Техника тапшылығы тынысты тарылтып тұр
Орман қауіпсіздігіне жауапты орындар техникадан таршылық көріп отыр. Бұл мәселе сала өкілдерінің жылдық жұмысын қорытындылаған жиында тағы көтерілді.
Өткен жылы облыс аумағында 130 орман өрті тіркеліп, 15 гектар орманды алқап отқа ораныпты. Одан мемлекетке 2,75 млн. теңге шығын келіпті. Өткен жыл орман өртін ауыздықтаушылар үшін соңғы сегіз жылдағы ең бір мазалы кезең болғанын айтады тиісті қызмет өкілдері. Алайда, өрттен табиғатқа келген зиян ақшамен өлшенбесе керек.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі департаментіне қарасты аумақтық инспекция басшысының орынбасары Владимир Шешуков тіркелген өрттің 94,6 пайызы жай отынан тұтанатынын айтады. Ал адам салғырттығының салдарынан пайда болған өрттің үлесі 1,5 пайызға тең.
В.Шешуков барлық орман шаруашылықтарын «Семей орманы» және «Катонқарағай ұлттық паркі» мекемелерінен үлгі алуға шақырды. Өйткені, аталған аумақта өртке қарсы қызметтердің жұмысы жүйелі түрде жолға қойылған. Бұл екі мекеме республикадан тікелей қаржыландырылатындықтан, техникалық жағынан да өзгелерге қарағанда жақсы жабдықталған. Ал Ұлан ауданының Асубұлақ мекемесі мен Күршім ауданының орманшылары өрт жайында дер кезінде хабарландырмай, салдарынан өрт кеш ауыздықталған.
Биыл әуедегі орман күзеті күшейтілмек. Ну алқаптарды тікұшақпен бақылау уақытының жүздеген сағатқа ұзартылуы астында аты, қолында радиохабарлағышы жоқ орманшылар үшін үлкен көмек болатыны сөзсіз.
Техника мен құрал тапшылығы – орманды оттан қорушы қызметтер үшін жауыр болған мәселе. Мысалы, белгіленген норматив бойынша 41 өрт сөндіргіш көлік қажет болса, қолда тек 22 машина бар. Оның тоғызының тозығы жеткен. Орман күзетшілері аяқ артар көліктен де таршылық көріп отыр. Атап айтқанда, 11 моторлы шаңғы, 861 мотоцикл, 726 ат қажет. Өрттің дер кезінде ауыздықталмауына хабардың уақытында жетпейтіні себепкер десек, байланыс құралдары да жеткіліксіз мөлшерде. Норматив бойынша 436 радиостанса қажет болса, қолданыста 186 құрылғы ғана бар. Сондай-ақ, 179 спутниктік бағдарлау құралы жетіспейді. Мекемелердің ауыр техникамен жабдықталуы да көңіл көншітпейді, үш бульдозер, төрт трактор қажет. Бір сөзбен айтқанда, облыстың орман шаруашылық мекемелерінің техникалық-материалдық базасы 47 пайыз ғана қамтылған. Оның 32 пайызы ескірген. Бүгінде орман күзетінде 1240 адам еңбектенуде. Бұл нормативтік меженің 63 пайызына тең.
-Осы қажеттіліктің бәрін бір жолда қанағаттандыру үшін 6,5 млрд. теңгеден астам қаражат керек, – дейді В.Шешуков.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов мәселенің орынды көтерілгенін айтады. Алайда, дәл қазір тапшылықтың түйінін шешудің мүмкіндігі табылмай отырса керек.
-Айтылған сын орынды. Өз тарапымыздан біз де бұл проблеманы Үкіметтік деңгейге дейін көтердік. Әзірге ондай ауқымды көлемде қаржы бөлетін мүмкіндік жоқ, – деді ол.
Наурыздың жиырмасынан бастап облыс аумағында орман өртіне қарсы қызметтердің жұмысы жанданады. Адамның кесірінен тұтанатын өрттің табиғатқа серуен мен егіс қалдықтарын өртеуден пайда болатынын ескерсек, жер құрғаған сәттен бастап қар түскенше орман күзетшілеріне маза жоқ. Өрт қауіпсіздігін сақтамаған азаматтар үшін айыппұл көлемі де қомақты. Жеке тұлғаларға 10-100 АЕК, заңды тұлғаларға 30-1500 АЕК көлемінде әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін.
Жоқтан бар жасап, жыртықты жамап-жасқап жүрген орман күзетшілері осылайша жұмыста қолбайлау болатын қолайсыздықтармен бөлісіп, шер тарқатысқандай болып тарасты.
Есжан Ботақара