Қоғам

TEDx бағытындағы жүздесу сәтті өтті

TEDx бағытындағы жүздесу сәтті өтті


Сонымен, Семейде облыс жастарының форумы өз жалғасын тапты. Жұмысшы жастар мен саясаткер студенттерден кейін шығармашылық бағытты ұстанған ақындар TEDx жүйесінде спикерлермен жүздесуге келді. Бұл кездесу қаладағы «Дастан» кинотеатрының көрермен залында жүріп, іші әп-сәтте мыңдаған студентке лық толды.

Жиынды Қазақ радиосының редакторы Алмас Тоқабаев ашты. Ол Аягөз ауданында туып-өскен екен. Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте экономист мамандығын алған. Студент бола жүріп, жергілікті телеарнада жұмыс істеп, редактор болған. Өзінің телебағдарламаларын жасаған. Сөйтіп, ол қаладағы тағы бір телеарнаға ауысып, тәжірибесін молайтады. Содан кейін өзінің түйіндемесін Алматы, Астана қалаларына жібереді. Аяқ астынан КТК телеарнасына жұмысқа шақырады. Бұдан соң, КТК телеарнасының Астана бөліміне ауысады. Университетте алған экономика мамандығының пайдасы тиеді. Ол экономика тақырыбына сараптамалық мақалалар жазуды қолға алыпты.

Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, ақын Қалқаман Саринмен кездесу де керемет өтті. Студенттер жан-жақтан сұрақтарын жаудырды. Әсіресе одан шығармашылығы жайында сұрады.

-Менің осыдан он жыл бұрын жазған өлеңімді, сол кездегі көңіл күйім деп ұғыңыздар. Өлең деген әдемі мұң, оны қайғыру деп түсініп қалмаңыздар. Өлең – шабыт, өлеңді саясатқа айналдырудың қажеті жоқ. Мен Абай ауданы, Арқат елдімекенінде туып-өстім. Отбасымызда көп бала болды. Ең кенжесі мен едім. Көпбалалы отбасы болсақ та, осындай жетістікке мен өз еңбегіммен жетіп, көтерілдім.

Студенттер Қалқаман Сариннен ең жақсы көретін бес кітапты атауды сұрады.

– Кітаптар әртүрлі болады, – деп жауап берді Қалақаман Сарин, кімге қандай кітап керек, оны әркім өз қалауынша оқығаны жөн. Қазіргі уақытта жастар қазақ жазушыларының шығармаларын шет тілдеріне аударумен айналысқаны жөн. Міне, сонда ғана біздің елдің мәдениетін, әдебиетін өзге ел оқи алушы еді. Абайдың өлеңіндегідей, «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дей келе, сіздерге «Астана» өлеңімнің төрт жолын оқып берейін:

-Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан!

Халықаралық қаржы орталығы басқармасының директоры, саясаттанушы Саясат Нұрбек те өз ойларымен бөлісті. Өзінің жас екендігіне қарамастан, ол жоғары жетістікке жеткен. Саясат орыс, қазақ, итальян, түрік, ағылшын, жапон тілдерін еркін біледі. Семейдегі шығармашылыққа жақын студенттермен кездесу барысында ол біліктілікке, қызметке қалай қол жеткізу керек, соған кеңірек тоқталды.

–Жоғары білім алғаш рет жұмысқа орналасуға көмек береді, – деді ол, – бірақ арықарай өзің еңбек етесің. Сондықтан да төменнен жоғарыға қарай сатылап көтерілген жөн.

TEDx жүйесінде өткен жиында облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова жастармен ой бөліскен Қалқаман Сарин, Алмас Тоқабаев, Саясат Нұрбектерге алғысын білдірді.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button