Қоғам

Тайқазан Алтайдан Алатауға бет алды

Тайқазан Алтайдан Алатауға бет алды

Қасиетті жұма күні шығысқазақстандықтар «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс» республикалық эстафетасының бас символы болып табылатын Тайқазанның көшірмесін алматылықтарға табыс етті. Сөйтіп, киелі Тайқазан Алтайдан Алатауға бет алды.

Бұл күні облыс орталығы – Өскемендегі Достық үйінде Тайқазанды алматылықтарға тапсыру құрметіне орай арнайы дөңгелек үстел өтті. Оған Алматыдан келген қонақтармен бірге облысымыздағы Достық үйлерінің директорлары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен жастар ұйымдарының белсенділері қатысты. Дөңгелек үстелді Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев жүргізді.
– 23 ақпан күні шығысқазақстандықтар Тайқазанды Павлодар облысынан қабылдап алған болатын. Бүгінгі күні біз оны Алматы қаласына табыс етеміз. Жалпы, бұл шараның басты мақсаты – қоғамды біріктіру, достық пен татулықты паш ету, – деген ол сонау алыстан ат терлетіп келген Алматы қаласының делегациясына үлкен алғысын білдірді.
Дөңгелек үстел барысында Глубокое, Шемонайха, Зырян аудандық Достық үйлерінің директорлары «20 игі іс» акциясы аясында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндап берді.
– Біз еліміздегі қуанышты оқиға қарсаңында бас қосып отырмыз. 1-наурызда – Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толмақ. Осынау жиырма жыл бойы біз Қазақстан дейтін ортақ үйімізде тату-тәтті тірлік кешудеміз. Бүгін біз Тайқазанды Алматы қаласына тапсыру рәсіміне қатысып отырмыз. Тайқазанға «20 игі ісімізбен» бірге біз жанымыздың бір бөлігін салғымыз келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВҚА деген ізгі тілегімізді жеткізсек дейміз. Біз Президентімізге зор денсаулық, бақыт, сайлауда жеңіс тілейміз, – деген беларусь этномәдени бірлестігінің төрайымы Галина Жампейісова ішінде Елбасына деген тілектер жазылған жүрек етіп жасалған шағын қобдишаны Тайқазанға салды.
– Өздеріңіз білесіздер, биыл – Ассамблея жылы. Осынау мерейтойға орай елімізде игі шаралар қолға алынып жатыр. Осы орайда киелі Тайқазанды қабылдап алу құрметіне ие болып, шығысқа келгенімізге өте қуаныштымыз.
Алматы – бұл еліміздегі үлкен мегаполис. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы да осыдан жиырма жыл бұрын, нақты айтсақ, 1995 жылдың 1 наурызында Алматы қаласынан бастау алған болатын. Тура осы 1 наурыз күні біз Қазақстан халқының берекесі мен бірлігінің, ырысы мен ынтымағының символы болған Тайқазанды Жамбыл облысына тапсырамыз, – деді өз кезегінде сөз алған Алматы қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маргарита Абдалиева.
Сондай-ақ, Алматы қаласындағы түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Қазақпай Қасымов та сөз алып, еліміздегі басты байлық – бірлік, татулық, ауызбіршілік екенін тағы да көпшіліктің есіне салды.
Дөңгелек үстел соңында Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев облыс көлеміндегі «20 игі іс» жазылған қағаз орамасын Тайқазанның ішіне салып, оны Алматы қаласының өкілдеріне табыс етті.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button