Қоғам

Техникалық мамандықтарды меңгеріп жатыр

Техникалық мамандықтарды меңгеріп жатыр


Семейде жұмыссыздар тегін курстарға жіберіліп, жаңадан мамандық таңдап, қайта оқытылып жатыр. Қазір қандай техникалық мамандықтар қажет екендігі жалпы кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыссыздықтың алдын алуға арналған мемлекеттік бағдарлама арқылы анықталуда.

Бүгінде газэлектрмен дәнекерлеушілер мен автоэлектрші аса қажет екен. Республикалық бюджеттен осы мамандықтарды қайта жаңғыртып оқыту үшін 300 миллион теңге бөлінген. Мәселен, қала тұрғыны Анатолий Губков мамандығы бойынша құрылысшы. Ол өз мамандығына сай жұмыс таба алмай, үш ай бойы аяғынан таусылады. Сөйтіп, қала әкімдігіне қарасты бөлім арқылы қысқа мерзімді курстарда оқып шығуға болатындығын естіп, сонда барады. Сөйтіп, қатарынан бірнеше апта бойы газэлектрмен дәнекерлеуші мамандығын меңгеруде.

– Құрылыс жағы қиындау болды, – дейді ол. – Маусымдық жұмыс. Жазда құрылыс қызғанмен, біздің өңірде қыста құрылыс тоқтап қалады. Маған осы оқып жатқан мамандығым ұнайды. Бұл жерде үйретушілеріміз өте жақсы. Стипендия береді.

Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында қайта оқыту курстарынан 1500 адам өтіп жатыр. Бұл жыл соңына дейін аяқталады. Қаладағы 16 колледж бойынша 33 мамандықты оқуға мүмкіндік бар. Қаладағы жұмыспен қамту орталығындағы кәсіби оқыту бөлімінің бастығы А.Бураханованың айтуынша, бағдарлама барысында оқитындар тегін білім алады. Айына 16759 стипендия беріледі. Ал қала сыртынан келетіндер, оқу барысында қосымша пәтерақыларына төлеу үшін, жолақыларына дегендей 11345 теңге алады.

– Қазір ТҚС-да (СТО) автоэлектрші болып жұмыс істеймін, – дейді Женя Лыткин. – Жаңа мамандығым өзіме ұнайды. Ары қарай да білімімді жетілдіргім келеді.
Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілердің де тапсырыстарын іздеп отыр. Газэлектрмен дәнекерлеуші, автоэлектршіліктер бөлек, ет бөлуші кәсібін меңгергендер де керек.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button