Техникамен жылқы бағу тектілік емес
Қадірін білген жанға мына жатқан «Барқытбелдің» бөктері қасиетті жануар – жылқының нағыз өрісі ғой. Солай бола тұра, мұнда Қамбар ата түлігінің саны өзге өңірлермен салыстырғанда тым аз. 20 мыңнан сәл ғана асады. Мемлекет тарапынан қаржыландырылатын «Құлан» бағдарламасында аудан шаруашылықтарының үлес салмағы мүлде мардымсыз көрінеді. Асыл тұқымды қылқұйрық жоқтың қасы десе де болады.
Оқта-текте қалтасы қалың ағайындардың сәнге ұстайтын ағылшын мен орыстың желісті жүйріктерін ұшыратарыңыз рас. Алайда, атам қазақтан қалған «Сарыарқа» жылқысын көп кезіктіре алмайсыз. Өткен жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша Құмкөл ауылындағы ірі қожалықтың иесі С.Мұқышев 42 бас Жабы жылқысын алыпты. Ал өзге округтердің шаруашылықтары оған аса құлық танытпай отыр. Бұған адам факторы қолбайлау болып отыр-мыс. Бұрынғыдай қоста қона жатып, жылқы бағатын адам аз. Баяғының жылқышылары жоқ. Қолына 100-150 мың теңге жалақы ұстатсаңыз да қылқұйрықтың соңында жүруге ешкім ыңғай танытпайтын көрінеді.
Қайсыбір шаруашылық иелері қасиетті жануарды автокөлікпен жаюды сәнге айналдырған. Көл жағасында жылқыны мотоциклмен тырқыратып қуып жүрген талай фермерді өз көзіммен көрдім. Қазақ жылқыны қуалай жайғанды жаман ырымға жорушы еді ғой. «Жау шапқандай айдап, не көрінді?»- дейтін баяғының қарттары.
Жылқы өсіруге құлқы жоқтар ортақ таңбалау, чип салғызу, сырғалау сияқты қияметтерді алға тартады. «Жайылым мәселесі тіптен бөлек болып тұр», – дейді. – Мәселен, малың біреудің жеріне түссе, басың дауға қалады. Қазір әр шаршы метр жердің қожайыны бар. Одан қалды, «ысқырса – желдікі, айдаса – жаудікі» деген тағы бар.
Біздіңше, бұл тұрғыдағы басты бөгет – жылқының қоста бағылмайтындығы. Осы орайда Көкпекті ауданындағы Тассай ауылы жылқы фермасының озат тәжірибесіне жүгінген жөн болар. Ферманың иесі алғашқыда 20 бас қылқұйрықты өзі бағып, мал басы өскен соң, Жарма ауданының Қалбатау ауылында шығарылатын тұрмысқа қолайлы бірнеше вагон сатып алған. Тура бүгінгінің заманауи қосы дерсің. Ішінде адамға қажеттінің бәрі бар.
Аталмыш фермадағы кешегі 20 жылқы көбейе-көбейе екі мыңнан асқан. «Тассай» ауылының маңындағы күре жолдың дәл бойында жатқан жылқы шаруашылығының қара қосына арнайы соқтым. Кіші-гірім ғана вагонды екі айғырға жегіп алып жылжымалы қосты қайда болса сонда апарады екен. Іші ұядай жып-жылы. Отынға тобылғы қолданылады.
– Қарауымызда екі мыңдай аналық бар. Биыл 1500 құлын аламыз – дейді жылқышы жігіт ол.
Барқытбелде де сай-саланы сәйгүлікке толтыратын жағдай бар. Әттең, ниет жоқ. Соңғы жылдары ғана ауданда қымыз өндірісі ақырындап қолға алына бастады. Әрине, бизнес үшін. Әйтпесе, ауылдарда қысырақ сауып, қымызға қызара бөртіп отырғандардың қатары шамалы. Бұл өңірде Кеңес кезеңінде де, бертінгі заманда да қыста қымыз ашыту мүлде болмаған. Әйтеуір, Үкімет тарапынан қолдау болады, болашақта субсидия беріледі дегенді естіп, қолжетімді несие алып жатқандар қатарының өсуі көңілге медеу.
Бие байлап, халықты қымызбен қарық қылып, аудан экономикасына пайда әкелу нұр үстіне нұр емес пе? Қымыз дайындаудың байырғы технологиясы жаңғырса, бабадан қалған мұра қайта кәдеге жараса, кәсіпкерлікке негіз болса, талай жұмыс орны ашылып, ырысымыз еселене түспес пе еді? Бірақ әзірге бұл бизнестің бағы ашылмай тұр. Мәселе – өнімнің сапасында. Жаздың аптап ыстығында кенезеңіз кеуіп тұрғанда қасиетті сусынды сіміргің-ақ келеді. Бірақ іркіт ішкендей боласың. Өйткені ол іріген сүт қосылып ашытылған. Дәстүрлі рецепт сақталмайды. Атамыз қазақ ардақты сусынын қымыздың қорын үзбей, ашытқысын алдын ала қамдап, күні бойы мың қайтара шайқап, баласындай әлпештеп әзірлеген ғой. Қазір олай баптау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қолынан келсе де, жанын салып істемейді. Қымыз дайындаушыларда дені дұрыс күбі де жоқ. Қытайдың кәдімгі пластмасса құтыларына құйып ашыта салады.
Сонда оның қай жері қымыз?
Бабаларымыз бұрын оны арда айғырдың терісінен тігілген торсықта ашытқан, күзде сол ыдыстағы қаспақты қырып алып, келесі жылға ашытқы дайындаған. Нағыз күбіде дайындалған қымыз да – тамаша сусын. Оны қайыңнан, мүмкін болса тіпті, еменнен жасаған жөн. Іші балқаймақ жағылып, тобылғымен ысталады. Абай ауданының Саржал ауылында баға жетпес сусынымыз осындай ыдыстарда әзірленеді. Сондықтан да оның барлық жерде бағасы аспандап тұр. Саржалдың қымызы қазір Шығыс Қазақстанның брендіне айналған. Бұл тәжірибені неге бәрімізге үйренбеске?
Баяғыда құлдыраңдаған құлындар желінің басында ойнақ салып жүруші еді. Қазір тас қораның ішінен шығарылмайды. Енесі күні бойы ішегі бұратылып аш тұрады. Бүйтіп отырып бал татыған қымыз ішеріміз де, бұлаң қаққан жүйрік мінеріміз де екіталай.
Қазағымызға ғасырлар бойы серік, өміріне көрік, әрі сусын, әрі ас, әрі көлік болған қылқұйрықтың қадіріне қашан жетер екенбіз?
Қадырбек КӘКІМҰЛЫ
Тарбағатай ауданы.