Қоғам

Таяқ жерге тасталды

Таяқ жерге тасталды


Жол полициясы енді көшеде таяқпен де, аяқпен де жүрмейтін болды. Тек қана патрульдеу әдісі арқылы жолдарды өздерінің қызметтік көліктерінде жүріп бақылайды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының басшысы Еркін Мүсілімов мәлімдеді.

-Біз автопатрульдеу әдісін іске қостық, енді жол полициясы қызметкерлеріне қосымша таяқтың ешқандай қажеттілігі жоқ. Үлкен жол апаты орын алса, немесе күрделі кептелістерді ыдырату сияқты өте қажет жағдайларда ғана таяқ қолданылады. Соның өзінде алдымен оқиға орнына жол полициясының көлігі келіп, дыбыс және жарық сигналдарын қосуы керек, одан кейін барып инспектор бекітілген жол ережелеріне сәйкес қол ишараттары мен таяқты қолдана отырып іске кіріседі. Біз айтып отырған патрульдеу әдісінің төрт түрі бар, олар: автомобиль арқылы, тікұшақ арқылы, жаяу және мотопатрульдеу. Біз автопатрульдеу әдісіне өтіп отырмыз, жаяуды мүлде алып тастадық, -дейді Еркін Мүсілімов.

Сонымен, жаңа жылдан бастап жол сақшылары жаңа әдіспен өз жұмыстарын бастап та кетті. Айналдырған 5-6 күннің ішінде аталған өзгеріс халықтың пікірін екіге жарды. Бірі бұл жаңашылдықтан үзілді-кесілді бас тарту керек десе, екіншілері қолдап әлек. Ал көпшілік қауым әлі толық түсініп үлгермеген \”ала таяқ\” тақырыбын әлеуметтік желідегі белсенділер күлкіге айналдырды.

Жалаң қолдарымен жолға шыққан оларға қосымша ысқыруық пен дауысзорайтқыш берілгенін де естеріңізге сала кетейік. Еуропа елдері сақшы таяғынан еш пайдасыз зат ретінде баяғыда бас тартқан екен. Көлік иелерінің құқығын қорғаумен айналысатын «ОСА» жобасының жетекшісі Руслан Лазутаның айтуынша, жол сақшыларының таяғы жоқ болғаны әуел баста көзге оғаш көрінуі мүмкін, бұл – халықаралық тәжірибеден өткен қалыпты дүние, демек қазақстандық қоғаммен де көп ұзамай біте-қайнасып кетпек.

-Өз басым бұдан ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпын. Әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елдерінде ешқандай жезл-таяқтары қолданылмайды. Ең бастысы, жаңа әдістің механизмдерін жетілдіре беруіміз қажет. Полицейлердің жеңдерінде жарық шағылысатын жолақтар бар, тек мені «жаз мезгілінде қалай болар екен» деген ой мазалайды,-дейді ол.

ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының басшысы патрульдік әдістің тағы бірнеше ерекшеліктерін атады. Қазір қаладағы қозғалыстың бәрін бақылайтын камералар күн санап көбейіп жатқаны белгілі. Орталықтағылар жол ережесінің бұзылғанын камера арқылы байқап қойған болса, бірден ең жақын патрульге хабар береді. Жол ережесін бұзған жүргізушіні полицейлер адымын аштырмай қуып жетіп, айыппұл салады. Демек таяқтың енді ешқандай қажеттілігі жоқ. Талдың астынан жүгіріп шығып, жанұшыра таяқ көтеретіндердің де дәурені өткен. Еркін Мүсілімовтің айтуынша, қол ишараттары арқылы да полицейлер көліктерді себепсіз тоқтата алмайды. Тек жедел алдын алу шаралары жүріп жатқанда болмаса. Мұндай жағдайда жүргізушілер тоқтап, жол сақшысына бағынуға міндетті. Ал егер еш себепсіз тоқтатса, көлік иесі полицейдің үстінен шағым түсіруге немесе, 102-ге телефон шалып, полицейдің заңды белден басып тұрғанын айтып шағымдануға құқы бар. Ал стационарлы жол полициясы бекеттерінде барлық көліктер қол ишараттары және шлагбаумдар мен бағдаршамдар арқылы тоқтатылады.

Қысқасы, жолпол мен жүргізушілердің наразылығын қатар тудырған еуропалық жаңашылдық осылайша, енгізілмей жатып, елдің назарына ілікті. Көпшіліктің талқысына түсіп, әлеуметтік желіде қызу пікірталасқа айналған алатаяқтың әбігері жақын күндері басыла қоюы екіталай.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button