Қоғам

Тегін білім, жайлы жағдай

Мамандық таңдау – өміріңнің бір кірпішін дұрыс қалау. Өскемендегі «Алтай» технопаркінде жастарға мамандық таңдауда көмек көрсету және баршаға ортақ тегін кәсіптік білім беру мақсатында дәстүрлі «My PRO» мамандықтар фестивалі басталды.

Осымен алтыншы рет өткізіліп отырған шараға Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Ұлан, Алтай, Глубокое, Шемонайха аудандарының 7-11 сынып аралығындағы бес мыңнан астам оқушысы қатысуда. Бұған қоса облыс орталығындағы Балалар ауылы мен «Үміт» балалар үйінің жоғары сынып оқушылары да бар.

Кәсіптік білім беру орталығының директоры Әлима Ақылбекқызы айтып өткендей, әлемде 50 мыңнан астам мамандық бар. Бірақ олардың кейбірі цифрлық технологияның дамуына, автоматтандыруға байланысты ескіріп, қатардан шығып отырады. Сондықтан, кейін өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейіміне қарай кәсіп таңдау –  жауапкершілікті әрі маңызды іс. Мамандық таңдағанда ол кәсіптің алдағы 10-20 жылда сұранысқа ие болатынына баса көңіл бөлу керек.

Мектеп оқушылары өңірдің 17 колледжі мен аймақтағы бес жоғары оқу орны дайындаған арнайы алаңдарда мамандық түрлерімен танысып, мол ақпарат, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Квест ойыны арқылы өздерін «Білім», «Ветеринария», «Дәнекерлеу ісі», «Шаштараз өнері және сәндік косметика», «Медбикелік іс», «Электроэнергетика», «Аспаз», «Агрономия», «Өнер», «Туризм», «Құрылыс шебері» мамандықтары бойынша сынап көрді.

 

Бүгінде облыстың барлық жоғары оқу орны мен колледждері білікті мамандармен және заманауи материалдық-техникалық базамен қамтылған. Солардың бірі – Семей мемлекеттік медициналық университеті филиалының оқытушылары шеберлік сабағында жүрек реанимациясын қалай жасау керектігін көрсетті. Науқас адам инсульт, инфаркт аурулары кезінде есінен танып қалса, алғашқы көмекті қалай көрсету керектігін түсіндіріп берді. Симуляциялық дағдылар кафедрасының мұғалімі Айнұр Қабдоллақызының айтуынша, бір жыл бұрын ашылған Өскемен мен Павлодар қалаларындағы филиалдары жатақханамен қамтылған. Грантқа түсуге де, ақылы түрде де оқып, жалпы медицина, медбике, фармацевт, стоматолог мамандықтарын алуға да болады. Стратегиялық серіктесі Түркиядағы Башкент қаласында орналасқан. Студенттер сол университетке барып, оқуын жалғастыра алады. Сол сияқты Алматыдағы университетпен де тығыз байланыс орнатып, студенттері бір тоқсан бойы ауысып оқуына мүмкіндік жасалған.

Техник-механик, дәнекерлеуші, машина жөндеу шебері мен аспаз мамандарын даярлайтын Глубокое аграрлық колледжінде оқу тегін. Студенттерге шәкіртақы, бір реттік ыстық тамақ, жол жүру өтемақысы, жатақхана беріледі. Осындай жеңілдіктер өңіріміздегі барлық жоғары оқу орны мен колледжінде қарастырылған.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button