Руханият

Театр оның өмірі еді

Міне, талантты жас режиссер Рүстем Есдәулетовтің  өмірден өткеніне де 10 жылдың жүзі болыпты. Мұндайда қазақ «қайран уақыт-ай» деп марқұмды күрсіне есіне алады…

Ұлтымызда «нәресте шыр етіп жарық дүние есігін ашқанда, ғұмыры маңдайына жазылады» деген де түсінік бар. Өзі армандаған оқуын тәмамдаған соң, Алматы шаһарында өзіндей таланттармен бірге сүйікті ісімен айналысып жүре бергенде қалай болар еді? Беймезгіл келген ажал айналып өтер ме еді? Жоқ, ол өзі туып-өскен мекеніне оралып, Өскеменде театр өнерін өркендетуге барын салды. Сөйтіп, жеті жылдың ішінде 25 қойылым сахналап үлгерді. Бұл жаңадан ашылған театр үшін өте үлкен тәжірибе еді.

Рүстем бар болмысымен өнер әлеміне терең бойлауға тырысты. Ешқайда қойылмаған, тың шығарма іздеп, өмірінің соңына қарай Абайға үңілді. Сөйтіп, Абай өлеңдерін сахнаға негіздеп, тәжірибелік «Атымды адам қойған соң…» қойылымын сахналады. Қойылым – мәңгілік өмірдің мәні, адамның тазалығы туралы ой қозғайды. Сана сезімі мен жан дүниесі таза адамдардың ғана өзі аңсаған жұмағына жете алатынын дәріптейді.

К.Станиславскийдің  «Өнер құрбандықты талап етеді» деген сөзі Рүстем үшін жазылғандай. Өзінің көзі тірісінде «Атымды адам қойған соң…» қойылымына дайындық үстінде актерлерге «Әй, осы  қойылым талай жерге баратын шығар» деп неше мәрте айтқан екен. Иә, айтқаны айдай келді.

Дәл осы қойылым 2009 жылы Қарағанды қаласында өткен Біржан сал Қожағұлұлының 175 жылдығына арналған ХVІІІ республикалық театрлар фестивалінде ІІІ орынға ие болса, 2011 жылы Татарстанның Қазан қаласында өткен түркітілдес халықтардың «Науруз» фестивалінің лауреаты  атанды. 2012 жылы Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты V түркітілдес театрлардың халықаралық  фестивалінде «Атымды адам қойған соң…» эксперименттік қойылымы «Ең үздік қойылым» атанса, сол жылы Башқұртстан республикасының Уфа қаласында өткен V түркітілдес театрлардың халықаралық  фестивалінде «Ұлттық классиканың бірегей және көркем шешімі» аталымының лауреаты атанады.

Осылайша, «Атымды адам қойған  соң…»  театрдың атын әлемге паш етіп, өнегесі мен өресі биік қойылым екенін дәлелдеді. Мұндай эксперименттік қойылым отандық театр сахналарын айтпағанда, ешбір елдің сахнасында қойылмаған.  Аузы дуалы сыншылар ешқандай аудармасыз халықтың санасына жетіп жатқанына таңғалыстарын білдіріп, бас шайқасты. Бұл бүкіл әлем мойындаған Абайды тағы да бір мойындатқанымыз емес пе?

«Қасиетті өнер қасіреттен туады» деген де сөз бар ғой. Рүстемнің сахналық декорацияға дейін аса көңіл бөліп, «қыл көпірді» қиюластырып, о дүниеге барып келгендей, қолмен қойғандай етіп жасағанына қарағанда, шынымен де, түсінде бір тылсым күш аян берді ме екен  деген де ой келеді.

Рүстем арманшыл еді. Ол Өскеменді қазақыландырып, жақсы бір қазақ театрын салдыртуды армандайтын. Осы арманы орындалғандай, облыс орталығында әсем ғимараттың бой көтергені де рас. Өзі қызмет еткен театрға Рүстемнің есімін беру жөнінде айтылып та, жазылып та келеді. Көптің көкейіндегі осы сұрақ оң нәтиже берсе құба-құп болар еді.

«Адам – дүниеге қонақ». Оның да асылы мен ардақтысы болады. Ондай қонақтарды өлімге қимайсың. Асыл адам мынау жалғанға келіп қана кетпейді, артына рухани мұра қалдырады. Сондай асылдардың бірі Рүстем еді…

Өмірден озатын жылы таңға дейінгі кезекті қойылымның дайындығынан соң сахнадағы қатар қойылған орындықтардың үстіне жантая кетіп: «Мен театр үшін аянбадым, театрды сүйдім, тіпті отбасымнан да артық көрдім», – деп еді.

Шолпан Лақаева, 

облыстық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Осы айдарда

Back to top button