нәтижесінде дәрігерлер 40 мың көпбалалы отбасы мүшелерін медициналық тексеруден өткізді.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова айтып өткендей, тексерілген аналардан тыныс алу мүшелерінің аурулары және гинекологиялық аурулар анықталған. Ал балалар арасында 8 747 ауру тіркелді, бұл көрсеткіш тексерілген балалардың 29,3 пайызына тең. Демек, әрбір төртінші бала науқас болып шыққан. Аурулардың басым бөлігі тыныс алу мүшелеріне қатысты болды.
Кешенді медициналық тексерістің нәтижесінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында 4 349 ана мен 7 636 балаға амбулаторлық ем тағайындалған. Ал 270 ана мен 415 балаға стационарлық медициналық көмек көрсетілді.
Акция барысында құрамында учаскелік дәрігер, психолог, әлеуметтік қызметкерлері бар арнайы бригадалардың үйлерді аралап, отбасы мүшелерін тексеруі ұйымдастырылған. Сонымен қатар баланың дамуы кабинеттерінде бес жасқа дейінгі 4200 баланың анасына бала күтімі, дұрыс тамақтандыру, қауіпсіз орта қалыптастыру, жарақат алу мен түрлі апатты жағдайдың алдын алу мәселелері бойынша медициналық кеңестер беріліп, балалардың психо-физикалық дамуы тексерілді.
Ана мен бала денсаулығын кешенді тексеруге кеткен шығын емханаларға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында бөлінетін қаражат есебінен қаржыландырылғандығын атап өткен жөн. Ана мен бала денсаулығын тексеру пакеті маман дәрігерлердің қабылдауын, зертханалық, ультрадыбыстық және сәуле диагностикасын, психологиялық дерттің алдын алу шараларын қамтыды.
Айжанат Бақытқызы