Таза болса табиғат…

– Мен қоршаған ортаны қорғау күніне орай өтіп жатқан мерекелік шараға бауырымды ертіп келдім. Білмейтінін білсін, үйренсін. Тазалыққа дағдылансын деген ниетпен, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Әли Омаров.
Иә, айтқандай іс-шара басталып та кетті. Әуелгі бөлім қаланың кішкентай тұрғындарына арналды. Экология тақырыбының төңірегінде қойылған сұрақтар арқылы балалардың білімі сынға түсті. Бұл бөлімде №20 мектеп оқушысы Толғанай ерекше көзге түсті. Қойылған сұрақтардың барлығына дерлік жауап берді.
– Мен Табиғат-Ананы аялаймын. Оның ластанғанын қаламаймын. Автобустан түскенде жолаушы билетін беталды тастамай, қоқыс жәшігіне саламын. Себебі сол қағаздар бізге кітап, дәптер болып қайтадан оралады ғой, – дейді кішкентай Толғанай.
Ал екінші бөлімде қоршаған ортаны қорғау тақырыбында өткен сурет бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. Шара ұйымдастырушы, «Кругозор» жастар мәдениет және туризм орталығының жетекшісі Татьяна Нетунаеваның айтуынша, бұл байқауға жүздеген жұмыс келіп түскен екен. «Жүзден жүйрікті» анықтау оңайға соқпапты. Бұған бірінші орынның өзіне оншақты адамның иелік еткені дәлел.
Көрмеге қойылған жұмыстарды аралап көрген біз «соқпаса соқпайтындай-ақ екен» дедік. Қарсы алдымызда күнделікті өмірде айналаны қалай ластап жатқанымыздың айнасы тұрғандай болды.
Айта кетейік, қоршаған ортаны қорғау күні жарты ғасырдан бері аталып өтіп келеді. Бұл тегіннен тегін бе? Жоқ, «таза болса табиғат, аман болар адамзат» дегендей, адамзат баласының қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін оятуға деген мақсаттан туындағаны хақ.
Іс-шара мерекелік концертке ұласты. Көрерменге ұсынылған қойылымдар да табиғаттың өзекті мәселелерін көз алдымызға айшықтады.
Таунар Қайрат