Қоғам

Тегін заңгерлік көмекті кімдер алады?

Түрлі жағдайға байланысты барлық азаматтар ақылы заңгерлік кеңес немесе адвокат қызметін ала алмайды, сондықтан әлемдік тәжірибеде бар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың бір формасы – кешенді заң көмегі.

2018 жылы елімізде адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заң қабылданды. Ол азаматтардың білікті заң көмегін алуға конституциялық құқығын іске асыру мақсатында әзірленген. Халықтың әлеуметтік осал топтары, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар үшін ақысыз заң көмегі берілуі тиіс.

Қазіргі кезде халықтың назарына «Pro bono» жүйесі ұсынылып отыр. Бұл – адвокаттар тарапынан халыққа тегін көрсетілетін кәсіби көмек.

Латынның «Pro bono publico» сөзі «Қоғам игілігі үшін» деп аударылады. Бұл сөзді түрлі жағдайда қолдануға болады, заң іліміне қатысты бұл коммерциялық пайда күтпестен ақысыз немесе арзан заң қызметін көрсетуді білдіреді.

– «Pro bono» қызметтерін мемлекет төлемейді, оларды заңгерлер қауымдастығы ерікті түрде ұсынады, ол – адвокаттық қызметтің әлеуметтік жауапкершілігі. Сондай-ақ «Pro bono» қызметін мәжбүрлеп көрсетуге болмайтынын атап өту керек, өйткені бұл – міндет емес, құқық. Алайда бонустық заң көмегі телефон арқылы берілетін қарапайым заңгерлік кеңес емес. Бұл – істі немесе заң көмегін басынан аяғына дейін жүргізуден тұратын қызметтердің барлық жиынтығы. «Pro bono» қызметтерін ұсыну міндетті емес, бірақ көрсетілген қызметтер туралы мәлімет жарияланады, бұл адвокаттардың өздері үшін жақсы жарнама болады, – деп түсіндіреді әділет департаменті құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің басшысы Сәуле Исаева.

Кешенді әлеуметтік-құқықтық көмекті мына санаттағы азаматтар ала  алады – «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңға сәйкес өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар адамдар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілгендер, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери операциялардың ардагерлері, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер, арнайы медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар мен мүгедектер, қиын әлеуметтік және қаржылық жағдайдағы басқа адамдар.

Азаматтық сот ісін жүргізу аясында кәсіпкерлік қызметке қатысты дауларда кешенді әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетілмейді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button