Таза су тапшы болмайды
Осыдан он жыл бұрын ауызсу мәселесі тарбағатайлықтардың арқасына аяздай бататын. Әсіресе, тұщы бұлағы жоқ елді мекендердің жағдайы қиын еді. Өзен суы бірде лай, бірде тұнық болса, ескі құдықтар да сыр бере бастаған.
Осы олқылықтың кесірінен халықтың денсауығына айтарлықтай зиян келгені айтпаса да түсінікті. Денсауық сақтау министрлігінің 2004 жылғы мұрағатында сақталған мына бір деректер сол кездегі тарбағатайлықтардың жағдайын айтып тұрғандай. Ғалымдардың анықтауынша, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі бүйрек, асқазан ауруларына шалдыққан. Нақтырақ айтсақ, бүйрек ауруына шалдыққандардың 70 пайызы шалғай өңірлердің тұрғындары болып шыққан.
Осы өзекті мәселе ауданымызда соңғы жылдары шешімін тауып келеді. Ауылдарға су құбырлары тартылып, халық тұщы суға жари бастады.
Тарбағатай ауданында соңғы төрт жыл аралығында 60-тан астам елді мекеннің 80 пайызы таза ауызсумен қамтылыпты. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында 1,5 млрд. теңгеге жуық қаржы игерілді. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы Ақсуат, Ақжар, Ойшілік, Қабанбай, Қарасу, Жетіарал сияқты тіршілік нәріне тапшы ірі елді мекендерге жеткен болатын. Алайда бағдарлама қаржысы игерілгенмен, тұрғындар игілікті толығымен пайдалана алмай отыр. Себебі, үйінің іргесіне келген суды кіргізіп алуға кейбірінің қаржысы жоқ, кейбірінің мойны жар бермейді.
Осы тұстағы тағы бір түйткілді мәселе, ірі елді мекендердегі кәріз жүйесін тұрғындар болмаса, қоғамдық орындардың толық қолданбау жайы тағы бар.
Дәл қазір Тарбағатай ауданының 39 мың тұрғыны тұщы сумен қамтылған. Ауызсудың тазалығы кезінде ірі елді мекендердің құрамында болып, тоқырау жылдарында тұралауға түсіп, «болашағы бұлыңғыр» ауылдар санатына кірген шағын елді мекендердің еңсесін тіктеп берді. Аудандағы осындай 26 елді мекенге жол тартылып, көшелерге жарық берілді. Бұл енді «Нұрлы жол» бағдарламасының игілігі. Аталған 26 шағын елді мекенде Мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтті. Қарой, Шеңгелді, Танамырза, Көктүбек ауылдарында су құбырлары қайта жаңғыртылса, аудан іргесіндегі Қарғыба ауылында кәріз жүйесі жұмыс істеп тұр. Біздің ауданның жаңашыл бастамасын өзге аудандар да енгізе бастады. Ұңғыма үстінен павильон салу әдісі өте тиімді екенін уақыт дәлелдеп берді. Аудан орталығынан 200 шақырым жердегі Үштөбе, Сарыөлең, Жаңаталап ауылдары осы тәсілдің арқасында ауызсудың қызығын көріп отыр. Жыл соңына дейін тағы осындай төрт шағын елді мекенде ұңғыма үстінен қазылатын павильон пайдаланылуға беріледі.
Жалпы ауданның инфрақұрылымын дамытудағы осы саламен айналысатын төрт кәсіпорынның техникалық-материалдық жағдайы толықтай шешілген. Аудандағы құрылыс мекемелерінің техникалық паркі жаңартылған. Аудан әкімі Д.Оразбаевтың айтуына қарағанда, ауызсу мәселесі алдағы жылы толықтай шешілетін болады.
– Ұлттық қордан бөлінген қаржы уақтылы игерілуде, – деп отыр.
Ал ішкі жолдар аудан бюджетінің есебінен жөндеу көруде. Десек те Жаңауыл, Ойшілік, Маңырақ ауылдарына апаратын күре жолдардың сапасы әлі де болса сын көтермейтін жағдайда.
Қадірбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.