Техникалар қар тазалауға жүз пайыз дайын

Зырян ауданында қар тазалайтын техникалардың қысқы маусымға дайындығы тексерілді. Қазір мұнда 80-нен астам жүк көлігі мен трактор жауапты кезеңге сақадай сай тұр. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен жолдарды қыста күтіп-ұстауға биыл облыстық бюджеттен 35 миллион теңге бөлінді.
Бұл өңірдің қысы қатал, қары қалың болатыны әлмисақтан белгілі. Оның үстіне аудандағы кейбір елді мекендердің арақашықтығы 200 шақырымға дейін жетеді. Осыншама ұзақ жолдарды қалың қардан тазалап ұстау оңайға соқпайтыны айтпаса да түсінікті. Сол себепті қысқа дайындыққа жіті көңіл бөлінеді мұнда. Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің тапсырмасымен жауапты орындар бұл жұмысқа тамыз айынан бастап кірісіп кеткен.
– Қар тазалайтын техникалар ауданның 14 ұйымында, оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында да бар. Шаруа қожалықтары ауылдардың ішіндегі жолдарды тазалауға атсалысады. Тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі күні барлық техника алдағы науқанға жүз пайыз дайын, – дейді аудан әкімінің орынбасары Асхат Букатов.
Оның айтуынша, қыркүйек-қазан айларында аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Медет Сахариевпен бірге барлық ұйымдарды аралап шығып, қысқа дайындықтарына көз жеткізген.
«Зырян-Тәртіп» ЖШС биыл қыста аудан орталығының көшелерін қардан тазарту үшін 11 арнайы машина мен трактор шығарады. Коммуналдық кәсіпорынның директоры Арман Қасымовтың айтуына қарағанда, техникалар жаңа болмағанмен жұмысты атқаруға жарамды. Мекеме өзінің қаражаты есебінен қозғалтқыштарды жөндеп, дөңгелек резиналар сатып алған, қосалқы жабдықтарын әзірлеген.
Сонымен қатар аудан басшысының айрықша назарындағы мәселе – инертті материалдардың әзірлігі. Бұл ретте «Зырян-Тәртіп» өкілдері көктайғақта жолға себілетін 30 тонна құм мен бес тонна тұзды алдын ала қамдап қойыпты.
«Қазақавтожол» РММ-нің ДЭУ-32 иелігінде 11 техника бар екен. Аталмыш мекеменің қарауында Өскемен-Зырян-Рахман қайнарлары бағытындағы республикалық жолдың 84-ші шақырымынан 220-шы шақырымына дейінгі аралық кіреді. Ұжымның басшысы Әділбек Өтешовтің сөзіне жүгінсек, барлық техникалар жұмысқа дайын. 50 тонна тұз бен 800 текше метр құмды да жинап қойған.
Иә, қыстың ақ түтек бораны мен үскірік аязында, оның үстіне қар қалың түсетін Зырян өңірінде республикалық трассадағы көліктердің қозғалысын қамтамасыз ету зор күш пен қыруар қаржыны қажет ететін шаруа. Соған қарамастан мемлекет бұл мәселенің оң шешілуі үшін қолдан келген барлық жағдайды жасап отыр. Асхат Букатовтың айтуынша, қыстыгүнгі қолайсыз ауа райы салдарынан жолда қалған жолаушыларға арналған оннан астам жылыту бекеті жұмыс істеп тұрады. Бұл бекеттер елді мекендердегі мектеп пен балабақша сияқты әлеуметтік мекемелерде орналасқан.
Ауа райын болжайтын мамандардың жорамалына сенсек, биылғы қыс жұрттың есінде қатты аязымен, қалың қарымен қалуы мүмкін.
Оксана Сосновская
Материал Зырян аудандық ішкі саясат
бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді