Қоғам

Тауықтан табыс тауып, ауылдастарына үлгі болып жүр

Тауықтан табыс тауып, ауылдастарына үлгі болып жүр

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Ұлан ауданында болды. Аймақ басшысы ауданда атқарылып жатқан шаруалардың жай-күйімен танысты, құрылыс мерзімін кешіктіріп жүрген мердігерлер жұмысын сынға алды.
Баяш Өтепов ауылының тұрғыны Меруерт Әлімбетова «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында мемлекеттен 3 млн. теңге несие алып өзінің жоспарлаған бизнесін дөңгелетіп әкеткен. Ауласында қазір шағын құс фермасы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күні 1000 тауық өсіріп отырған кәсіпкер алдағы уақытта күніне 700 жұмыртқа алуды жоспарлап отыр. Ең бастысы, ерлі-зайыпты Меруерт пен Қанат тауықтарға арналған жайлы орын немесе тағы басқа бағасы қымбат керек-жарақ сатып алып шығындалмапты. «Барлығын қолдан жасап алдық», – дейді олар. Шлакблоктан тұрғызылған шағын ферманы, оның ішіндегі қажетті температураны ұстап тұратын пешті де, тауықтарды қамайтын арнайы орындарды да олар қолда бар материалдардан құрастырған.
Облыс Әкімі ауылда отырып шағын кәсіптерін шырқ иіріп отырған жанұяның жетістіктеріне ризашылығын білдірді. Шағын ферманы аралап көрген аймақ басшысы бұл барлық ауылдарға үлгі боларлық іс екендігін айтты.
– Міне, бұл нағыз еңбек, қазір мемлекет еңбек етем деген адамдарға барлық мүмкіндіктерді жасап отыр. Ауылда отырғаннан кейін осылай тірлік жасау керек. Жұмыс жоқ деп отыра беруге болмайды. Меруерттің ауласынан шыққан дайын өнім ертең облыс орталығына жететін болады. Біз өндіруші мен тұтынушыны делдалсыз байланыстыру үшін «Fresh market» сынды фермерлік дүкен ашып отырмыз, – деді облыс Әкімі.
Меруерт Әлімбетованың айтуынша, Черемшанкадан әкелінген тауықтардың азық рационына бидай, арпа, жымық сияқты қолда бар астық өнімдері мен арнайы талаптармен дайындалатын түрлі витаминдер кіреді екен. Шағын фермаға қазірдің өзінде екі адам жұмысқа тартылыпты, алдағы уақытта тағы да ауыл тұрғындары еңбекпен қамтылмақшы.

Алғабастағы мектепті ақпанда аяқтаймыз дейді

Бұдан кейін облыс Әкімі Алғабас ауылына ат басын бұрды. Мұндағы өзекті мәселе – 2011 жылдан бері аяқталмай жатқан мектеп құрылысы. Ғимараттың сыртқы жұмыстары аяқталып қалғанмен, кем-кетік жерлері көзге ұрып-ақ тұр. Ішкі әрлеу жұмыстары қолға енді алына бастапты.
Облыс Әкімі құрылысты сағызша созып, уәделерінде тұра алмаған мердігерлерді қатаң сынға алды.
– Мектеп тау етегінде орналасқандықтан, көктемде ғимаратты су басу қаупі бар, осы жағын байқаңыздар. Жобалау жұмыстарын нақтылаңыздар. Мектептің акт залын қарап шықтым, жоба бойынша залдың жартысына жуығын сахна алып тұр. Ол не үшін? Сахнаны кішірейтіп, көрермендер орнын үлкейту керек, мектепті пайдалануға беретін уақыт жетті, – деді облыс Әкімі.
Мердігерлер болса, құрылыс 1,5 айдың ішінде аяқталып, ақпанда Алғабастың оқушылары жаңа ғимаратқа аяқ басады деп уәделерін тағы үйіп-төкті.
Естеріңізге сала кетейік, құны 249 800,0 мың теңгені құрайтын, 80 орынға арналған мектеп құрылысы 2011 жылдың мамыр айында басталған болатын. Жауапты мердігер – «Востокспецавтоматика» ЖШС.
Ұлан ауылындағы су құбыры жүйелерінің құрылысы да 2011 жылдан бері жүргізіліп келеді, әлі аяқталған жоқ. Облыс Әкімі құрылыс нысанының басына барып, істің мән-жайын көзбен көрді. Құрылысшылардың айтуынша, құбыр тартылып, қажетті қондырғылардың барлығы орнатылып қойған. Алайда, негізгі қорқыныш күннің суып, судың қатып қалуында екен. Нысанға жауапты адамдар облыс басшысына алдағы уақытта жұмысты аяғына дейін жеткіземіз деп уәде берді.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осы ауылда жаңадан ашылған тойхананы да көріп шықты. Ауыл тұрғыны Қонысбек Бексұлтанов мемлекеттен несие алып, ауылдағы науқандар мен тойларға арналған 250 орындық ғимаратты тұрғындар игілігіне берген.
Айыртау ауылында да игі істер баршылық. Ауыл тұрғыны Мұхаметолла Ағзамов ескі МТС ғимаратын қайта жөндеуден өткізген. Қазір мұнда 4 адам еңбек етеді. Облыс Әкімі ғимаратты аралап көріп, мекеменің техникалық жабдығын, егістік көлемін, тағы басқа өзекті мәселелердің мән-жайын сұрап білді.

Қасым Қайсенов кентінде – қоныс той

Ұлан ауданының орталығында 40 пәтерлі екі бірдей көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. 2012 жылдың шілде айында алғашқы қазығы қағылған құрылыс нысаны межелі уақытында беріліп, пәтер кілттері тапсырылды. «Қол жетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша салынған тұрғын үй ең алдымен кезекте тұрған аз қамтылған отбасылар мен көп балалы аналарға, ардагерлер мен жетімдерге, жас мамандарға үлестірілді.
Осы салтанатта сөз сөйлеген облыс басшысы атқарылған шаруаға ауданның бұрынғы әкімі Серік Төленбергеновтың үлесі мол екендігін атап өтті.
– Бұл – ел экономикасының қарыштап алға жылжып бара жатқандығының айқын көрінісі. Елбасымыз жүргізіп отырған салиқалы саясаттың арқасында қазір Өскемен, Семей сынды қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да тұрғын үйлер құрылысы қарқын алып келеді. Біз алдағы уақытта да баспаналы отбасылардың санын көбейте түсеміз, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.
Салтанатты жағдайда пәтер кілтіне 10 баланың анасы, алтын алқа иегері Зұлқарнайын Қайсақызы, ата-анасыз қалған, тәрбиеші қамқорлығына алынған Аяна Әлімбаева сынды бірнеше адам ие болды.
Облыс Әкімі бұдан кейін аудандық мәдениет үйінде аудан активімен кездесіп, тұрғындар сауалына жауап берді.

Осы айдарда

Back to top button