Тайынтыны үзбей жырлап келеді
Бұрынғылар «ауылында қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп бекер айтпаса керек. Сол бұрынғыдан қалған қарт та, тарихтан қалған хат та болып отырған – осы қарт әжеміз.
Өлеңін өміріне серік еткен ақын апамыз Тұрар Қуанышбайқызы 1937 жылы Молда деген шағын ауылда дүние есігін ашқан. Кейіннен Молдадан көшіп Аюдыға қоныстанды. Аюдыда қазіргі су электр стансасы орнағаннан кейін су астында қалып, Манатты мекен етеді. Тайынтының тұмса табиғаты, балалығы өткен ауылдың су астында қалуы оның жүрегіне өлең болып кестеленді.
«Тайынты, жерің әсем, таулы жазық,
Ортада Кіндік тауы – темірқазық.
Құлпырып тұрған қайран жер әсемін.
Тіл жетсе қояр едім шіркін жазып!»
Міне, бұл жүректен шыққан ақынның сағыныш жыр моншағы. Туған жерінің көз тоймас көркем табиғатын қойғанда, күнге күйген бір түйір қара тасының өзі шабытына шабыт қосып, қаламын былай ақ қағаз бетіне жорғалататын.
Апамызды Семей педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті мамандығын бітіріп, Тайынтыда бала оқыту ісімен айналысады. Сол жерде жұбайы Сәбитхан Сейілқұмарұлымен шаңырақ көтеріп отбасын құрады.
Апамыз осы уақытқа дейін бір сәт қаламын қолынан тастаған емес. Ауыл аймақтарының атын қазақшаландырып, батырларымыздың есімдерін әр ауылға үлестіріп жатқан кез болса керек. Бір топ белсенділер «қазақта Тайынты» деген сөз болмаған деп айды аспаннан бірақ шығармасы бар ма? Тайынтыны «Шыбындыға» өзгертпек болғанда, апамыз басынан буырқанып өзен ағып жатқан салқын жерде шыбын-шіркейдің болмайтындығын естеріне салыпты. Ертеде Өтеміс пен Өтей деген екі ағайынды шөптің шүйгінін, судың тұнығын іздеп жүріп осы киелі мекен Тайынтыдан өтіп бара жатса, арттарынан еріп келе жатқан тайы жоғалып кетеді, таңданған ағайындылар келген ізімен өзенді жағалап келсе, тай байғұс қалың шөпке оралып тұра алмай жатыр екен. Сонда Өтеміс тұрып: «па, шіркін, шөбіне тай ынтыққан не деген шалғынды жер. Екеуімізге осыдан артық жер табылмас-ау, сен судың арғы жағасына қоныс теп, ал мен бергі жағасына қоныстанайын» деп, қазіргі Тайынтыны айтқан екен. Міне, бүгінгі Тайынты елі сол Өтеміс атамыздың елі, дейді апамыз.
Осы киелі жердің киесін жырына арқау еткен апамыз «Тайынты көлі толқындары» атты үш бөлімнен тұратын жыр жинағының тұсауын кесті. Ақын көңіліндегі қуаныш та, сағыныш та осы Тайынты көлі толқындарымен тоғысып та, толысып та жатыр.
Таунар Қайрат