Дидардың қонағы

– ТЕХНОЛОГИЯ ДӘУІРІНДЕ ДЕ ТЕАТР ӨЗІНІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫН ЖОҒАЛТПАЙДЫ

Руслан Қайырсынов, Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының бас директоры:

Биыл Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының ұжымы аймақтың аудан-қалаларын, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерін ауқымды гастрольдік бағдарламамен аралайтын болады. Көрермен қауымды жаңа қойылымдар күтіп тұр. Өскемендегі театр өмірінде болып жатқан жаңалықтар мен жоспарлар туралы осы мекеменің бас директоры Руслан Қайырсынов әңгімеледі.

– Театр – тірі ағза. Онда бәрі шынайы, дауыс та, сезім де, көңіл-күй де…, – деп бастады әңгімесін Руслан Қайырбекұлы.

– Мұнда келіп қойылым тамашалаған адам, жанын көп кірбіңінен арылады. Ол үшін миға салмақ салып, сахна мен актердің жан дүниесін сезіну қажет. Осы ретте театрдың таңғажайып әлемін ұнатып, қызығушылық танытатын жандардың қатары күннен-күнге артып келе жатқандығы қуантады. Театрға спектакль көруге келген адамның бір уақыт күйбең тіршілікті ысырып қойып, сергіп қайтуы біз үшін өте маңызды.

Өткен жылдағы басты жетістігіміздің бірі – театр көрермендері санының 23 мыңға жуық адамға артуы!

– Былтыр көрермендеріміздің саны артты дейсіз. Оған қалай қол жеткіздіңіздер? Технология қарыштап дамыған мына заманда театрдың аудиториясын сақтап қалу және жай ғана сақтап қалмай оны кеңейте түсу мүмкін бе?

  • Расында, бүгінгі күні бүкіл әлемде гаджеттер мен әлеуметтік желілер өте танымал. Олардың зияны мен пайдасы да қатар жүреді. Әлденеше ғасырды жүріп өткен театр өнері уақыттан, жаһанданудан қорықпайды. Сөз жоқ, театрдың өз аудиториясы бар. Қаншалықты заман ағымының жетегінде кетсе де, рухани байлықты бірінші орынға қоятын жастар жетерлік.

Біз театрдың репертуарлық саясатын ұйымдастырғанда қоғамда сұранысқа ие әртүрлі жанрдағы жаңа қойылымдарды қамтуға тырысамыз. Мысалы былтыр сәуірде жас режиссер Абай Дәулетұлының «А.Л.Ж.И.Р.» психологиялық драмасы көрерменге жол тартты және қоғамда айтарлықтай резонанс туғызды. Сұранысқа ие бола алды. Біздің ұтымды тұсымыз – қойылымда қазақ, орыс және жастар театрларының актер-актрисалары қатар рөлдерді сомдауы. Спектакльдегі айтылар ой, материалдың өзі театрсүйер қауым тарапынан қолдау тапты. Көрермендердің арасында бұл қойылымға бірнеше мәрте келгендер болды. Әлеуметтік желінің пайдасын осы тұста атап өткен жөн болар. Себебі, спектакльге келген адамдар өзінің рухани демалысын достарымен, жақындарымен, әріптестерімен бөлісу мақсатында желіге қойылымнан үзінділер, фотосуреттер жүктейді, есесіне сол көрермен арқылы басқа да адамдар театр туралы біліп жатады. Сондықтан техниканың дәуірінде де театр өнері өз құндылығын жоғалтып алмады.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағандықтан, театр кішкентай көрермендерді жаңа қойылымдармен, тың жаңалықтармен қуантуды басты назарға алды. Осы орайда театр жанынан құрылған қуыршақ труппасы алғашқы маусымын ашып, жаңа қуыршақ ертегісімен жол тартты және балақайлар мен ата-аналарының тарапынан айтарлықтай қызығушылыққа ие болды. Болашақта тың бағытта құрылған театрдың репертуарындағы жаңа қойылымдарды көбейтіп, гастрольдік сапарлармен аудандарға шықсақ деген жоспар бар.

Биыл былтырғыдан да жемісті, табысты болады деген сенімдемін. Осы жылы біз 10 қойылымның премьерасын өткізуді жоспарлап отырмыз. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл жаңа қойылымдарға әжептәуір қаражат бөлінді.

Осы маусымда, атап айтқанда көктемде, «Көктемгі премьералар шеруі» атты имидждік жобасымен театрсүйер қауымды қуантпақпыз. Бұл жобаға жанры, тақырыбы жағынан өзгеше төрт жаңа қойылым енеді.

Биыл өңір жұртшылығы жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Лениндік комсомол сыйлығының, Н.Островскийдің Бүкілодақтық әдеби сыйлығының, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкейдің мерейтойын атап өтеді. Маңызды іс-шаралардың қатарында О.Бөкейдің әдеби мұрасының жарқын туындыларының бірі – «Қар қызы» повесі негізіндегі спектакльдің тұсаукесері болмақ. Жаңа қойылымды сахналау үшін жас әрі талантты режиссер Дина Жұмабай арнайы шақырылды.

Сондай-ақ премьералар шеруіне қатысатын қойылымдар қатарында – балаларға арналған әйгілі араб ертегісі «Аладдин», қоюшы-режиссері Асыл Қозықанов, Ж.Мольердің «Еріксіз емші» классикалық комедиясы, қоюшы-режиссері Абай Дәулетұлы, М.Светашевтің «Человек из телевизора» атты ересектерге арналған заманауи ертегісі, қоюшы-режиссері Сергей Астраханцев.

  • Жаңа қойылымдармен өзге өңірлерге гастрольдік сапармен шығу жоспарда бар ма?
  • Әрине, бұл театр қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан арнайы гастрольдік карта пысықталып жатыр. Былтыр облыстағы онға жуық елді мекендегі көрермендерімізді театр репертуарындағы ең таңдаулы қойылымдармен және ертегілермен қуанттық. Театр ұжымы спектакльдермен Жарма, Зайсан, Ақсуат, Ақжар, Катонқарағай, Үлкен-Нарын, Күршім, Шемонайха аудандары мен Риддер қаласында болды. Ал биыл облыстың аудандарымен қатар өзге қалаларға, мысалы Семей, Павлодар қалаларына гастрольмен шығу жоспарда бар. Сонымен қатар клуб-мәдениет үйлері спектакль көрсетуге арнайы жабдықталмаған ауылдардағы көрермендер аудан орталықтарына келуі үшін көлікпен қамтамасыз етіліп, театр қойылымдарын еркін тамашалауға жағдай жасалады. Жалпы театр ұжымдарының гастрольдік және фестивальдық сапарларына бюджеттен 17 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.
  • Театр қызметіне еніп жатқан жаңашылдықтар туралы не айтасыз?
  • Жақын арада театрда 200 адамға арналған жоғары сапалы синхронды аударма енгізу жұмыстары басталады. Бұл жаңашылдықтың алғышарты өзге тілді көрермендердің қазақ тілді қойылымдарға деген қызығушылығы мен сұранысы болды. Осы жабдықты сатып алуға біздің өтінішіміз бойынша бюджеттен шамамен 15 млн теңге бөлінді.

Сұхбаттасқан – Еркежан Айтқазықызы

 

Осы айдарда

Back to top button