Қоғам

Тегін дәрі-дәрмекпен қамту артты

Айна Ескенқызы

Облыстың аймақтық коммуникациялар қызметінде  әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының  облыстық филиалының директоры Ғалымжан Әбіловтың қатысуымен  қордың бес айғы жұмысының қорытындысы шығарылды.

Бүгінгі таңда облыс халқының саны 1 363 568 адамды құрайды. Олардың 80,9% немесе 1 103 360 адам сақтандырылған. 260 208 тұрғын медициналық сақтандыру жүйесіне енбеген, яғни сақтандырылмаған.

– Облыс  халқына медициналық көмек көрсетуге биыл 137,1 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК)  80,6 млрд. теңге, МӘМС жүйесіне 56,4 млрд. теңге көзделген. Ағымдағы жылдың бес айында 109 жеткізуші қормен 135,1 млрд. теңгеге халыққа медициналық қызмет көрсетуге шартқа отырды, – деп атап өтті Ғалымжан Әбілов.

Филиал директорының сөзіне қарағанда, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған пациенттердің саны 1,5 есе артты. 2021 жылдың бес айында  231 мың пациентке осындай қызмет көрсетілсе, биыл қажетті тегін медициналық препараттармен 346 мың адам қамтылды.

Брифинг барысында спикер пациенттердің құқын қорғау бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілетініне тоқталды.  Кері байланыстың ресми арналары арқылы 2022 жылғы 1 қаңтардан 31 мамырға дейінгі бес  ай ішінде қор филиалына 17 087 өтініш келіп түскен. Олардың 628-і шағым, 75-і алғыс және  15 833-і  кеңес сұраған өтініш.

– Төрт айдың қорытындысы бойынша қор филиалының сарапшылары 24 мың ақауды анықтап, 588 млн. теңгенің айыппұлын салды. Оның ішінде 369 мың теңгенің 68 қызметі нақты көрсетілмеген, – деп нақтылады филиал директоры.

Ғалымжан Әбілов әрбір азамат өзінің денсаулығы үшін ынтымақтасты жауапкершілікте екенін, сапалы әрі тегін медициналық көмек алу үшін медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесінде болу өте маңызды екенін тағы да еске салды.

Осы айдарда

Back to top button