Тау баласы тауға қарап өседі
Өткен жаз бен күзде Аршатыға екі рет барғанымда жолықтыра алмаған Шалқарды Катонқарағайдан кездестірем деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмепті. Әйтседе осы екі сапарымда да Жатағановтар жайында сырт адамдардан көп жайға қанып, олар туралы бұрын жинақтаған екі «қоржындағы» материалдарымның бастарын теңестіріп қайтқаным бар. Сонда әкесі Құмарбек Жатағановтың орнын басып, өз ісін жүргізіп, жаңа қоғамның белсенді бір мүшесі болып отырған Шалқар туралы да көп жайға қаныққанмын.
Жеті жасқа келгенше арқалап, қолымнан жетелеп өсірген атам: «Балам, адамның ішкі түйсігі болады. Жеке бастағы мәселені шешерде, не алдыңды болжарда оған да сүйену керек. Дұрыс ұстай білсең, ол сені алдамайды. Осыны есіңде сақта», –деген болатын. Содан бері атамның айтқандарына бір емес, бірнеше рет көз жеткізіп жүрсем де, дәл бүгінгідей таңданбаған шығармын. Шалқармен ойда-жоқта жүздесерден бір күн бұрын, неге екенін білмедім, жерлес жазушы Оралхан Бөкейдің өткен ғасырдың сексенінші жылдардың басында жазған «Тау басында қар жатыр» атты очеркі есіме түсті. Жазушы-жерлесіміз шығармасындағы бас кейіпкерлер Құмарбек Жатағанов пен оның әріптесі Нұржан Балабаевтың өз істеріне деген адалдығы мен еңбектегі ерліктерін сөз ете келе, ғарышқа адам ұшырылып отырған, ғылым мен техника дамыған өркениет заманындағы катонқарағайлық малшылардың бастан кешіп келе жатқан ауыр тұрмыс жағдайлары, мәдени қамтудан мүлдем шет қалғандығын мәселе етіп көтерген болатын. Түннің бір уағы болып қалса да, жеке кітапханамды ақтарып, О.Бөкейдің соңғы жылдары шыққан жинақтарының ішінен «Тау басында қар жатыр» очеркін тауып алып қайта бір сүзіп шықтым.
Ертеңінде аудандық ауруханада дәрігерге кіруге кезегімді күтіп отырғанымда жанымызға бұрын өзім бұл маңнан кездестірмеген, ұзын бойлы, батыр денелі бір жігіт келіп сәлемдесті. «Жақсыда жаттық жоқ» деп бекер айтылмаған ғой. Сырт тұлғасы қандай келісті болса, ішкі дүниесінің де тазалығы әр сөзінен, жүріс-тұрысынан байқалып тұр. Өзіме бейтаныс жігіттің Аршатының тумасы, бір кәсіпкер әйелмен емен-жарқын сөйлесіп, ауылдағы ағайындарының аман-саулығын білісіп отырғанына қарап:
– Жігітім, сен де Аршатыдан ба едің? – дегенімде:
– Иә, есімім – Шалқар, Құмарбек Жатағановтың баласы боламын, мен Сізді сыртыңыздан білемін, – деп сәл жымиып жауап берді. Ішкі түйсік алдамайды деген осы да. Тағы да енді мына сәйкестікті қараңызшы?!. Оралхан Бөкей өз шығармасының бас кейіпкері Құмарбек қойшыны алғаш рет Өрелдің ауруханасында жолықтырып дидарласса, мен одан отыз жеті жылдан соң оның ұлы Шалқармен бірінші рет Катонқарағайдың ауруханасында кездесіп, танысып отырмын.
Оралхан Бөкей сол очеркінде: «Қазір біз Құмарбек Жатағановтың қыстауын, бала-шағасын іздеп келеміз. Өзімен совхоздың ауруханасында жолыққанбыз. Сырқат екен. Екі тізесі қақсап, сыздап бастырмай қалған соң амалсыз ауруханаға түскен.
– Түсуін түстім-ау, енді осы ауруханадан шыға алмай отырмын, – деді ер тұлғалы, қара торы Құмарбек. Қойшыны қыр басында, қой соңында емес, аурухананың ала шапанын киген күйде көру қызық болады екен. Денсаулығын сұрасақ та, малдың жайын тілге тиек ете алмадық».
Менің де сондай күйде тұрғанымды түсінді ме, өзі жайында әңгімені Шалқар қысқаша баяндай берді.
– Он үш баланың бірі болып, – дейді ол, – үлкен отбасында дүниеге келдім. Барлығымыз да ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, адал еңбектің бағасы мен қадірін ата-анамыздың тірлігінен көріп ержеттік, бір-бір үй болдық. Өмір жолы сан тарау. Бірге тумақ болғанмен, бірге тұрмақ жоқ. Үлкен ағаларым мен апайларым өмірдегі өз жолдарын тауып, бірі қала жағаласа, енді бірі өз шаңырақтарын көрші ауылдардан көтеріп тарап кетті. Әке балаға сыншы емес пе? Өзгелерге қарағанда мінезімнің өзгешелігін байқады ма, әлде өз ізін жалғайды деп таңдады ма, білмеймін, ата-анам мені жандарында, көз алдарында ұстады. Сөйтіп, мен мектеп бітірген соң әкеме болысып, ауылда қалдым. Біздің арамызда өткен заманды мақтайтындар да, қалайтындар да жоқ деп айта алмаймын. Алайда социализмнің құрылысында болғандардың қағанағы қарық, сағанағы сарық болғандары шамалы. Солардың бірі – менің әкем. Өмір бойы бел шешпей, адал еңбек еткен ол бұл өмірден не көрді? Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпай еңбекке араласып, жаздың аптап ыстығында ұзақ күн аттан түспей, қыстың қақаған суығында аяғына тақа байлап, құлама шыңға жаяу өрмелеп қой жайса да, совет үкіметінен бар көрген жақсылығы ешнәрсеге жеңілдігі жоқ, құр мадақтамалар болды. Ақыры бар денсаулығынан айырылып, үлкен бейнетпен жеткен зейнетінің қызығын толық көре алмай өмірден ерте кетті.
Қазір заман басқа. Төккен теріңнің қызығын өзің көресің, жемісін өзің жейсің. Екі мыңыншы жылдардың басында ел қатарлы өз ісімді ашып «Шұғыла» атты шаруа қожалығымды құрдым. Жанымда туған інім Садық бар. Бар жұмысты бірігіп атқарамыз. Далада жеңіл киініп жүріп, суық тигізіп алдым ғой деймін. Мойным бұрғызбай ауырған соң ауруханаға келгенім ғой.
Ауылдан екі-үш километр қашықтықтағы әкесінің қыстауы болған Құлағанжар телімін өз иеліктеріне меншіктеп алған ағайынды жігіттер алғашқы уақытта алты жүз бас қой ұстап, атакәсіпті жалғастырмақ болған. Уақыт өте келе тек қана қой шаруашылығымен айналысудың өздеріне тиімсіздігіне көз жеткізе келе, ұсақ мал басын мөлшермен ғана қалдырып, негізгі бағыттарын мүйізді ірі қара мен жылқы өсіру етіп алған екен. Ш.Жатағановқа жеке ісін оңалтуға «Сыбаға» ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасының үлкен көмегі тиіпті. Одан жеңілдетілген пайызбен алған сегіз миллион теңге несиеге қырық шақты бас сиыр сатып алып, бүгінде мүйізді ірі қара малының басын жүз басқа жеткізіп отырған жайы бар. Алған несиесінен уақтылы құтылған. Бұзауларды сол туған жылы шеттен мал алуға келгендерге тиімді бағаға өткізіп, шаруашылығын сеніммен жүргізіп келеді. Көп жылғы тәжірибесінің арқасында мал өсірудің жағдайын арнаулы оқуы бар, жоғары білімді мамандардан да жақсы білетін Шалқар екі жылда бір сырттан бұқа сатып әкеліп, сиыр табынын асылдандыру ісімен де айналысады. Соның арқасында бүгін оның иелігіндегі мүйізді ірі қараның негізін қазақтың ақбас сиырлары мен герефорд тұқымдары құрап отыр. Әйтсе де Шалқар кеңес заманында бұрынғы Катонқарағай ауданының совхоздарында өсірілген галловей тұқымының қалмағанына өкінеді. Қыстың суығына төзімді, жатар орын мен жемшөп талғамайтын, жасы толған, жақсы қоңданған бұқасының тірідей салмағы бір тоннаға, сиырынікі алты-жеті жүз килограмға дейін жететін бұл тұқымды енді табу қиын.
«Елдің атын ері, ердің атын елі шығарады». Береке-бірлігі жарасып, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып отырған Аршаты ауылының сүйеніштері де, сүйініштері де өз тумалары. Сол атпал азаматтардың қатарында Шалқар Құмарбекұлы да бар.
Аз уақытта ғана созылған екеуара әңгімемізден кейін Шалқар тез орнынан тұрып кетті. Бойында бір нәрсеге алаңдаушылық бар сияқты. Бәлкім, оны алыста, қыздары Шұғыламен отырған жолдасы Айнагүлдің жағдайы немесе қыс көзі қырауда көзінен таса қалған шаруашылығының жайы мазалады ма? Ол ешкімге тіс жарған жоқ.
Жәнібек Қабдуәлиұлы
Катонқарағай ауданы.