Тегін берілген қаржы кімге бұйырды?
2013-2016 жылдар ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы облыс кәсіпкерлеріне республикалық бюджеттен 215 183,3 мың теңгенің мемлекеттік гранты берілген.
Мемлекеттен тегін берілген бұл қаржы 79 кәсіпкерге бұйырған екен. Азды-көпті үш миллион теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болғандардың көпшілігі – Өскемен, Риддер, Курчатов қалаларының, Глубокое, Зырян аудандарының кәсіпкерлері. Зырян ауданы бойынша айналасы екі-үш жылдың ішінде 22 кәсіпкер мемлекеттік грант алып, бизнестерін қал-қадірінше алға бастырған.
Кәсібін енді бастаған азаматтар мен жас кәсіпкерлерге, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген әйелдер мен мүгедектерге беріліп келе жатқан гранттар біреулерге құрал-жабдық сатып алуға, енді біреулерге шикізат қорын молайтуға, қайсыбіреулердің өнімін өткізуге, бизнесінің өркендеуіне мүмкіндік беріп, септігін тигізіп отыр.
Бірақ мемлекет тарапынан беріліп жатқан мұндай көмектен құр қалып жатқандар да бар. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының газетімізге берген ақпараттық мәліметтерінде көрсетілгендей, осы күнге дейін Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Күршім, Тарбағатай аудандарынан бірде-бір кәсіпкер мемлекеттік грант алмаған. Осыдан кейін, бұл аудандарда кәсіпкерлік жеткілікті деңгейде дамымаған ба, жергілікті әкімдіктер тарапынан кәсіпкерлерге грант алудың жай-жапсары түсіндіріліп, жеткізілмеген бе, қолдау көрсетілмеген бе? Бұл аудандардағы ауыл кәсіпкерлері тегін қаржыны алуға құлықсыз ба, әлде қауқарсыз ба? деген ойда қаласыз.
2016 жылы мемлекеттен біздің өңірдің кәсіпкерлеріне қайтарымсыз негізде 47 миллион теңге грант берілген. Бизнес-жобаларын жасап, ұсынған кәсіпкерлерге биыл да қомақты қаржы бөлініп отыр.
Жанаргүл Мұқатай