Техникалық мамандықтар тұғырдан түспейді
Босағамыздан жаңа ғана аттаған Жылан жылында қандай мамандықтарға сұраныс жоғары болмақ? Қазақстандықтар қандай мөлшерде жалақы алмақ? Оқырмандарымызды көп толғандыратын мәселенің бірі ретінде осы сауалдарға жан-жақты жауап іздеп көргенді жөн санадық.
2013 жылы аса қажетті мамандықтардың көшін қай кездегідей де техникалық мамандықтар бастайды екен. Әсіресе, механиктерге, дәнекерлеушілерге, құрылысшыларға сұраныс жоғарылайды. Рекрутерлердің сөздеріне сенсек, бұл жылда лайықты үміткерлерден гөрі вакансиялар саны мол болмақ. Соған қарағанда, кәсіби мамандардың қадірі де арта түсетіні даусыз. Сонымен қатар, компаниялар персоналдарды таңдап алуда шарттарды да күшейте түспек. Сарапшылар бос сабылыста жүрген жұмыссыздардың аймақтарға жол тартқаны жөн екендігін айтады. Көптеген ірі компаниялардың Астанаға ауысуына байланысты еліміздің бас қаласында қадр тапшылығы қатты сезілмек.
Ал енді барша жұрттың басын қатыратын, ұйқысын қашыратын жалақы мәселесіне келер болсақ, бұл ретте алақайлап сүйінші сұрайтындай жағдайымыз бар. 2013 жылы еңбекақының көлемі 15 пайызға дейін көтеріледі деп болжануда. Дегенмен, рекрутерлер телегей табысқа тек ақшаның соңына түскендер емес, керісінше өз жұмысын жан-тәнімен сүйіп атқаратындар жететінін еске салады.
– Жан дүниеңіз нені қаласа, соны меңгеріңіз. Ең бастысы, жақсылап меңгеріңіз. Өзіңізді жан-жақты дамыта отырып, айналаңызда не болып жатқанын, қандай технологиялар өмірімізге енгенін түсіне отырып оқыңыз. Шет тілдерін меңгеруге ден қойыңыз. Ең негізгісі, өз салаңыздың, өз кәсібіңіздің үздігі атануды мұрат етіңіз, – дейді халықаралық рекрутингтік компанияның директоры Елена Грищук.
Елімізде сатылым бойынша менеджерлерге, маркетологтарға сұраныс көп болатындығын мәлімдейді Kazakhstan Today ақпараттық агенттігі нақты сараптамалардың нәтижесіне сілтеме жасай отырып. Бұл уәжге нақты мысалдар да жоқ емес. Мәселен, тағы бір рекрутингтік компания Antal Kazakhstan Қазақстанда жұмыс істейтін 150 компанияның арасында сауалнама жүргізген. Сауалнаманың нәтижесінде әлгі компаниялардың 60 пайыздан астамы сатылым және маркетинг саласындағы кәсіби мамандарға сұраныс беретіндіктерін ашық білдірген. Ал екінші орынға есепшілер, қазынашылар, салық қызметкерлері жайғасқан. Оларға әлгі компаниялардың 28 пайызы бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Үштікті инженерлерден басқа да өндірістік персоналдар толықтырып отыр. Олардың үлесінде 19 пайыз. Келесі орындарға ІТ-мамандар (17 пайыз), әкімшілік персоналдары мен менеджерлер (11 пайыз) және НR-менеджерлер мен заңгерлер (9 және 6 пайыздармен) жайғасқан.
Сонымен бірге компания өкілдері өндіріс, азық-түлік сату, фармацевтика, мұнай-газ салаларында белсенділік барынша байқалатындығын білдірген. Ең қызығы, Қазақстандағы жаңа жылдағы бос жұмыс орындарының үлесі әлемдік белсенділік көрсеткішінен асып түсіп, 69 пайызға бірақ көтерілген. Әлемдік белсенділік көрсеткіші бұдан 20 пайызға төмен қалыптасқан.
– Бұл көрсеткіш бірнеше жағдайларға байланысты қалыптасып отыр. Қазақстан мен Орталық Азия нарығына орныққысы келетін компаниялар саны артуда. Олардың басым дені осында өз кәсіпкерліктерін кеңейтуге ден қоюда. Соған орай, қажетті мамандар қатары да күн санап артып келеді, – деп түсіндіреді әлемнің 12 елінің 21 қаласында жұмыс істеп отырған Five Ten Group халықаралық компаниялар тобының құрамына кіретін Antal Kazakhstan рекрутингтік компаниясының бас директоры Наталья Куркчи.
Енді әлем бойынша Жылан жылында қажеттілігі артып тұрған мамандықтардың шоғырына шолу жасап көрелік. «Егер Сіз есепші, компьютерлік жүйе сарапшысы не болмаса event-менеджер болсаңыз, бұл жылда бағыңыздың жаңғаны» деп жазады Forbes басылымы.
Тағы бір америкалық EMSI деп аталатын компания жүзден астам ұлттық және мемлекеттік компаниялар арасында өз зерттеуін жүргізе отырып, 2013 жылы сұраныс үлкен болатын 18 мамандықтың тізімін келтірген. Бір қызығы, әлгі мамандықтардың түгелге дерлігі 2010 жылы сұраныста болғаны анықталған.
Career Builder компаниясының бас атқарушы директоры Мэтт Фергюсон бағдарламалық қамтамасыз етушілерге дәл 2010 жылғыдай қажеттілік туындайтынын алға тартады. Оның айтуынша, өндірістің компьютерлік және электрондық салаға жаппай көшуі аталған мамандық иелерінің бағасын арттыра түскен. Ондай мамандық иелерінің табысы жылына 90 мың американ долларынан аспақ. Еңбек статистикасы бюросы 2020 жылға қарай бағдарламалық қамтамасыз етушілер саны 30 пайызға дейін артатынын айтқан. Одан кейінгі табысты мамандықтардың қатарын есепшілер мен аудиторлар алады. Бүкіл қаржылық құжаттармен жұмыс істейтін бұл мамандық иелері жылына алпыс мың доллар табыс таппақ. Есепшілерге де 2020 жылға дейін сұраныс бәсеңсімейді.
Міне, жоғарыда айтып өткен сауалдарға жауап іздеу барысында осындай мәліметтерге қанық болдық. Ендеше, егер осы жылда шаш етектен пайданың астында қалғыңыз келсе, жақсы табыс тауып, жағдайыңызды жақсартып алғыңыз келсе, бұл айтылғандар қаперіңізде болғаны абзал.