Қоғам

Технология әлемінің кереметі

Технология әлемінің кереметі


Арктиканың айсбергіне саяхаттап, пингвиндермен танысуға мүмкіндік беретін экранның жанында адам қарасы мол. Осындай тағы бір топ кез келген тақырыпта әңгіме өрбітетін робот-гидті тамашалап, оған сұрақтар қойып әлек. Инновациялық 3Д кітабын парақтап, таңданыстарын жасыра алмаған оқушылар осы сәтті естелікке айналдыру үшін суретке түсіп жатты.

Өскеменде өткен облыс оқушыларының ғылыми жобаларын таныстыруға арналған «Болашаққа қадам-IT-білім» фестивалін тамашалаушылар, расымен, өзгеше бір әлемге аяқ басқандай әсерде болды. Алайда, мұның бәрі виртуалды емес, шынай әлемнің, технологиясы дамыған жаңа ғасырдың жетістіктері екендігі көңіл қуантады.

Мәселен, өртті арнайы құрылғысы арқылы сезіп, дереу сол жерге аттанатын «Дала күзетшісін» қаршадай ғана қыздар ойлап тапқан.

– «Дала күзетші» – гаджет арқылы басқарылатын заманауи өрт сөндіруші көлік. Өзі орналасқан жердің 100 шақырымға дейін радиусында өрт орын алған жағдайда, сезімтал датчиктері оған белгі береді. Белгі қабылдағаннан кейін, ол өрт болып жатқан жерге өзі аттанып, отты сөндіреді. Бір ерекшелігі, ол таулы-тасты жерлермен де жүруге икемді етіп жасалған, – деп машинаның механизмін жарыса түсіндіре бастады Көкпекті ауданындағы Казнаковка орта мектебінің оқушылары Мархабат Тегененова мен Ләззат Тюлепбергенова.

Мархабаттың айтуынша, бұл жобаны олар мектептерінде осыдан екі жыл бұрын ашылған роботтехникасы кабинетінде ұстаздары Батырхан Маратұлының жетекшілігімен жасаған. Ол сыныптастарының өзге пәндерден гөрі осы сабақты асыға күтетіндіктерін де жасырмады.

Технология әлемінің кереметі

Ал Зайсан ауданының 11-сынып оқушысы Сәтбек Дүйсенбек болса, мектептерінде роботтехникасы кабинетінің жоқтығына қарамастан, ортаншы сыныптан бастап гидравликалық машиналар құрастырумен айналысып келеді. Оның соңғы жасаған жобасы – бүгінгі көрмеге қойылған жанар-жағармайды қажет етпейтін топырақ тиегіш машина.

– Жанар-жағармай ауаны ластайды. Мен болашақта әлем экологиялық таза өнімдерден қуат алып, технологияның көмегімен жұмыс істейтін көліктерге көшеді дегенге сенемін. Елімізде өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі осының бір дәлелі болса керек, – дейді Сәтбек.

Осымен алтыншы мәрте өткізіліп отырған облыстың білім саласындағы бірегей көрмесіне өңір оқушыларының 50-ден астам жобасы қойылды. Қазақстандағы Microsoft компаниясының бас директоры Рональд Бинковский мен Coogle компаниясының инженер-бағдарламашысы Игорь Ганчитев экраннан қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, сәттілік тіледі.

– Көрменің мақсаты – өскелең ұрпақтың жаңа технологиялар мен зерттеулерге қызығушылығын ояту. «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында педагогтардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануларын жетілдіре түсу, – дейді облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Әсел Кайырбекова.

Көрме барысында облыстың роботтехникасы кабинеттерін жабдықтауға арналған құралдар да көпшілік назарына ұсынылды. Облыстық білім саласындағы жаңа технологиялар орталығының бастығы Сергей Коваленконың айтуынша, «Рухани жаңғыру» және «Менің мектебім» бағдарламалары аясында олар облыстың 270 толық комплектілі мектептеріне орнатылатын болады. Нәтижесінде облыс мектептерінің 40 пайызы роботтехникасы кабинетімен жабдықталмақ.

Технология әлемінің кереметі

Көрмеге қатысушы оқушылар «Мейкерлік», «Smart-технологиялар», «ClusterPro» «Digital-орта», робополигон сынды секторларында сайысқа түсті. Фестиваль қорытындысы бойынша «Үздік ІТ-жоба» аталымын семейлік Диас Қуанышев пен Асанәлі Боранғали жеңіп алды. Онлайн дауыс берудің қорытындысы бойынша өскемендік Вячеслав Родионов «Көрермен көзайымы» атанды.

Сондай-ақ ұстаздар арасында өткен сайыста риддерлік Татьяна Глотова бірінші, Мархаба Шарипханова (Семей қаласы) екінші, Ринат Дуанханов (Зайсан ауданы) үшінші орынға табан тіреді.

Білім беру саласындағы «үздік веб-сайт» аталымы Семей қаласының №27 мектебіне бұйырды. Екінші орынды Өскемендегі дарынды балаларға арналаған физика-математика және информатика мектебі жеңіп алса, үшінші орынды облыс орталығындағы Әуезов атындағы №17 мектеп еншіледі.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button