Қоғам

Таврияда тамаша мектеп салып жатыр

Таврияда тамаша мектеп салып жатыр

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жұмыс сапарымен Ұлан ауданын аралап, Таврияда салынып жатқан жаңа мектептің құрылысын көрді. Сол ауылда тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Георгий Гудковты көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін мерейлі мерекелермен құттықтады.
Былтыр жазда ғана қазығы қағылған 320 орындық мектептің құрылыс жұмыстары бұл күнде аяқталуға жақын. Төбесі жабылып, есік-терезелері орнатылған, электр желісі толық тартылған. Тек ішкі әктеу, әрлеу жұмыстары қалыпты. Мердігер мекеме «Фирма Азия» ЖШС-нің директоры Сәуле Досқұжанованың айтуынша, білім ошағы ағымдағы тамызға дейін тас-түйін дайын болмақ.
– Шаруаның көбі бітіп, азы қалды. Қазір мұнда сексенге жуық адам еңбек етіп жүр. Бастапқы кезде олардың саны 400-дің үстінде болған. Жұмыскерлердің барлығы өздерінің ісін жетік меңгерген мамандар. Құрылыс сапасы ұдайы бақылауда. Ең бастысы, мектепті салғанда қолданылған материалдардың 95 пайызы отандық өнім. Цементтен бастап кірпіш, төбесін жапқан металл шатыр, пластик терезелерге дейін өзіміздің өңірде өндірілген. Соның арқасында құрылыс материалдарына жұмсалған қаражат өзімізде қалды, – дейді Сәуле Досқұжанова.
Жаңа білім ұясына қажетті технологиялық қондырғыларды да мердігер компания қазынадан бөлінген қаражат есебінен сатып алып, дайындап қойыпты. Құрал-жабдықтардың барлығы жобалық-сметалық құжатта көрсетілген 871 млн. теңге қаражаттың ішіне кіреді екен. Оның ішінде парта мен тақтадан бастап заманауи интерактивті тақталар, проекторлар, дербес компьютерлер, зертхана жабдықтары, еңбек және спорт құралдары, бәрі бар.
Ғимаратты аралап көрген аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ атқарылған шаруаға көңілі толатынын айтты.
– Өте жақсы. Құрылыс сапасы жоғары екендігі бірден көзге көрініп тұр. Осылай жалғастыра беріңіздер, – деп атап өткен облыс әкімі мектептің қасындағы үлкен футбол алаңын көріп, ол жерге жеңіл атлеттер жүгіретін жолақ төсеу қажеттігін тапсырды.
Ұлы Отан соғысы жылдары Владивостокта 52-ші пулемет-артиллерияшылар полкінде радиотелеграфшы болып әскери борышын атқарған Георгий Гудков мамырдың 6-сы күні 91 жасқа толыпты. Үлкен Нарын ауданының топырағында дүниеге келіп, бұл күнде Таврия ауылында тұрып жатқан қарт майдангерді туған күнімен, сондай-ақ, Отан қорғаушылар, Жеңіс күні мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсету үшін облыс әкімі ардагердің үйіне арнайы ат басын бұрды. Зұлмат жылдардың белгісіндей кеудесінде самсаған орден-медальдары күнге шағылып, жарқ-жұрқ еткен соғыс ардагері Георгий қария шаңырағына түскен құтты қонақтарды ақжарқын пейілмен қуана қарсы алды.
– Мереке құтты болсын! Сіздер жасаған ұлы ерлікті кейінгі ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Сіздердің алдарыңызда борыштармыз. Деніңізге саулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін. Аман-сау жүре беріңіз! – деп ағынан жарылған аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ соғыс ардагеріне арнайы әкелген сый-сияпатын табыстап, құттықтады.
Бұдан кейін облыс әкімі аудан орталығы Қасым Қайсенов кентінде салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Іргетасы енді ғана қаланып басталған 40 пәтерлі екі тұрғын үйді жергілікті мердігер мекеме «ЮКО» ЖШС алдағы қазан айында толық бітіріп, қолданысқа бермек.
– Біздің компания бұл салада біраз жылдан бері істеп келеді. Осыған дейін шамамен 15-ке тарта көпқабатты үй тұрғыздық. Тәжірибе бар. Техникаларымыз да, жұмыс күшіміз де жеткілікті. Бұйыртса, биыл күзде екі үйді де аяқтаймыз, – дейді «ЮКО» ЖШС-нің басшысы Александр Юрченко.
Аймақ басшысы өз кезегінде жаңа үйлердің шаршы метрі қанша болатынын сұрады. Құрылысшы фирманың есебінше, Қасым Қайсенов кентінде бір шаршы метрі шамамен 116 мың теңге екен. Өскеменде бұл 140 мың теңгеден кем түспейді. Өйткені, облыс орталығында тұрғын үйлердің сейсмикалық қауіпсіздігі үшін біраз шығындануға тура келеді. Ал іргесі тиіп тұрса да аталмыш кентте сейсмикалық қауіпсіздік жүргізілмейді. Бар айырмашылық осында.
Аудан орталығында жобалық құны 538 млн. теңгеден асатын 100 пәтерлі тағы бір тұрғын үй салынып, өз иелерін күтіп дайын тұр. Тек айналасын абаттандырып, гүлдер егу ғана қалыпты. «Бәйтерек-Девелопмент» АҚ-ның тапсырысымен бой көтерген бұл үйлер ағымдағы 1-ші маусымда қолдануға беріледі. Жаңа нысанды аралап көрген аймақ басшысы сапасы жақсы, бағасы қолжетімді мұндай баспаналарды көптеп тұрғызу қажеттігін ескертті.
– Бұл үйлер кент тұрғындарымен қоса басқа адамдарға да сатылады. Айталық, бағасы қолжетімді болған соң Өскеменнің өзінен келіп пәтер алуға ниет білдіріп жатқандар бар. Бұның бізге пайдасы зор. Жаңа пәтерлер иелерінің көбісі – жастар. Яғни, олармен бірге аудан орталығындағы балабақшалар мен мектептерде балалардың саны көбейіп, шағын және орта кәсіпкерлік нысандары үшін тұтынушылар легі артады. Табыс әкеледі. Мұның бәрі аудан экономикасын дамытуға оң ықпалын тигізеді, – дейді Ұлан ауданының әкімі Дәулет Батырбаев.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button