Қоғам

Техникалық мамандықтар оқытылады

Техникалық мамандықтар оқытылады


Өскеменде Д.Серікбаев атындағы жоғары техникалық колледж ашылды. Жастарға жоғары техникалық білім алуға мүмкіндік беретін бұл оқу орнына тоғызыншы сыныпты бітірген және орта мектептің түлектері қабылданып, он үш мамандық бойынша оқытылады.

Олардың барлығы – облысымыздың кәсіпорындарына ауадай қажет мамандықтар. Бүгінгі таңда дизайн, металлург, механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау аспаптары және машина жасау технологиялары, құрылыс, жол машиналары және жабдықтарды техникалық пайдалану, автоматтандыру және басқару, тағы басқа мамандықтарға облыс өнеркәсібі зәру болып отыр.

Колледж мамандықтары Д.Серікбаев ШҚМТУ-дың факультеттеріне бекітілген. Студенттер университеттің бас ғимаратында оқиды. Сойтіп, «колледж – жоғары оқу орны» тәжірибе оқудың алғашқы күнінен басталады. Колледж студенттеріне ғылым докторлары мен кандидаттары, РhD докторлары мен магистрлер сабақ береді.

Колледж университеттің құрылымдық бөлімі болғандықтан оның түлектері жеделдетілген бағдарламамен университетте оқи алады және үш жылда жоғары білімді инженер болады. Ал бакалавриаттан соң магистратураға, сонан кейін докторантураға түсуіне мүмкіндік бар.

– Түлектердің бәсекеде басымдығы жоғары болады. Мамандар техникалық мамандықтар бойынша даярланады. Аймақтың мамандарға деген сұранысын ескеріп, біз уақыт талаптарына сай жұмыс істеудеміз. Сондықтан түлектердің жұмысқа орналасуына қиындық болмайды. Екіншіден, ШҚМТУ-дың материалдық-техникалық базасы қуатты, мұнда заманауи зертханалар мен шеберханалар жетерлік. «Іргетас», FESTO сияқты зертханалардың өздері неге тұрады. Студенттер «Қазцинк», «ТМК», «Машзавод» сияқты ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді, – дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың проректоры Н.Линок.

Колледжге қабылданған қаладан тыс жерден келген студенттерге жатақханадан орын беріледі. Университеттің кітапханасы – бай, спортпен, көркем өнермен айналысушыларға барлық жағдай жасалған. Айта кететін бір мәселе – оқу ақысы. Күндіз оқитын студенттер үшін жылдық ақы 195 мың, ал сырттай оқитындарға – 140 мың теңге.

Аты әйгілі университеттің колледжіне бас ғимараттағы қабылдау комиссиясына өтініштер түсе бастады.

Ж.Әбенов

Осы айдарда

Back to top button