Қоғам

Техникасы бұзылғандар Темірбекті іздейді

Техникасы бұзылғандар Темірбекті іздейді


Техника қарыштап дамып тұрған шақта ауылда әлі де қат дүниелер көп. Әсіресе, қиырдағы елді мекендерде бұзылып қалған техниканы жедел жөндеп бере қоятын бесаспап шеберді таубу қиын.

Тарбағатай ауданындағы жұрт мақтаған ұста Темірбек Әміров аудан орталығына жақын Құмкөл ауылында тұрады. Ауласынан күні-түні, қысы-жазы адам арылмайтын Темірбектің үйіне қас қарайған уақытта жеттім. Жарықпен жұмыс істеп жатқан ұстаны біраз күтуге тура келді.

– Бала жасымнан темір-терсекке үйір болдым. Мектепті бітірісімен бірден кеңшарға барып слесарь-токарь болып жұмысқа орналастым. Қанша ісмер болғанмен оқу керек болды да, мені кеңшар башылығы токарь мамандығын оқу үшін Украинаның атақты Одесса қаласына жіберді. Үлкен қаланың ірі өндіріс орындарында оқу-өндірістік тәжірибеден өтіп, оқуды ойдағыдай аяқтап ауылға келдім. Ол уақытта кеңшарда 500-ге жуық техника болды. Олардың барлығының қосалқы бөлшектерін жөндеу, жоғын қолдан жону менің міндетім болды. Шаруашылық ыдырағанда пысықтардың бәрі бір-бір техниканы тақымдарына басып, қай жерден жұмыстың құлағы қылтиса соған қарай құстай ұшқан уақыт болатын. Маған бұйырғаны -өзім күнделікті жұмыс істейтін Мәскеудің атақты «Красный октябрь» зауытынан шыққан алып темір жону станогы болды, -дейді Темірбек.

Сол кезде алып станоктың ешкімге керегі де жоқ еді. Ал бүгін Темірбек сол қондырғымен аудан халқының көбінің шаруасын тындырып беріп отыр. Бұл күндері аудан шаруашылықтарының жартысына жуығы Темірбектің қызметіне жүгінеді. Кейіпкеріміз бір ғана темір жонумен шұғылданбайды, ол техниканың барлық түрін жөндейді. Қажетті жағдайда оны қолдан жонып, су жаңа бөлшек жасап береді. Техниканың барлық түрінің қосалқы бөлшектерін қолдан жонатын осы өңірде жалғыз Темірбек қана. Ұста сонымен қатар жұртқа ауыл шаруашылығы техникаларының тіркемелерін, шөп тиегішті, тарақ, шалғы сияқты шаруашылыққа қажетті құралдарды да жасап беріп жүр. Сондықтан ұстаның қолы бір сәтте босап көрген емес.
Темірбектің өзі айтпақшы нарық адамды бәріне бейімдейді. Соңғы жылдары шеберге техниканың моторын, құрал-саймандарды жөндеуден басқа шетелдерден келіп жатқан жеңіл техникалардың қосалқы бөлшектерін қолдан жасауға тапсырыс бере бастаған. «Көз -қорқақ, қол -батыр» демекші оған да бейімделіп, осы жылдың басынан бері шетелдік техниканың сайлентблогын жасаған. Өткен жылы Темірбек шағын бизнесінің көкжиегін кеңейтіп, дөңгелек жөндеу орталығын ашуға арнайы қондырғы қойыпты. Сондай-ақ, жеңіл машинаны бояп, сырлайтын цех ашқан. Олардың бәрін орнатуға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы 2,5 млн. несие алыпты. Енді тұрғындар шет елдік жеңіл көліктерді бояп, сырлау үшін қалаға сабылмайды. Темкең мұнымен де тоқтаған жоқ. Жақында ауылдағы «Қаржау» кооперативіне мүше болды. Болашақта шағын бордақы алаңын ашуды жоспарлап отыр. Темірбектің бес баласының бәрі де өмірден орнын тапқан жандар, жұбайы Алмагүл ауылдағы ақ халатты абзал жан. Ұстаның көптің қажетін өтеп отырған қарапайым кәсібінің нәтижесі- күн сайын жаңарып, жаңғырған бүгінгі заманда алынбайтын асу болмайтынын ұқтырды.

Қадырбек Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button