Қоғам

Текке жатқан жерге еселеп салық төлейді

Текке жатқан жерге еселеп салық төлейді


Облыстың қалалары мен аудандарында 2016 жылы конкурс өткізу жолымен жалпы ауданы 348,2 мың га 735 жер учаскесі, соның ішінде аукцион өткізу жолымен 123,4 млн. теңгенің 122 жер учаскесі жекеменшікке берілген.

2017 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша шетелдік жер пайдаланушыларға облыс бойынша жалға 14905,63 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер беріліп отыр. Шетелдіктер жерді Бесқарағай, Ұлан, Зырян аудандарынан жалға алған. Бесқарағай ауданында «LONG XIN (ЛУН СИН)» қытайлық халықаралық сауда компаниясы» ЖШС 14754,0 га жерді жалға алып, жұмыс істеп жатыр.

Бүгінде аймақта жалпы көлемі 10,5 млн. га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жалға алынып отыр, жекеменшікке 81,3 мың га берілген. Облыс аумағында 2016 жылдың қорытындылары бойынша 15 474 шаруа қожалығы 8674,9 мың га алқапқа, 464 мемлекеттік емес ауыл шаруашылық заңды тұлғасы 1 760,1 мың га жерде өз қызметтерін жүргізуде.

Журналистермен өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова меншік иелері мен жер пайдаланушыларын ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға ынталандыру, олардың жерді пайдалануға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес өңірде пайдаланылмайтын жерлерге жер салығын арттыру ставкаларын 10 еседен артық емес мөлшерде бекіту шаралары жүргізіліп біткенін, бүгінде барлық ауданда оның мөлшері нақты белгіленіп отырғанын айтты. Биылдан бастап бірнеше жыл бойы пайдаланылмай жатқан жерлерге жер салығы үстемеленіп салына бастайтын болады.

Былтыр жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін 1610 жер учаскесі берілген. Қазір тұрғын үй учаскесін алу кезегінде 27782 өтініш беруші тұр, соның ішінде: Аягөз ауданында – 129, Зайсан ауданында – 594, Ұлан ауданында – 17, Риддер қаласында – 53, Семей қаласында – 23614, Өскемен қаласында – 3375.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button