Қоғам

Тазалық табалдырықтан басталады

Тазалық  табалдырықтан басталады
Ұлыстың ұлы күні – Жер-ананың тоңы жібіп, табиғаттың жаңаратын уақыты. 18-наурыз – «Тазалық» күні барлық өңірлерде тазалық жұмыстары жүргізілді.
Тарбағатай ауданына қарасты Құйған ауылында киіз үйлер тігіліп, жергілікті жұрт арқа-жарқа болысып ағайын-туысты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Өткен «Өніс» күнінде жергілікті әкімдік қызметкерлері дүниеге сәби әкелген анаға өздерінің тілектерін жеткізді және ауылдағы соғыс ардагері Қ.Қожарияновты мерекесімен құттықтап, наурыз көжеден дәм татқызды. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, ауданның әлеуметтік қызметкерлері мұқтаж жандардың ауласына тазалық жұмыстарын жүргізіп, қамқорлық көрсетсе, мектеп оқушыларынан құралған әншілер әннен шашу шашып, мерекелік концерт ұйымдастырды. Құмкөл ауылының тұрғындары аулаларын қардан тазартып, мектеп ауласында «Спорт – сенің серігің» атты отбасылық сайыс ұйымдастырды. Сондай-ақ, сайыс Жетіарал ауылында наурыз көже жасаудан өтті. Мектеп оқушылары соғыс және еңбек ардагері Қабден Шаяхметовке құрмет көрсетіп, ауласын тазалады. Жергілікті басшылық бес бала тәрбиелеп отырған Лаура Оспановаға ізгі тілектерін білдірді. Мерекеге орай жеке кәсіпкер Аяужан Серікова кондитер цехын ашты. Ауданның әр ауылында мерекеге орайлас қызықты шаралар өтіп жатыр.
Зырян қаласында Жастар орталығының бастамасымен «Маңайды қардан тазартамыз» атты флеш-моб акция ұйымдастырылды. Аталмыш акцияға үш мың жас қатысты. Оның ішінде Зырян ауданындағы колледждер мен жалпы білім беру мектептерінің оқушылары және студенттері бар.
Зыряндық жастар орталық алаңға жиналғаннан кейін үш топқа бөлінді. Бірінші топтағы құрылыс және көлік колледжінің студенттері жер үйлерде тұратын тыл еңбеккерлерінің ауласын қардан тазартуға күш жұмсады. Екінші топтағы №7, №9 мектеп-лицейінің оқушылары және Аграрлық-техникалық колледждің студенттері Даңқ мемориалының айналасын қыстай жауған қардан тазартумен болды. Ал үшінші топтағы технологиялық колледж студенттері мен №6 орта мектептің оқушылары Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған сквердің маңайына тазалық жұмыстарын жүргізумен айналысты. Шараға қатысушы басқа да жоғары сыныптың оқушылары мектептер мен колледждердің, ескерткіштер мен саябақтардың аумағын қардан тазартты. Зырян қаласы үшін «Тазалық» күні игі шараның басы болмақ. Олай дейтініміз, осы күні бастау алған акция жалғасын табады.
Глубокое ауданынында да «Тазалық» күніне орай барлық ұйымдар мен мекемелердің арасында сенбілік өткізілді. «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Кентімізді қардан тазартамыз» атты акция ұйымдастырылып, ауданның, кенттің жастары ұйымшылдықпен тазалық жұмыстарын атқарды. Көшелер, аулалар, мекеме аумақтары қардан тазартылды.
Өскемен қаласында «Тазалық» акциясы аясында тыл еңбеккерлерінің, соғыс ардагерлерінің, қариялардың аулаларын қардан, қоқыстан тазарту мақсатында жұмыстар жүргізілді. Көмек Ульяновская көшесінде тұратын тыл еңбеккерлері Рахима Зайрабаеваға, Нина Кирченкоға көрсетілді.
Наурыз – жыл басы. Жыл басын тазалықпен, жаңашылдықпен қарсы алу үшін облыс аудандарында жоғарыда аталғандай жергілікті жұрт жұдырықтай жұмылып, бірқатар тазалық іс-шараларын атқарды.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button