Денсаулық сақтауТОП

Тегін стоматологиялық қызмет кімдерге көрсетіледі?

 Айна Ескенқызы

 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық қызмет көрсету үшін стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарт жасай бастады. Бұрын ол емханалар арқылы жасалып келген. Стоматологиялық қызметті МӘМС есебінен кімдер және қалай алуға болатынын журналистер баспасөз туры барысында білді.

Баспасөз туры аясында жергілікті БАҚ өкілдері ӘМСҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Кидирбаевпен бірге қаланың бірнеше стоматологиялық клиникасын аралады.

Баспасөз турына қатысушылар қалалық балалар стоматологиялық емханасынан бастады. Бұл  мекеме – 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмектің барлық спектрін МӘМС аясында тегін көрсететін жалғыз мемлекеттік емхана.

        – Біз науқастарға терапевтік, хирургиялық және ортодонтиялық көмек көрсетеміз, айнаға да өзіміз түсіреміз. Қабылдауды хирургтар жүргізеді. Кішкентай пациенттердің емдеуге келмейтін тісін жұлу, кисталарды алып тастау сияқты процедураларды істейді. Ортодонтиялық кабинетте дұрыс өспеген тістерді түзету үшін брикет салып береді. Бізге жүгінгендердің бәріне қызмет көрсетеміз. Әрине, кезек көп. Өйткені барлық бала бізге келеді. Әсіресе каникул кезінде. Қаржыландыру тікелей қор арқылы жүзеге асырылады, – деді Өскемен қаласы балалар стоматологиялық емханасының бас дәрігері Махамбет Имашпаев.

Жоспарлы стоматологиялық көмек балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Ал шұғыл көмекті он жеңілдік санатына кіретін азаматтар ала алады. Тегін стоматологиялық көмек алу үшін клиниканың ӘМСҚ-мен келісімшартқа отырған-отырмағанын анықтап алу керек. Пациенттің сақтандыру мәртебесі болса, қажет қызметтерді алуға құқылы. Тұрғылықты жері және қай емханаға тіркелгені маңызды емес.

Тегін стоматологиялық қызмет көрсетушілер арасында тек мемлекеттік емес, сонымен қатар жеке клиникалар да бар.

МӘМС шеңберінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға, одан кейін жүкті әйелдерге, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары: бес баладан артық баласы бар көпбалалы аналарға, жұмыссыздарға және басқаларға көрсетіледі. Ең бастысы – ауырсынуды басу. Егер емделуге бала келсе, ортодонтиялық көмектен басқа қызмет түрлерін толық көлемде тегін алады, – деп түсіндірді «ДИАНА-ДЕНТ» стоматологиялық клиникасының директоры Ләззат Кисанова.

МӘМС шеңберінде жеке клиникаға қабылдауға бару үшін емхананың тіркеу бөліміне қоңырау шалып, тіркелу қажет. Егер баланың тісі ауырса, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің біреуінің бірге еріп келуі міндетті, өйткені кез келген манипуляцияны жүргізу үшін жазбаша келісім қажет.

Тіс дәрігері көп адам егер көмек тегін болса, бұл сапасыз деп ойлайтынын, бірақ шындығында олай емес екенін айтты. МӘМС шеңберіндегі клиенттердің ағыны қазірдің өзінде аз емес, бірақ әзірге клиникалардың мүмкіндігі жетіп тұр.

Егер пациенттер қызметтерді толық алмадым деп есептесе немесе шағымдары болса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz. ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе Telegram-дағы SaqtandyryBot арналарының біреуі арқылы хабарласуына болады.

Осы айдарда

Back to top button