ТЕҢДЕСІ ЖОҚ «АБАЙ АРЕНА» КЕШЕНІНДЕ
Семей қаласынан Павлодарға қарай бағыт алатын күре жолдың оң жағында Қарағайлы деп аталатын алып құрылыс алаңы бой көтерді. Ол Елбасының «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатыр.
Қазірдің өзінде бұл жерде 9 қабатты бірнеше үй, бір мектеп, балабақша бар. Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы да басталды. Таяу арада Қарағайлыда аурухана, ондаған тұрғын үй, мәдени-әлеуметтік ғимараттар сән түземек. Ал олардың ішінде елімізде теңдесі жоқ көпсалалы мәдени-спорттық «Абай Аренаның» шоқтығы биік, қала тұрғындарының жиі бас қосатын алаңы болмақ.
Құрылысты бас мердігер «Фирма Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары салып жатыр. «Фирма Азия» серіктестігінің бас директоры Сәуле Досхожанованың айтуынша, теңдесі жоқ ғимаратқа 19 миллиардтан астам қаржы бөлінген. Қазір мұнда екі жүз адам еңбек етіп жатыр. «Абай Арена» кешенінің құрылысымен танысу үшін Қарағайлы елді мекеніне келдік. Мұнда қызу жұмыс басталып кеткен. Бізді қарсы алған жобаны үйлестіруші Жұмабек Ибраев пен бас инженер Нұрқасым Берімсеков атқарып жатқан жұмыстарымен таныстыра кетті.
-Ақпан айында құрылыс алаңының қазығын қақтық, наурызда тағанын құя бастадық. Айта кету керек, фирманың өз темір-бетон конструкция, механика зауыты, бетоннан блоктар, үй қабырғаларын құрастыратын цехтары бар. Демек, фирма құрылысқа негізінен алғанда өз материалдарын қолданады. Сонымен 3-ші блокта монтаждау жұмыстарын аяқтаған соң ішкі өңдеу жұмыстарына кірісеміз. «Абай Арена» кешенінің құрылысы жоспар бойынша келесі жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс,-деді Жұмабек Жаңбырбайұлы.
Құрылысқа жауапты басшылардың айтуынша, кешен үш блоктан тұрады. Бірінші блокта сыймдылығы 5018 адамға арналған трибуналары бар әмбебап арена, екінші блокта 585 орындық әмбебап бассейн, ал үшіншісінде спорттық-сауықтыру кешені болмақ. Биіктігі 25 метр болатын бас корпуста әрқайсысы 96 орындық екі дәмхана, 17 адамға арналған қонақүй, жуынып-шайынатын, киім ілетін орын болады. Екінші және үшінші қабаттарда бірнеше фитнес зал, екі дәмхана, мәртебелі қонақтар отыратын 44 орындық ложалар орын алмақ. Қысқасы, дүбірлі жарыстарға келген саңлақтарға, шетелден келген туристерге эуростандарттық жағдай жасалмақ.
Құрылыс басшыларымен бірге металл конструкцияларынан құрастырылып жатқан ғимаратты аралап жүрміз. Бір ғажабы, мұндағы материалдардың барлығы – отандық өнім, темір конструкциялар Қарағандыдан келсе, бірқатар материалдар жергілікті жердікі екен.
-Бұл жерде трибунасы бар 585 орындық әмбебап бассейн болады,-дейді құрылыстың бас инженері Нұрқасым Берімсеков.-Синхронды жүзуге арналған ұзындығы 12х12 метрлік бассейн, жүзе алмайтын адамдарға арналған ванна, 50х25 метрлік Олимпиадалық бассейн, суға секіретін алаң, басқа да спорт түрлеріне арналған жабдықтар орнатылады. Ал үшінші спорттық-сауықтыру блогында тренажер залы, спортпен шұғылданатындарға арналған кабинеттер, бірнеше кинозал, балалар дәмханасы, компьютер клубы, балалардың көңілін көтеретін ойын-сауық алаңдары болады. Қысқасы, «Абай Арена» қала тұрғындарының ең көп жиналатын орны болмақ.
-Қарағайлы мықшам ауданы қала тұрғындарының сүйікті орнына айналмақ. Қазірдің өзінде бұл жерде «Фирма Азия» және «Сәт транс» серіктестіктері салған көпқабатты бірнеше тұрғын үй бой көтерді. Облыстық мәслихаттың депутаты Әсемхан Досхожановтың араласуымен Қарағайлыға №4-ші автобус маршруты ашылып, осында жұмыс атқарып жатқандарға қолайлы жағдай туды. Бас мердігер «Фирма Азия» ұжымы өңірдің сәнін келтірген ондаған ғимарат салды. Аманшылық болса, күзде 320 орындық балабақша, бірнеше көпқабатты тұрғын үй қала тұрғындарының қатысуымен салтанатты жағдайда ашылмақ. Ал мына айнадай жарқыраған асфальт жол жаңа ауданның сәнін келтірмек. Ал «Абай Арена» мәдени-спорттық кешені – теңдесі жоқ ғимарат. Бұл ғаламат кешенде әлемдік, халықаралық спорттық жарыстарды өткізу мүмкіндігі туады. Жақында ғана құрылыс барысымен танысқан облыс әкімі Даниал Ахметов оның қазіргі жағдайына оң баға беріп, «Абай Аренаның» төбесінінің түсін еліміздің көк байрағының түсімен бірдей етсек деген ой тастады,-дейді Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов.
Оңдасын Елубай
Семей.