Таза судан тарығып отырған ауылдар көп

Облыстың бірқатар аудандарында жергілікті билік өңірлерді дамыту бағдарламасын, атап айтқанда, оның ауызсумен қамтуға қатысты бөлігін сылбыр іске асыруда. Аталмыш көрсеткіш бойынша аудандар орташа республикалық деңгейге де жетпей келеді. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде осы мәселе қаралды.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алма Қайрақанованың айтуынша, мәселелер Жарма (22,6%), Ұлан (31,9%), Тарбағатай (31,7%), Үржар (36,4%), Бесқарағай (35,7%), Аягөз (39,2%) және Күршім (39,6%) аудандарында қордаланған. Ең күрделі жағдай Көкпекті ауданында орын алып отыр, мұнда тұрғындардың таза сумен қамтылу деңгейі 21,4 пайызды ғана құрайды. Салыстыру үшін айтар болсақ, облыс халқының ауызсумен қамтылуы – 44,2 пайыз.
– Осы жылы сумен қамту және су тарту бойынша 47 жоба іске асырылуда. Тексеру нәтижесі тұрғындар саны 100-ге жетпейтін 117 ауыл бар екенін көрсетті, яғни, оларда орталықтандырылған сумен қамту жүйесін салу тиімсіз. Сол себептен қазір ауылдарды біріктіру жұмыстары жүргізілуде, – деп түсіндірді Алма Қайрақанова.
Облыс әкімінің тапсырмасына сай арнайы жұмыс тобы құрылған, аталған топ ауызсумен қамтылуы 40 пайыздан төмен елді мекендердегі жағдайды жан-жақты талдаумен шұғылдануда. Алдын ала жоспарға сәйкес 2020 жылға дейін екі кезеңмен 89 ауылда су құбырлары салынатын болады. Бұл жұмыстар 88 мыңнан астам адамды таза сумен қамтуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, тағы 29 жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде, ол жобалар іске асқанда тағы 11 мың тұрғын орталықтандырылған сумен қамту желісіне қол жеткізуі тиіс.
– Бірқатар аудан әкімдерінің осы бір аса маңызды мәселеге жіті көңіл бөлмей отырғаны қынжылтады. Десек те, үлгі алуға болар мысалдар да жоқ емес, айталық Аягөз ауданында әкім істі тікелей өз қолына алған болатын, нәтижесінде жағдай түбегейлі өзгермесе де, жақсара түсті. Қол қусырып отыруға болмайды. Облыс қалаларында сумен қамтылу деңгейі орташа республикалық деңгейден жоғары, тек ауылдық жерлерде атқарар шаруа жетерлік. Мен әрбір әкімге осы жұмыстарды шиартуды қадап тапсырамын. Суды жай ғана есеп үшін емес, адамдар үшін тарту керек, ал сіздер таза сумен қамтылған елді мекендер санын көрсеткіш қылып алғансыздар, негізгі көрсеткіш – ауызсумен қамтылған тұрғындардың саны, – деп түйіндеді тақырыпты аймақ басшысы.
Атап өтерлігі, өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2010-2016 жылдар ішінде облыстың 39 ауылында тұңғыш рет су құбырлары пайда болып, халыққа таза су жеткізілген.
Ержан Әбіш