Тайқазан жасап, талайды таңғалдырып жүр

Алты ғасырлық тарихы бар алып тайқазанның дәлме-дәл көшірмесін жасап жүрген шебер Самат Құнанбаев деген азамат. Бүгінде ол жасаған алып тайқазандар Астанадағы Президент резиденциясының, Ақтаудағы «Тайқазан» мейрамханасының ажарын ашып тұр.
Үлкендігі дүниежүзінде Гераттағы тайқазаннан кейін екінші орын алатын бұл жәдігеріміздің түпнұсқасы, өздеріңізге мәлім, Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде тұр. 1935 жылы бұл тайқазанды Санкт-Петербургтегі Эрмитажға, Иран шеберлерінің III халықаралық конференциясына алып кетеді. Елу жылдан астам уақыт сол жерде тұрып 1989 жылы қыркүйектің 18 жұлдызында ғана елімізге қайтарылды. Ал енді осындай үлкен істі жүрегі дауалап жасап жүрген жігіт кім, қай жердің тумасы, деген сауал көпшілігімізді қызықтыратыны рас. Самат Жамбылұлы Үржар ауданы, Қарақол ауылында туып-өскен. Осындағы орта мектепті 1982 жылы бітірді.
-Қасиетті тайқазанның дәлме-дәл көшірмесін жасау идеясы маған бірден келген жоқ. Әлі есімде, 1989 жылы Санк-Петербург қаласынан бұл жәдігерімізді Ресей Үкіметінің келісімімен алып келу барысын қазақ баспасөзі жарыса жазып, ерекше бір эйфориямен қарсы алдық емес пе?! Дәл сол жылы менің жасым 23-те болатын. Елмен бірге менің де өзгеше толқығаным рас. Арада көп жылдар өткен соң осынау қасиетті ыдыстың көшірмесін Астана қаласында жасаймын деген ой, әлбетте, ол кезде келген жоқ,-дейді ол.
Өмір ағымы барысында адам басынан өтіп жататын қиыншылықтар кейіпкеріміз Саматты да айналып өтпеген. Жүйе ауысып, талайлар жүрген жолынан адасқан тоқсаныншы жылдардың топалаңы кезінде Саматтың да отбасын асырау мәселесі басты орынға шығып, шатқаяқтап қалғаны рас. Алайда тумысынан қайсар жігіт мойымады. Керісінше, өмір ағысына қарсы өршелене жүзді. Алты мың тұрғыны бар совхоздың бас экономисі болған әкесі Жамбыл Құнанбаев пен байырғы ұстаз, анасы Оралтай (Өкен) Тәуірбековадан алған үлгі-өнегесі оны адалдықтың ақ жолынан тайдырмады. Өмір жолындағы бұралаң соқпақтарын басып өткен шақтарда да бұлар тура жолдан ауытқымады. Қазір ойлап отырса, қоғамдағы ауыс-түйіс пен аласапыран қарбалас шақтарда тек бұл ғана емес, өзінен үлкен апайы Раушан, ағайы Қайрат та, інілері Талғат, Манат, Архат пен қарындасы Гауһар да біреудің ала жібін аттамапты.

Еңбек жолын туған ауылында құрылысшы болып бастаған жас жігіт Алматыдағы Д.Қонаев атындағы Заң институтын, кейін инновациялық Еуразия университетін тәмамдады. Бірер жыл Алматы зооветеринарлық институты жанындағы ғылыми-зерттеу секторында қызмет етті. Өмір ағысы оны 1999 жылы қызмет бабымен Астана қаласына қоныс аударуға мәжбүрледі. «Жақсы адамға қайда барса да бір кісілік орын бар» деген. Білімді де білікті жігіт бірден қолға алған шаруасын дөңгелетіп жібереді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «Агрохимсервис» ұжымында коммерциялық директор болған ол бір жыл азық-түлік, астық сақтайтын «Продкорпорация» жабық акционерлік қоғамында қызмет атқарды. Бірнеше жыл «ТЭК Астана» ЖШС тобындағы «Транс Петролеум Групп» ассоциациясы жанармай базасының аймақтық директоры болды. Қазір «Аянат-С» ЖШС басшысы. Еліміздің жүрегі Астана қаласында тұрып жатыр. Өзінің ұлты, қазақтың салт-дәстүрі десе, ішкен асын жерге қоятын азамат еліміздің бүгінге жеткен жетістігіне шүкіршілік айтады.
– Бізді кейін өмір сүре алмай қалады деді ме, ата-анамыз Қарақол орта мектебінің орыс сыныбына беріпті. Үйдегілердің басым көпшілігі отбасында орысша шүлдірледік қой кезінде. Бір күні әкем қызметтен келіп, біздің орыс тілінде былдырлап жүргенімізге қынжылды. Ұлтының тілін мансұқ етіп, менсінбей жүрген өз перзенттеріне деген ащы запыраны бір сәтте бұрқ етті. Әлі есімде марқұм ызадан жарылардай болып, алақанымен үстелді қойып қалып: «Жетер енді! Бұдан былай бұл үйде тек қана өз тілдеріңде, қазақша ғана сөйлесесіңдер!-деп ақырып қалды. Сосын дауысын бәсеңдетіп, «Айналайындар-ау, мына әжелеріңнен ұялсаңдаршы! Бұл кісі қазақ тілінен басқа тілді білмейді ғой», – деді қынжылып. Сізге өтірік, маған шын, сол күннен бастап күні бүгінге дейін біз түгелдей өзара қазақша сөйлесеміз. Қалт етсек, әке аманатына қиянат жасайтындай секем аламыз.

-Самат қайда жүрсе де, қандай қызмет атқарса да адамгершілік қасиетінен айныған емес. Қашан көрсең де күлімдеген көздерінен шуақ шашып, маңайын нұрға бөлеп жүргені,-дейді оны танитындар мен жора-жолдастары ризашылықпен.
Иә, ең бастысы да сол, адамгершілік атты құндылықтан аттап кетпеу. Досқа адал, туысқа мейірімді ол жұбайы Алина екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Олардың алдынан алты немере көріп отырған ақар-шақар отбасы. Ақ жаулықты әже, асыл ана, ұлағатты ұстаз Өкен апай осы әулеттің ұйтқысы, ақылшысы. Жүрегіне ұялаған иманын бекіте түсу мақсатында ол Мекке, Мәдинеге барып, қажылық парызын да өтеп келді. Жалғыз барған жоқ. Анасы мен туған жеңгесінің шешесі, құдағиы Күлән апаны қоса ала барды.
-Қазақ «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң, бір түндік еңбегін өтейсің» деген ғой. Ана алдындағы парызымның бір мысқалын өтей алам ба деген арман ғой,-дейді Сәкең қамығып.
Жұбайы Алина Бекежанқызы – Президент істері басқармасына қарасты ауруханада дәрігер-кардиолог. Функциональды диагностика бөлімінде 1-дәрежелі тәжірибелі дәрігер. Жеті баланың үлкені Раушан Алматы облысының Үштөбе қаласында тұрады, тұрмыста. Әке жолын қуған ол теміржол саласында бухгалтер болса, одан кейінгі Қайрат Құнанбаев запастағы полковник. Әскери бас прокуратурасында орынбасарлыққа дейін көтерілген білікті заңгер. Өзінен кейінгі Талғат ауған соғысының ардагері, кәсіпкер. Манат Астана қаласындағы бірнеше министрліктер мен Сенат ғимаратының ішкі безендіру жұмыстарына басшылық жасаған белгілі дизайнер. Гауһардың өзінің жиһаз жасайтын цехы бар, кәсіпкер. Отбасындағы ең кенжесі Архат мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері. Бір сөзбен айтқанда, Самат бауырымыз түлеп ұшқан отбасының ұл-қыздарының барлығы да өмірден өз орындарын тапқан жандар. Әулеттің осындай ұшпаққа жетуіне Құнанбаевтарға тән тектілік пен сырбаздық, еңбекқорлық пен біліктілік демеске шара жоқ. Бір қызығы, талайларды өзінің жасаған тайқазандарымен тамсандырып жүрген Саматтың он саусағынан өнер тамған зергер екенін екінің бірі біле бермейді. Ол соққан қазақ халқының әшекей бұйымдарын көрген жан таңғалады. Мына суреттегі салпыншақ сырғалар мен алқалар, ою -өрнекті, меруерт тастары көздің жауын алардай білезіктер мен жүзіктер, қапсырмалар мен сақиналар секілді зергерлік бұйымдар жерлесіміз Самат Жамбылұлының қолынан шыққан.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.