Теңге сарайы – Тәуелсіздігіміздің ең құнды тартуы
Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына орай, «Тәуелсіздік туындылары» атты жаңа айдар ашып отырмыз. Осы айдармен соңғы 25 жылда облыс аумағынан ашылған кәсіпорындардың тыныс-тіршілігінен хабар бермекпіз. Кенді Алтайдың өнеркәсібі Тәуелсіздік жылдарында қалай дамыды, кеңестік кезеңде шикізат дайындауға ғана негізделген өндіріс өңдеуге бет бұра алды ма? Жобаның негізгі мақсаты – осы сауалдарға жауап табу. Алғашқы мақала – Қазақстан Теңге сарайына арналып отыр.
Редакция.
Өзгесін қайдам, Тәуелсіздікпен тәрбиеленген өскемендіктер қаланың өнеркәсіптік әлеуетін айтып марқайғанда, тіліне әуелі Теңге сарайын тиек етеді. Өйткені, Теңге сарайы – төл валютамыздың ұстаханасы, мемлекеттілігімізді айшықтап тұрған адалбақанның бірі.
Кеңес одағы ыдырап, Украина гривнасын, Армения драмын, Грузия лариін, Әзірбайжан манатын маңдайына басқан шақта Қазақстан ұлттық валютасына «теңге» деп ат қойды. Бұл ұғым түркі өркениетіндегі ұсақ күміс тиындардың «деңге» немесе «таңға» деген атауымен төркіндес. Орыс тіліндегі «деньги» сөзі де осы түркі тиынынан алынған. Алғашқы қағаз теңгелер Англияның атақты «Хариссон және оның ұлдары» атты фабрикасында басылып шықса, тиындар Германияда соғылды. Кейін келе еліміз Украина, Ресей, Өзбекстанның ізін ала өзінің банкноттық фабрикасын құрды.
Өскеменде Теңге сарайын құру туралы шешім төл валюта жарияланбас бұрын шыққан еді. 1992 жылдың қаңтарында Үлбі металлургиялық зауытының базасында құрылған кәсіпорында алғашқы қазақстандық тиындар басылып, үлгісі Үкіметке жолданып жатты. Осы жылдың қарашасында барып Ұлттық банк тарапынан айналымға түсетін тиын ақшалардың алғашқы партиясына тапсырыс түсті. Араға екі жыл салып кәсіпорынға Президент Әкімшілігінен мемлекеттік сыйлықтарға қажетті медальдар шығару жөнінде тапсырма берілді. 1995 жылы цех ҮМЗ-ден дербес, заңды кәсіпорын ретінде тіркеліп, түсті металл бұйымдарының зауыты болып құрылды. 1997 жылы кәсіпорын күш құрылымдарының төсбелгілерін, мемлекеттік стандарт таңбаларын да баса бастады. 1998 жылы зауыт қайта құрылымдалып, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің теңге сарайы» деп аталды. Содан кейін ғана оған республикалық маңыздағы, шаруашылық жүргізу құқығына ие кәсіпорын дәрежесі берілді. Осы жылы кәсіпорын қабырғасында зергерлік өндіріс іске қосылды. Теңге сарайы кіру шектеулі, режимдік кәсіпорын болып саналады.
Бүгінде кәсіпорынның алдында негізгі екі міндет тұр. Оның бірі – Ұлттық банкті валюта тиындарымен қамтамасыз ету де, екіншісі – мемлекеттік сыйлық ордендері мен медальдарын дайындау. Аталған міндеттің үдесінен шығуға қажет технологиялық цикл өзінің қуаты бойынша еш елдің банкнот фабрикасынан кем түспейді. Қымбат металдарды балқытып, құю, жұқалап, икемдеу, шеку, шекілген тиынның бетіне бедерлер салу сынды нәзік жұмыстардың барлығы компьютерлендірілген.
Сарайдағы негізгі жұмыс екі өндірістік аумақта жүзеге асады. Түсті металдардан бұйым жасайтын учаскеде түрлі ведомстволық марапаттар, таңбалар, естелік және мерейтойлық медальдар, кәдесыйлар және айналымдағы тиын ақшалар шығарылады. Ал қымбат металдардан бұйым жасайтын учаскеде кемеңгер тұлғаларға, ел тарихы мен мәдениетіне қатысты айтулы оқиғаларға арнап алтын мен күмістен соғылатын естелік монеталар жасалады. Бұл монеталарды өндірудегі негізгі мақсат – Қазақстанның тарихы мен мәдениетін халыққа насихаттау, сол арқылы ұлттық бірлік пен патриотизмге баулу. Осы учаскеде сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапат ордендері мен медальдары дайындалады.
Теңге сарайы аталған негізгі өнімдерден бөлек күміс ыдыстарды, зергерлік бұйымдарды, қымбат металдардың шағын құймаларын, мемлекеттік стандарт пен сынама таңбаларын соғады, баспа қалыптарын компьютерде жобалап, дайындайды, нақыш жону құрылғыларымен мөртабандар, матрицалар шығарады.
Кәсіпорын жылына 1,5 млрд. монета шығаруға қауқарлы. Тиындар түсті металдан ғана емес, болаттан да соғылып, түсті металмен жалатылады. Мұнда сондай-ақ, аса жоғары технологияға негізделген «proof» сапалы тиындар да дайындалады. Англиялық технологияның басты ерекшелігі тиынның беті айнадай майда бола тұра, бедері жұмсақ етіп жасалуында. Ондай ерекше тиындардың салмағы 0,5 грамнан екі келіге дейін, диаметрі 11 мм-ден 100 мм-ге дейін жетеді. Бетіндегі бедеріне алтын жалатылады, бағалы тастар жапсырылып, эмальдармен өрнектеледі.
Кәсіпорында техникалық базаның заман ағымына сай жаңаланып отыруына қатты көңіл бөлінген. Жаңа технологиялар енгізу, жаңа материалдарды өндіріске жарату сарай шеберлері үшін қалыпты жұмысқа айналған. 2013 жылы кәсіпорында «Космос» топтамасының шеңберінде «Халықаралық ғарыш айлағы» монетасы жасалды. Монета танталды электр-химиялық өңдеу тәсілі арқылы соғылды. Мұндай технология зауыт тарихында бірінші рет қолданылған болатын. Нәтижесінде танталдың қорытпалы қоспасының айрықша түсі алынды.
Көштен қалып қоймау үшін сарай мамандары нумизматика нарығында белең алған тенденцияларды мұқият бақылап отыр. Әлемдегі жетекші қондырғы өндірушілермен жақсы байланыс орнатылған. Осының арқасында кәсіпорын тапсырыс берушілердің көңілінен шығып, қарқынды дамып келе жатқан өндіріс ошағы ретінде мойындалған.
Қазақстанның Тәуелсіздік мерейтойларының Теңге сарайының назарынан тыс қалған кезі жоқ.
-1996 жылы Ұлттық Банктің тапсырысымен Тәуелсіздіктің бес жылдығына орай айналымға мыс, никель, мырыш қоспаларынан соғылған 20 теңгелік естелік монеталары шығарылды. Ал 2001 және 2011 жылдары Тәуелсіздіктің 10 және 20 жылдығына арналып айналымға дәл осындай сападағы монеталар мен бағалы металдардан жасалған монеталар енгізілді. Биыл сол дәстүр жалғасын тауып 25 жылдық белгісі бар монеталар айналымға шығарылмақ, – дейді кәсіпорын директоры Фарид Туғанбаев.
Елдіктің басты белгісінің бірі – төл валюта десек, сол төл валютамыздың негізгі нышандары Қазақстан Теңге сарайында дайындалады. Күнделікті қалтамызда сыңғырлап жүретін тиын ақшалардың өзіміздің Өскеменде соғылатынын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл кәсіпорын Тәуеліздігіміздің қазақ халқына сыйлаған ең алғашқы, ең құнды тартуларының бірі болатын. Демек, Теңге сарайы Тәуелсіздіктің тұңғыш туындысы деуге толық негіз бар.
Есімжан Нақтыбайұлы