Руханият

Театрдың Шолпаны

Театр дегенде сахнада жан алысып-жан берісіп, көрерменіне шынайы ойын көрсету үшін образдың мінезін ашуға жанталасқан әртіс, сол қойылымды қоюшы режиссер бірден еске түседі де,  сахна сыртында сол спектакльдің сәтті шығуына қызмет ететін қарапайым қызметшілердің еңбегі елене бермейді.

Сахнаға лайық  пьесаларды түндер бойы көз майын тауысып шұқшия оқып, режиссермен бірлесіп оның сахналануына үлес қосатын бірден-бір маман бар. Ол – театрдың әдеби бөлімінің меңгерушісі. Бүгінгі әңгімеміз облыстық драма театрының қазақ труппасының әдеби бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаева туралы. Қағілез келген Шолпан апай труппаның репертуарын қалыптастыруға өте жауапкершілікпен қарайды. Қойылатын пьесаларды таңдауда тақырыптық, мазмұндық-идеялық, патриоттық, адамгершілік қағидаттарға аса мән береді. Болашақта қойылар пьесаны режиссерге ұсынбас бұрын оны өзі бірнеше рет оқып, ой елегінен өткізіп, талдау жасауды  әдетіне айналдырған. Халықтың көңіл-күйімен бағаланатын сахна өнерінің шашбауын көтеріп жүргеніне көп уақыт болмаса да өз ісіне тыңғылықты. Театрға келіп-кетіп жататын хат-хабарды қарау, ақпарат әзірлеу көбіне Шолпан апайға жүктеліп жатады. Театр директоры Дінмұхамед Ұябай мен труппаның көркемдік жетекшісі Сақан Әкелеев ол кісінің әр іске жауапкершілікпен қарайтынына, нақты, объективті шаралар қолданатынына сенеді. Жолдасы қайтыс болғанда балаларды аяғынан тұрғызу міндеті өзіне жүктелгенін жақсы сезінген жұдырықтай әйел мойыған жоқ. Жалақсы мардымсыз,  жауапкершілігі мол жұмыста жүріп-ақ балаларын өсіріп, жеткізді.

Оның өнерге ғашық жүрегі әнді ерекше сүйеді. Қолы қалт еткенде өзінің ешкімге ұқсамайтын сазды үнімен сызылтып ән шырқағанда тыңдаған жан тамсанбай қоймайды. Өскеменде өтіп жататын ән кештеріне шақыра қалса қуана қатысады. Шолпан апайдың үнінде әдемі бір әуез бар. Жүрегіңді бірден баурап алатыны соншалық, тыңдай бергің келеді! Рас, сонау бір жастық шақта үлкен өнердің ортасы Алматыны жағалап кетсе Шолпан Лақаева атты мықты әнші еліміздің сахнасының гүлі болар ма еді, кім білсін!  Десе де  өзі құлай сүйген әнді үлкен сахнада шырқамаса да,  облыс көлемінде жиі өтіп жататын ән кештерінде, мерекелерде шырқап, көрермен көңілінен шығатын сәттері де жоқ емес, ең бастысы Шолпан апай  өнер саласында жүр. Ал өнердің үлкен-кішісі болмайды!

Алда 2020 жыл келеді. Облыстық театрдың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қарапайым ғана қызметкер Шолпан апайдың  шаруасы өте көп. Алдағы жылға жасар жоспары, көрермен назарына ұсынуға әзірлеп жүрген, оқып, ой елегінен өткізетін жаңа авторлар мен олардың сан алуан тақырыптағы пьесаларының оқылымы, алдағы мерекелерге құттықтау мәтінін дайындау, басқармаға театр саласына қатысты ақпарат әзірлеу сияқты көзге көрінбейтін шаруалары бір басына жетіп артылады.

Ол Алла тағала сыйға тартқан ғаламат әншілік өнерін драматургияға айырбастап, сабырлы, сырбаз қалпында сахна сыртында өзіне тиесілі жұмысты үнсіз ғана жан-тәнімен беріліп орындап келеді.

Өткенде Өскеменнің бас театрында бір әдемі кеш өтті. Сахнаға әдемі, көктемнің өзіндей жап-жасыл көйлекті талдырмаш, нәп-нәзік әйел шығып әрбір көрерменнің жүрегін дір еткізген, көңілге мұңлы ой енгізген «…Күндер, күндер қайтарыңдар, өткеніме айтарым бар…ұмытайын өкпе-мұңды…» деп келетін ғажап бір әнді шырқады. Зал сілтідей тынып тыңдады. Ән де, әннің сөзі де, оны орындаушы да тыңдарманның жадында ұзақ уақыт сақталатыны анық еді. Өйткені сол күні залға лық толған қалың көрерменнің бірі ретінде мен де сол әншінің қоңырлата салған әнін еркімнен тыс, тіл ұшына орала берген соң ыңылдап қайталай бердім, қайталай бердім…

Ол әнші театрдың Шолпаны еді.

Гүлжан Қазымова

Өскемен қаласы

Осы айдарда

Back to top button