
Елімізде еңбекқор жандарға кәсіптің көзін тауып, аяққа тұруына жан-жақты мүмкіншілік қарастырылған. Бұл жағынан келгенде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасымен беріліп келе жатқан қайтарымсыз гранттардың берері мол.
Мәселен, Тұғыл ауылдық округі Байтоғас елді мекенінің тұрғыны Олжас Айтышев былтыр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «кәсіпкерлік негіздері» курсын аяқтап, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 555 мың теңге қайтарымсыз грант алды. Бүгінгі таңда тауық өсірумен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
- Бизнес жоспарымды құрып, курсты аяқтап, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Алған қаржыға тауық сатып алған едім. Шамамен тауық санын 150-ге жеткізсем деймін. Жұмыртқаларын Ақжар ауылына апарып, сауда нүктелеріне өткізіп жүрмін. Экологиялық таза, қолдың жұмыртқасы болған соң сұраныс жақсы. Қора-жайды жылы ұстап, жем-суын уақтылы беріп отырсаң, қыста да жұмыртқалайды, –дейді кәсіп иесі Олжас Айтышев.
Тарбағатай аудандық жастар ресурстық орталығының Тұғыл ауылдық округі бойынша жастар ісі жөніндегі маманы Жадыра Ноқатованың айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы бойынша былтырғы жылдың қазан айынан бастап, Тұғыл ауылдық округінің бес азаматы қайтарымсыз грант жеңіп алған. Соның бірі Олжас Айтышев болса, Гаухар Оқышова шаштараз, Күміс Ақпаева тігін цехын ашып, жергілікті жерде жеңіл өнеркәсіпке ден қойды. Сонымен қатар тұғылдық Евгения Августинович сұлулық салонын, Айжан Бағатбекова тамақ өнеркәсібін қолға алып отыр.
Тарбағатай ауданы.