Қоғам

ТАЗҚАРА ҚҰСТЫҢ МЕКЕНІ

Оңтүстік Корея ғалымдары Тазқара құсын әлемдегі ас қорыту жүйесі ең күшті тіршілік иесі деп танып отыр. Тазқараның асқазаны тіпті  ішке  түскен темірді де қорытып жібереді екен. «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы Тарбағатай тауының биік шыңдарында тазқара құсы мекен етеді.

Тазқара – сұңқар тәрізділер отрядына жататын жыртқыш құс. Бұлар өте үлкен  олардың жалпы денесінің ұзындығы 1 м жетеді, қанатының өлшемі 85 см, салмағы 7-12 кг. Тазқара деген атауына қарамастан, мойынның қауырсындары қара емес, сұр-қоңыр түсті. Тек бір жасқа дейінгі жас құстарда қара реңк болады. Олардың басы аздап түкті  келеді. Сирек қауырсынды жерлерінен көкшіл реңкті терісі байқалады. Тұмсығы сүйір, еңкейген. Құс мойынының бүйірлері мен артқы жағы қауырсынсыз келеді, мұнда терісі бозғылт қызғылт реңкке ие. Жаңа туған балапандары әуелде сарғыш болып келеді, содан кейін ол сұр мамық жүндерге өзгереді. Бір жарым айдан кейін бірінші қауырсын пайда болады.

Өткен  жылдың шілде айының бірінші онкүндігінде Тарбағатай тауының биік шыңының етегінде орналасқан Жасылкөл көліне іссапар ұйымдастырылды. Жасылкөл көлі биік жоталы таулы жартасты жерлермен қоршалған шұңқырға толған қар суынан пайда болған.

Тазқара құсының негізгі мекені – осы көл бойындағы биік таудың басы. Аса ірі денесіне қарап алыстан байқасаңыз жерде қонақтап отырған құстарды жайылып жүрген мал деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Аспанда ұшып бара жатқанда қанаттарымен денесі тіктөртбұрышты, қауырсындарының іш жағынан сарғыш-ақшыл сызықтарды бақылай аласыз. Құзғын құстар болғандықтан тау жотасында  жануарлардың өлексесімен қоректенеді. Жемтігін іздеу барысында желдің жылы ағыстарын шебер пайдалану арқылы құстар күніне 300-400 км қашықтықты ұшып өте алады.  Құстардың көру қабілеті соншалық, олар 1 км-ден астам биіктіктен жерде жатқан жануардың дем алып жатқанын немесе дем алмағанын дәл анықтайды. Олар күндізгі уақытта белсенді, бұл тамақтану режиміне байланысты – күндізгі жарықта өлексені анықтау оңайырақ. Құстың «Тазқара» атауының басты себебі алыстан көрінген кезінде алып қара денесінен ерекшеленіп көрінетін басына қарап айтылған.

Р.Қамсабетов,

“Тарбағатай” мемлекеттік ұлттық паркінің Ғылым, ақпарат және экологиялық бөлімінің ғылыми қызметкері

Осы айдарда

Back to top button