Тағы да терминдер мен атау сөздер туралы

Сіз қазақ тілін білетін боларсыз? «Әрине» деп жауап берерсіз. Мен де солай, тіпті бір кісідей білемін деп ойлайтынмын. Бірақ кейінгі жылдары шүбә келтіре бастадым. Өйткені жеке сөздерді қойып, кейбір сөйлемдердің өзін түсіну қиындап барады. Оларды алай да, былай да ұғынуыңызға, түсінуінізге болады.
Жалпы, сөйлем дегеніміз біршама аяқталған ойды, пікірді, хабарды білдіретін сөздер немесе сөздер тобы екені белгілі. Ендеше мына сөйлемдерді қалай ұғуға болады? Мысалы: «Ең алдымен аңдатпа», «Мен айналма деп тұрмын ғой», «Бұл балама», «Иә, дәлелдеме», «Саған екпе деймін», «Сен еге», «Қалай түсінбейсіз жұқпа», «Осы жетімді деп тұрмын», «Саған зерттеме деп қанша айтамын?», т.б.
Әрине, Сіз бен Біз «аңдатпаны» аңдатпа, яғни сездірме, білдірме, байқатпа деп, «балама» баласына арналған нәрсе деп, «дәлелдемені» дәлелдеме деп, «екпені» егуге болмайды деп, «егені» саған бірдеңені еге деген сөз деп, «жұқпаны» жұқтырма деп, «жетімдіні» жетім бала туралы айтылған деп, «зерттемені» зерттеме деп ұғармыз.
Бірақ БАҚ-тарымыз (әсіресе телеарналарымыз) бұларды басқаша, көбінесе кері немесе мүлдем басқа мағына беретін сөздер орнына қолданады және солай түсіндіруге тырысады. Оларша «аңдатпа-аңдату, балама» – бүкіл дамыған елдер қолданатын халықаралық термин «альтернативаның» қазақшасы, «дәлелдеме» – дәлел, «екпе» – егу, «еге» – ие, «жұқпа» медициналық термин инфекция дегеннің өз тілімізге аударылған-ды, «жетімді» – жетеді дегенді, «зерттеме» де зерттеме емес, зерттеуді білдіреді деп түсінуге тиістісіз.
Мұндай өзгерістер қазақша білмейтін басқа диаспора өкілдері мен қалада өсіп, ана тілінен мақұрым қалғандардың мемлекеттік тілді үйренулеріне де кедергі келтіруде. Соған қарамастан, бұл «жаңалықтар» өте көп болып кетті, әр дыбыстан (әріптен) басталатын сөздерден табуға болатын жағдайға жеттік. Сондықтан кейде БАҚ-тарға оларды жасау және насихаттау арқылы қазақ тілін дәлдіктен, нақтылықтан, ұғынылықтан айыр, сөйтіп, оны халық түсінбейтін жағдайға жеткіз деп біреу бұйрық берген бе деп те қалады екенсіз. Олай болуы мүмкін емес. Бірақ кері сөздер болса молайып барады.
Мысалға жүгінейік…
Аялдама, анықтама, айқындама, айналма, әдістеме, әзірлеме, т.б. Айтпақшы, бұл дыбыстан басталатын «алқа» деген термин пайда болды. Өзі керемет. Ол бұрынғыдай (кәзір де солай ғой) қыз-келіншектердің мойнына тағатын әшекей ғана емес, халықаралық термин «коллегияны» да білдіреді. Сондай-ақ, «әдістеме» де солай. Кәзір оныңыз «айла», «әдіс», «амал» жасаудың керек еместігін ғана білдірмейді, әлемнің дамыған елдері түгел дерлік қолданатын «метод», «методиканың» қазақшасы. Бағдарлама, балқыма, бастырма, бастама, барлама, бейнелеме, бекітпе, болжама, бояма, бұрыштама, бүркеме, бұрандама, т.б. бар. Бірақ бұл сөздерді де тек керісінше ұғуымыз қажет. Кейбір «жаңалықтар» Президентіміздің биылғы Жолдауында айтылғандай, күлкіңді келтіреді. Мәселен, «программа» «бағдарлама» болып қазақшаланған, яғни «бағдар жасама», «балкон» – қылтима (әйтеуір ол сөз кейінгі кездерде айтылмай жүр, жұрт күле бергендіктен болар).
БАҚ-тарымызда орыстың «варенье» сөзін «қайнатынды» емес «қайнатпа», кәдімгі гуіл деген «гуілдеме», дерек – «деректеме», даурығу – «даурықпа», дәйек, дәйектеу – «дәйектеме», дәлел – «дәлелдеме», зерттеу – «зерттеме», заңдар – «заңнама» делінеді және келесі сөйлемдер арқылы солай ұғуға мәжбүр етеді. Шынын айту керек, біртіндеп кері мағыналы сөздерді түсініп келеміз. Бірақ бұл «жаңалықтардан» тіліміздің ұтпайтыны анық.
Ал, «Ж»-дан басталатын басқаша түсінуімізге тиісті жаңа «терминдер» мен «атау сөздер» тіпті мол. Мәселен, «жапсырма» (жапсыру, жапсырылды, жапсырылған), «жалтарма» (жалтару), «жалғама» (жалғау, жалғанған), «жалдама» (жалдану, жалданған), «жаңғырма» (жаңғырық, жаңғыру, жаңғырған), «жолдама» (жолдау), «жинақтама» (жинақ, жинақтау), «жүктеме» (жүктеу, қосымша қосу), т.б. деп кете береді.
«Қ» және «К» – ден басталатын кері мағыналы сөздер бәрінен асып түседі. Сірә, бұл дыбыстар жаңа сөз ойлап шығарушыларға өте қолайлы болған сыңайлы. Олардың кейбірі: «қаптама» (қаптауы, қабы, қорабы, орауы), «қайырма» (қайыру, қайырылған), «қайтарма» (қайтарым, қайыру), «қайталама» (қайталау, қайталанған), «қима» (қиынды, қию, қиылған), «кепілдеме» (кепілдік, кепіл, кепілдеу), «кескіндеме» (кескін, кескіндеу, сурет, т.б.), «қоспа» (қосынды, қосу), «қондырма» (қондырғы, қондырынды, қондыру, қондырылған), «көшірме» (копия, көшірінді), «құрылма» (құрылғы, құрылым), «қорытпа» (қорыту, қортылған), «қоспа» (қосынды, қосылған, қосу) «құтырма» (құтырық, жындану, құтыру, есінен адасу), «құрама» (құрам, құрамды), «қыстама» (қыстау, қыстату), т.б. деп жалғастыра беруге болады, тек кері мағыналы болуы қажет, сонда «жаңа» сөзіңіз дайын. БАҚ-тарымыздан «келі» дегенді жиі естіп, жиі оқып жүрміз. Бірақ бұл «келі» бидай, арпа, тары түйетін «келі» емес, халықаралық келісім бойынша салмақ өлшемінің бірлігі етіліп алынған «килограмм».
Тілімізді «дамытушылар» халықаралық терминдердің орнына онша кең таралмаған бөтен халықтардың сөздерін «қазақтардікі» деп алуға да әуес. Мәселен, кәзір «класс» терминін «сынып» деп «қазақшаладық». Шынында, бұл термин парсының (ирандықтардың), пуштунның (ауғандықтардың), тәжіктің, кейін олардан қабылдаған өзбектің «синф» деген сөзінің бұзылған түрі. Оның үстіне «сынып сағаты», «сыныптық музыка», «бірінші сыныпты спортшы», бұл «сынып» деу түсініксіз, бұлыңғыр және ерсі. БАҚ-тарымыз арқылы халықаралық «концепция» терминін «тұжырым жасама», яғни «тұжырымдама» деп қолдантуға да барынша тырысып жүрміз.
Ал «М», «Н» әріптерінен басталатын жаңа терминдеріміз бен атау сөздеріміздің сиқы да жоғарыда айтылғандарға ұқсас: «мадақтама» (мадақтау), «мөлшерлеме» (мөлшер, мөлшерлеу), «мағлұмдама» (мағлұмдау, мағұлым) т.б. «Н»-дан еске түсетіні: «негіздеме» (негіз, негізгі), «нұсқама» (нұсқау, нұсқаулық), «нақыштама» (нақыштау) дегендер.
«С» дыбысынан: «сараптама» (бұрыңғы экспертиза, сараптау), «сараптамашы» (сараптаушы, эксперт), «санама» (санау, санаған), «салыстырма» (салыстыру), «салма» (салу), «сипаттама» (сипаттау), «сынама» (сынақ, сынау, сын, анализ), «сызба» (схема, чертеж, сызғы, сызу), «сықпа» (сығынды, сығу), т.б. Телеарналарымыздан («Астана» ғой деймін) «Балалар секірме ойнады» дегенді естіп қалдым және «секірмесін» түсінбедім. Сөйтсем, «секірмесі» «скакалка» екен, орысша берілген хабарынан білдім. Сөздіктерімізде де «скакалка» «секіргіш» деп аударылыпты, бірақ неге екені белгісіз дикторға олай айтқызбаған.
«Ұ», «Ү» әріптері де құр қалмаған. Ол дыбыстардан «ұңғыма» (ұңғы), «ұсынба» (ұсыныс), «ұшпа» (ұшқыр), «үстеме» (үстеу, үстеп төлеу, қосымша) «үйме» (үйінді, үйілген), т.б. «Х»-дан еске түсетіні «хабарландыру», делінген сөздердің «хабарламамен», халықаралық термин «протоколды» «хаттамамен» ауыстырғанымыз. Бұл «жаңалықтардың» да қарық болып тұрғаны шамалы. Мәселен, қарапайым жұрт «хаттама» демейді, «қаттама» дейді. Оны бірінің үстіне бірін қойма деген сөз деп түсінеді. «Хабарлама» да жоғарыда айтылғандардай, теріс мағына беретіні белгілі.
Сонымен тәуелсіздік алған 90-жылдардың басынан бергі тілімізді «дамытушылардың» атқарған жұмыстарының сиқы осындай. Тіпті бір қызығы олар бұл жаңалықтарын тілімізді қазақыландыру, өркендету, күшейту, патриоттық үрдіс деп түсіндіреді. «Жаңашылдардың» пікірінше, бұрынғы ұғынықты сөздерге көбінесе кері немесе болмайды деген ұғым беретін -ба, -бе, -ма, -ме, -па, -пе жұрнақтарын жалғап кеп жіберсек, ол ресми, ғылыми дәрежеге көтеріліп шыға келеді. Мәселен, С.Шүкірұлы «Сырын білмей, сырттамайық» деген мақаласында («Ана тілі газеті» 2003 ж. №13): « … ескертпе іс қағаздарына жазбаша жасалған пікір, ескерту жеке адамдарға қызмет бабында айтылған сөз; тұжырымдама-ғылыми қорытынды, тұжырым жеке адамның түйінді пікірі; сараптама – жасалған талдау нәтижесі, сараптау-талдау жасау; түсініктеме беру-белгілі бір мемлекеттік шешім, ерекше құбылыс, оқиғаларға қатысты насихатты түсіндірме сөз, түсінік беру жеке адамның өзінің оғаш іс-әрекетіне байланысты түсінік жасауы; сұрыптама-аяқталған іс, сұрыптау жұмыс барысы, т.б. болып ажыратылады», – дейді.
Біздің сұрақ: неге және кімнің бұйрығымен солай болған және болуға тиісті? Неге бұрынғы ұғынықты сөздерімізді алай да, бұлай да, тіпті керісінше ұғуға тиістіміз? Кері мағына бергендіктен, дәрежесі неге артып кетпек?
Әрине, мұндай зиянды үрдіске алғашқы күннен қарсы шыққандар да болды, кәзір де жеткілікті. Олар да өз ойларын газеттер мен журналдарға жазып, тілімізге енгізіліп жатқан «жаңалықтардың» кемшіліктерін, оны түзеудің жолдарын көрсетті, кейбір өз терминдерін де ұсынды. Олардың ішінде дұрыс, қонымды, пайдалы пікірлер айтқандар да аз емес. Мәселен, қатардағы оқырман біздің ойымызша «Жас Алаш» газетінің 2005 жылғы 11 қаңтардағы нөмерінде жарияланған медицина ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұхамбедия Ахметтөренің «Санаға күштеп енгізілген сөз сөз болмайды немесе сөзжасамның жаңа формуласы» деген мақаласында өте құнды пікірлер айтылып, оңды ұсыныстар жасалған. Расында, қалай күштесек те, көшелеріміздегі «Аялдама» мен газеттеріміздегі «Бағдарлама» сөздері қазақша білетін кез келген кісінің ренішін тудырып, санасына енбейді. Есесіне қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына қарсы аздап «төбесі тесік» кейбір диаспора өкілдерінің мысқылы мен күлкісіне ұшырап, олардың ойынша, қазақ тілінің термин жасауға қабілетсіздігін дәлелдеуіне мысал болып жүр.
М.Ахметтөреден басқа да тіліміздің дәлдігін, ұғынықтылығын, түсінікті болуын жақтағандар мен бүкіл өркениетті әлемде қолданылатын терминдерді аударудың қажет еместігін және олардың кеңестік дәуірден бері тілімізге сіңісіп, түсінікті болып кеткендігін жазған авторлар болды. Мәселен, «Ана тілі» газетінде (№42, №43 2007 ж) М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры Тәуекел Жаңақұловтың «Терминдегі псевдопатриотизм туралы» деген аса көлемді мақаласы жарияланды. Еңбек білгірлікпен жазылған, автор өз ойын, пікірін дәлелдеу үшін көптеген фактілерді келтірген. Мақалада: «Тәуелсіздік алғаннан кейін псевдопатриоттар терминдерді жаппай қазақшаға аударып, түсініксіздік тудырып, мемлекеттік тілдің мәртебесіне нұқсан келтірді», – делінген. Тіпті терминдердің дәл емес қазақшасы басқа этностар мен «асфальтта туғандардың» мемлекеттік тілді үйренуіне кедергі келтіріп жүргенін дәлелдеген. Осы газетте одан кейінгі жылдары да Т.Жаңақұловтың пікірін қолдаған жазушы Ұ.Доспанбетовтің, инженер-құрылысшы С.Құлжағаровтың, тағы да басқалардың материалдары жарияланды. Тіпті күні бүгін де тілімізді түсініксіз ету мен халықаралық терминдерді сәтсіз аудару үрдісіне қарсылық тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да. Өйткені кері немесе әртүрлі мағына беретін сөздер мен терминдер кез келеген тілге зиян, оны түсініксіз, ұғынықсыз етеді.
Сонымен, манадан бері айтып келе жатқан тақырыбымыз – термин мәселесіне қайта оралайық. Ол туралы Қазақ Совет энциклопедиясында: «Термин – атау-ғылым, техника, сол сияқты тұрмыстың белгілі саласындағы ұғымдарды дәл атау үшін жұмсалатын сөздер мен сөз – тіркестері», -делініпті. Қазақ тілінде бұл тақырыпқа арнап алғашқы арнаулы еңбек жазған Ө.Айтбаев та осы пікірді құптайды: «… саяси, мәдени термин сөздер, ғылыми термин сөздер, техника терминдері, ауылшаруашылық терминдері, өнер, тұрмыс саласындағы терминдер, басқа тілдерден енген халықаралық терминдер мен советизмдер, т.б. яғни өмірдің саласында қолданылатын арнаулы сөздер бар»,-дейді.
Ал терминдердің ерекшелігі және оларға қойылатын басты талап – дара мағыналы болуы екен. Тіл туралы еңбектерге көз жүгіртсек, ғалымдарымыздың барлығы дерлік осы пікірді айтады. Мәселен, 1956 жылы Ғ.Мұсабаев: «Терминдер бір мағыналы сөз болуы керек, оның ауыспалы мағынасы болуға тиісті емес», С.Аманжолов 1958 жылы «Термин деп танылған, қабылданған сөздің бір-ақ мағынасы болуы керек. Екіұшты мағына беретін сөз термин болып жарытпайды», – деп жазыпты. Қазақстандық ғалымдардың пікірі кәзір де өзгермеген. Әл-Фараби университетінің хабаршысында ғалым К.А.Меңілбаева «Терминдердің ерекшелігі басқа сөздер ыңғайына қарай түрлі мағынада жұмсалып, көп мағыналы болып келсе, терминдер негізінен дара мағынасында жұмсалады. Яғни, дара мағыналы болу-терминдерге тән басты ерекшелік, басты талап», – дейді.
Жалпы, қазақ тілінін атау сөздері мен терминдері де басқа халықтардікі секілді біртіндеп өзгеріп, нақтыланып, дамып келе жатқан-ды. Еліміздегі бұрынғы тіл жөніндегі еңбектерге көз жүгіртсек, әсіресе 1920-1930 жылдары бұл салада көп жұмыс атқарылыпты. Сол кезеңде де (қазіргідей теріс мағына беретіндері аз демесеңіз) олардың ішінде анайылары мен күлкілілері жетіп артылған екен. Бастапқы жылдары, мәселен, пойыз-отарба, паравоз-қара айғыр, материалистер-затшылдар, материализм-затшылдық, капитал-дәулет, капиталистер-дәулетшілер, радио-сымсыз телефон, методист-әдісшіл, т.б. деп аударылыпты.
Бірақ бастапқы жылдардағы мұндай және басқа да осыған ұқсас олқылықтар кейін, негізінен, түзеліпті. Мысалы: « жоғарғы өркендер» – жоғарғы органдар, «партияның басалқылығы» – партияның жетекшілігі, «орындау комитеті» – атқару комитеті, «әлеумет жұмысы» – қоғам жұмысы, «жасау құралдары» – өндіріс құралдары, «халық ара күй» – халықаралық жағдай, т.б. болып өзгертіліпті.
Дегенмен, тілімізді қазіргі «өркендетушілер: «Сендер сынап отырған болмайтындықты білдіретін немесе кері мағына беретін жұрнақтар жаңа сөздер жасауға қолайсыз болса, Совет өкіметінің алғашқы жылдарында зиялыларымыз оларды қолданып «басқарма», «баяндама», «міндеттеме», «тапсырма» деген терминдерді неге шығарған?» – деп дау айтулары да мүмкін. Расында неге? Маған большевиктердің саясаты мен ісіне қарсылық ретінде деген ой келеді. Мүмкін қателесермін, сөйтсе де, сол кездегі қазақ зиялылары большевиктердің құрметті, ізгі адамдарды қудалауына, халықтың мал-мүлкін тартып алуы мен тәркілеуіне, жер аударуларына, кейін жаппай ашаршылыққа ұшыратып, миллиондап қырып салуына ашық қарсы шыға алмағандықтан, олардың «управление», «доклад», «обязательство», «задание» дегендерін қазақ тілінде кері мағына беретіндей етіп аударған секілді. Ол ойымызды бастапқыда «тапсырыс» делінген терминнің «тапсырма» болып өзгертілуі де дәлелдей түседі.
Ал кейінгі жылдары ондай сөздер қайшылықтарына қарамастан санамызға сіңісті болып кетті. Оның үстіне, тіліміз шын мәнінде қоғамдық, саяси және экономикалық салаларда қолданылмағандықтан, ондай терминдердің кері ұғымдар беріп тұрғандықтарына ой жүгіртілмеді. Ой жүгіртіп беретін түсінгендер солақай саясаттан қорқып үндемеді. Халқымыздың отарлық езгі мен қырғыннан әбден бұқпантай, енжар болып қалуы да өз рөлін атқарды.
Сонымен, қазір тіліміздегі термин мәселесі осындай мүшкіл күйде. «Ана тілі» газетінің биылғы жылғы 18-24 қаңтардағы санында «Мемлекеттік тіл» қозғалысының төрағасы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры, кеңес заманының өзінде шет елдерде дипломаттық қызметтер атқарған Сайлау Батыршаұлы: «Жаңа терминдерді түсінбеудің салдарынан қазақ тілін жақсы меңгерген адамдардың өздері орысша оқуға мәжбүр болуда. Мәселен, мен министрлікте, әкімдіктерде жұмыс істейтін таныстарымнан: «Сіздер заң, қаулы, жарғы, ережелерді қай тілде оқисыздар?», – деп сұрағанымда: «Әрине, бұрын қазақ тілінде оқитынбыз. Бірақ орысшадан көп сөздердің аудармасы түсініксіз болған соң, орыс тіліндегі нұсқасын оқитын болдық», – дейді. Бұл сапасыз аудармадан, ойдан шығарылған терминдердің себебінен орын алды», – деп жазыпты.
Бұл мәселедегі үлкен үмітіміз – Президентіміздің халықаралық терминдер туралы айтқандары. Елбасының нақты мысалдар келтіре отырып, 2006 жылғы мамырда және 2014 жылғы қыркүйекте бұл саланын жайына тоқталып, орын алған кемшіліктерді және оны түзетудің жолдарын көрсеткені әлі есімізде. Бірақ БАҚ-тарымыз олардан қорытынды шығармаған еді. Сондықтан болар, Президентіміз бұл мәселеге қайта оралып, Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет», – деп тағы да атап көрсетті.
БАҚ-тарымыз бұрыңғыдай емес, Елбасының осы жолғы нұсқауын орындайтын шығар деп үміттенеміз. Сөйтіп, тіліміз қайтадан дәл ұғынықты, түсінікті қалпына келер, қалыптасқан әдеби нормасына оралар. Бірақ жіберілген кемшіліктерді түзетудің оңай болмайтыны да белгілі.
Ораз Жүніс,
зейнеткер.