Қоғам

Таза Қазақстан – жарқын болашақ!

Елімізде Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында жаңа сервис іске қосылды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі @TazaQazBot ыңғайлы телеграм-чат-ботын әзірледі. Жаңа сервис арқылы қалалық инфрақұрылым мен қоршаған орта жағдайына қатысты мәселелер бойынша өтінім беруге болады.

Тазалық мәдениетін қалыптастырамыз
Айта кетсек, 8 сәуірде елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Науқан бес аптаға созылған еді. Бұл акцияның ерекшелігі – әр аптаның өзіндік атауы мен нақты мақсаты болды.
Науқанның алғашқы күнінен 13 сəуірге дейін созылған бірінші апта «Таза өлке» деп аталды. Яғни, бір апта ішінде тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кəсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды қоқыстан тазартты.
15-20 сəуірге дейін жалғасқан екінші аптаға «Киелі мекен» деп атау берілді. Бұл күндері тарихи-мəдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
«Жасыл аймақ» деп аталған үшінші апта 27 сәуірге дейін жалғасты. Бұл аптада көшеттер отырғызылып, ағаштар əктелді.
29 сәуір мен 4 мамыр аралығында өткен төртінші аптаға «Өнегелі ұрпақ» деп тақырып қойылған. Ардагерлер мен қарттардың аулаларына тазалық жүргізіліп, оларды абаттандыруға көмек берілді.
«Мөлдір бұлақ» атауы берілген бесінші аптада су айдындары – өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылды.

Жаңа сервис
Осы ауқымды акция республика аумағында түрлі шаралармен жалғасын тауып келеді. Соның аясында енді жаңа сервис те іске қосылды. @TazaQazBot чат-боты өтінім беру процесін жеңілдетуге бағытталған. Яғни, кез келген экологиялық мәселелер енді осы телеграм-бот арқылы шешілмек. Ол әрбір азаматқа проблемалық жерлерді бірден суретке түсіруге немесе галереядан суреттерді жүктеуге, орналасқан жерін көрсетуге және мәселені егжей-тегжейлі сипаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындар жолдардың, саябақтардың, кіреберістердің, жарықтандырудың, абаттандырудың және қоғамдық және жеке аумақтардың санитарлық жағдайына қатысты көптеген мәселелер туралы хабарлай алады.
Чатты қосудағы мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Халықтан келген ақпарат чатқа өтінім түрінде түседі, операторлар ары қарай құзырлы орган өкілдеріне жүктейді. Өтінім жібергеннен кейін кері байланыс фотоесеп түрінде беріледі. Өтінімді орындағаннан кейін орындалған жұмыстың сапасын бағалап, барлық өтінімдерді қарауға болады.
– «Таза Қазақстан» сервисі әрбір азаматқа тазалық пен тәртіпті сақтауға белсенді қатысуға мүмкіндік бере отырып, еліміздегі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Бірлескен күш-жігердің арқасында еліміздің әрбір елді мекені таза әрі экологиялық қауіпсіз болады деп сенеміз, – делінген министрліктің жаңа сервис туралы хабарламасында.

Пайдаланушының нұсқаулығы
Сонымен, «Таза Қазақстан» сервисін қолдану үшін не істеу керек?
Ең алдымен, Тazaqazaqstan.kz сайтына кіріңіз. Ол үшін браузеріңіздің іздеу жолағына сайттың атауын енгізесіз. Бұл бірінші қадам.
Сайттың басты беті ашылады. Сайтты ашқаннан кейін төмендегі батырмалар бойынша екі сілтеменің бірін таңдау қажет:
1. Өтінім беру;
2. Қызметкерлерге арналған.
Төменде сіз өтінім берудің қысқаша сипаттамасымен жəне сервистің қалай жұмыс істейтіні туралы ақпаратпен таныса аласыз.
Өтінім беру үш негізгі қадам арқылы жүзеге асырылады:
• Телеграм арқылы өтінім беру;
• Фотосуретті жүктеу;
• Орын сипаттамасы жəне өтінімге түсініктемелер.
Өтінімдерді пысықтау үш негізгі қадамнан тұрады:
– өтінімді жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қолмен өңдейді, бөледі, мерзімді жəне жауапты маманды тағайындайды;
– орындаушы фотоесепті жəне қажет болған жағдайда ілеспе түсініктемені қоса бере отырып, өтінімді орындайды;
– өтінім берушіге өтінімнің орындалу сапасын бағалау жəне түсініктеме қалдыру мүмкіндігі жайлы хабарлама жіберіледі.
Екінші қадам – өтінім беру. Ол үшін Tazaqazaqstan.kz сайтының басты бетіндегі «Өтінім беру» батырмасын басыңыз.
Сізді телеграмм-ботқа өтетін парақшаға бағыттайды. «Telegram Desktop қосымшасын ашу» батырмасын басыңыз.
Немесе сботты қосымшаның өзінен іздеп таба аласыз. Ол үшін Telegram қосымшасына кіріңіз, содан кейін жоғарғы жағындағы іздеу жолағына (чаттар мен топтарды іздеу үшін) Taza qazaqstan немесе @tazaqazbot атауын енгізіп, ботқа өтіңіз.
Сəлемдесу сөзімен бастапқы бет ашылады. Ботпен жұмысты бастау үшін «Бастау» батырмасын басыңыз. Осыдан кейін сіз «Өтінім жасау» батырмасын баса аласыз немесе экранның төменгі сол жағындағы мəзірді ашасыз.
Мəзірді ашқан кезде сізге үш əрекет қолжетімді болады:
• Жаңа өтінім беру – жаңа өтінім беру үшін;
• Менің өтінімдерім – сіздің барлық өтінімдеріңізді қарау;
• Бот туралы қысқаша анықтама – бот туралы ақпарат.
«Өтінім жасау» батырмасын басқаннан кейін tazaqazaqstan.kz сайты ашылады жəне сіздің қазіргі геопозицияңызды пайдалануға рұқсат сұралады, өзіңіздің орналасқан жеріңізді анықтау үшін «OK» батырмасын басуыңыз керек. «Иə/Жоқ» батырмасын басу арқылы қалқыма терезеде орналасқан орныңызды растаңыз немесе басқа орынды таңдау үшін «Жоқ/Нет» батырмасын басыңыз.
Егер «Жоқ» батырмасын бассаңыз, қалқыма тізімнен қолжетімді аймақтардан орналасқан жеріңізді таңдаңыз. Содан кейін сіз таңдаған аймақ туралы хабарлама пайда болады.
Сайттың жоғарғы жағында өзіңізге ыңғайлы сайт тілін таңдай аласыз. Сайтты бүкіл экранға шығару үшін оны жоғарғы жағынан созыңыз. Өтінімге фотосурет қосу үшін «Жүктеу» батырмасын басыңыз.
Сіз фотосуретті тікелей сайттан түсіре аласыз жəне оны өз құрылғыңыздан жүктей аласыз. «Құрылғыдан жүктеу» батырмасын басқан кезде фотосуретті қайдан жүктеу керектігін таңдайсыз. Галереяңыздан фотосуретті таңдаңыз немесе суретке түсіріңіз. Таңдалған сурет 1 фотосурет қосылды жазуымен экранда көрсетіледі. Басқа фотосуретті қосу үшін «Жүктеу» батырмасын қайтадан басыңыз жəне процедураны қайталаңыз.
Өтінімде сіз қосқан фотосуреттер көрсетіледі. Егер өтінімнен фотосуреттердің кез келгенін алып тастау қажет болса, фотосуреттің жоғарғы оң жағындағы жасыл крест батырмасын басыңыз.
Өтінім жасауды жалғастыру үшін «Келесі» батырмасын басыңыз. Өтінімді өңдеу үшін картада орналасқан жерін көрсететін парақша ашылады. Орналасқан жерді көрсету үшін картадағы нүктені басыңыз. Картаның масштабын сəйкесінше « + » жəне « – » пернелерін басу арқылы жақындатуға немесе алыстатуға, сондай-ақ қажет болған жағдайда картаны бүкіл экранға шығаруға болады.
Нүктені көрсеткеннен кейін «Келесі» батырмасын басып, өтінімге сипаттаманы толтырыңыз. Онда мəселені сипаттайсыз жəне не істеу керек екенін көрсетесіз. Содан кейін байланыс үшін мекенжай мен телефон нөміріңізді жазасыз. Бұл қосымша ақпарат алу үшін қажет болуы мүмкін. Мысалы, егер орындаушы өтінімде көрсетілген мəселені таба алмаса. «Дайын» батырмасын басқаннан кейін сіздің өтінімдеріңіз жинақталған парақшаға өтесіз жəне өтінім жасалғаны туралы бірегей нөмірі бар хабарлама аласыз.
Өтініміңіз туралы ақпаратты «Менің өтінімдерім» тізімінен бірегей нөмір бойынша көруге болады. Сіз өтінімге қоса берілген фотосуретті басу арқылы жүктелген фотосуретті үлкейте аласыз.
Оператор сіздің өтініміңізді өңдегеннен кейін телеграм-ботқа орындаушыны тағайындау туралы хабарлама келеді.
Орындаушы өтінімді орындаған кезде өтінімнің орындалғаны туралы хабарлама мен растайтын фотосурет аласыз. Көрсетілетін қызметтерді жақсарту үшін 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша орындалған жұмысты бағалау мүмкіндігі ұсынылады: 1 жұлдыз – қанағаттанарлықсыз, 5 жұлдыз – өте жақсы.
Бағалаудан кейін рейтингі бар хабарлама жоғалады жəне оның орнына көрсетілген қызметке түсініктеме қалдыратын хабарлама пайда болады.
Дайын! Сіздің өтініміңіз орындалды.

Айналыңыздан қоқыс пен қалдық көрсеңіз, жол мен саябақтың санитарлық жағдайына көңіліңіз толмаса, осы телеграм-ботқа жүгіне аласыз. @TazaQazBot – Қазақстанды тазалық пен тәртіп орнаған ортақ үйімізге айналдыру үшін тамаша мүмкіндік. Қосылыңыздар!

Осы айдарда

Back to top button