Қоғам

Тегін азық-түлік үлестіреді

Тегін азық-түлік үлестіреді


Өткен айда Өскемендегі сауда орталықтарына «Ізгілік сөресі» орналастырылған болатын. Ол турасында қолы ашық қаншама азаматтың ортамызда жүргеніне сенетін Жастар ресурстық орталығының директоры толығырақ түсіндіріп берді.

– Жастарымыз қоғам назарын аудартып, қиындық көріп жатқан жандарды мейірімге бөлегісі келеді. Оларға қамқорлық жасалғанын қалайды. Сондықтан осындай науқан ұйымдастырып, «Колос» және «Freshmarket» сауда орталықтарына қайырымдылық сөрелерін қойдырды. Мұнда кез келген азамат жағдайы нашар адамдарға арнап азық-түлік алып қалдыра алады. Шараны шама келгенше әр апта сайын өткізуді көздеп отырмыз. Үлкен-үлкен кәсіпорындардан да қолдау тауып келеміз. Ал сөре осында тұра береді, жомарт жандарға мархабат, – деді Өскемен қаласы әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының директоры Ринат Ахметжанов.

Науқанға алғаш қала әкімі атсалысып, көпшілікке ісімен үлгі көрсеткен екен. Бұл жолы «ҮМЗ» АҚ жұмысшы жастар бірлестігінің төрағасы Михаил Байтеряков «Колос» дүкенінен азық-түлік сатып алып, ізгілік сөресінде қалдырды.

– Азық-түлікті көптеп алуға болады, әрине, бірақ текке тұрып қалса, дәмі бұзылып, ысырап болуы мүмкін ғой. Сол үшін де, шақтап-шақтап макарон, қарақұмық, нан және сол секілді тағы басқа тағам түрлерін алдым. Пайдаға жараса екен, – дейді ол.

Бұл акция нақты «осы уақытқа дейін жалғасады» деп жоспар құрмағанын айтады. Жақсылықтың ғұмыры ұзақ болса деп тілейді олар. Қала халқы қолдап әкетсе, басқа да сауда орталықтарына неге қоймасқа?

Жасын Қалибек

Осы айдарда

Back to top button