«Teen`s Battle» тележобасының қатысушылары анықталды
«Қазақстан-Өскемен» телеарнасында «Teen`s Battle» қалалық байқауы көрсетілетін болады. Оған 13-15 жас аралығындағы балалар қатысады.
Мың екі жүзден астам үміткердің ішінен іріктеліп алынған 40 оқушы аталмыш жобаға қатысуға жолдама алды. «Казцинк» ЖШС демеушілігімен ұйымдастырылып отырған байқаудың жеңімпазына 300 мың теңге көлеміндегі сыйақы берілмек. Аталмыш телеарнаның директоры Арман Ахметовтің айтуынша, бұл бірегей жоба балалардың шығармашылық қабілетін арттырады.
– Байқауға қатысуға өтініш білдірген балалардың ішінен 40 оқушыны іріктеп алу оңайға соқпады. Өйткені, балалардың бәрі өнерлі. Біздің осындай бастамамызға қолдау білдірген Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев пен «Казцинк» ЖШС-нің басшылығына алғыс білдіремін, – дейді Арман Ахметов.
Байқауға жолдама алған балалар «Lider battle», «Language battle», «Sport battle», «Dance battle» сынды төрт кезең бойынша бақ сынайтын болады.
Жобаның бас демеушісі – «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік сұрақтар бойынша вице-президенті Андрей Лазаревтің айтуынша, басты мақсат – балалардың өнерін жан-жақты дамыту үшін оларға қаржылай қолдау көрсету.
– Біздің компания басшылығы қолдан келгенше шығысқазақстандықтардан көмегін аямайды. Жыл сайын ауыр дертке шалдыққан адамдарға, сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қаржылай қолдау білдіреміз, – дейді Андрей Лазарев.
Байқаудың соңғы кезеңінде 10 оқушы іріктелініп алынады. Ал жеңімпаздың есімі арнайы ұйымдастырылатын гала-концертте анықталып, марапаттау рәсімі «Казцинк» ЖШС-нің 20 жылдық мерейтойына орай өтетін болады. Аталмыш жобаға қатысуға мүмкіндік алған өскемендік оқушылардың бірі – Әмина Марданманова.
– Бос уақытымда би билегенді ұнатамын. Сондай-ақ, шет тілдерін меңгеруге деген қызығушылығым жоғары. Өйткені, үштілділікті меңгеру – бүгінгі заман талабы. Сондықтан байқаудағы «Dance battle» мен «Language battle» кезеңдерінен сүрінбей өтемін деген сенімім мол. Ал қалған кезеңге дайындығымды күшейтетін боламын, – дейді №45 бейімделген орта мектебінің 7-сынып оқушысы Әмина Марданманова.
Ажар Сағатбекова