Техникалар тәулік бойы жұмыс істеуі тиіс
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ тиісті облыстық және қалалық қызметтердің басшыларының қатысуымен Өскеменді қардан тазарту жөнінде кеңес өткізді.
Өскемен қаласының әкімдігіне қар тазалау жұмыстарының қарқынын төмендетпей, бекітілген келісімшарттарға сай арнайы техниканың тәулік бойы жұмыс істеуін ұйымдастыруды тапсырды.
– Алдын ала белгіленген арнайы техникалар екі ауысымда жұмыс істеу тиіс. Қалалық коммуналдық қызметтер жұмысты өз күштерімен ұйымдастыруы қажет. Көктайғаққа алдын ала дайындалып, қажетті реагенттерді сатып алу қажет, – деді өңір басшысы Даниал АХМЕТОВ. Одан соң Өскемендегі қарды тазалауға жұмылдырылған облыстық жол мекемеоерінің техникасының босатылуына орай қалалық коммуналдық мекеменің және оның мердігер компанияларының жұмысын тексеру тапсырылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов күніне үш рет, оның ішінде түнгі сағат үште қалалық арнайы техникалардың саны мен жұмысын бақылауға алады.
Облыс әкімі назар аударған басты мәселе – кәсіпкерлерді өздеріне қарасты аумақтарын тазалауға тарту. Шағын және орта бизнес субъектілерімен жұмысты ұйымдастырумен қатар, қалалық әкімдікке пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларымен арнайы кеңес өткізіп, олардың көпқабатты үйлердің аулаларындағы қарды жеделдетіп тазалауын ұйымдастыру қажет.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.