Руханият

Тауып алған тағаға қатты қуанып еді

Тауып алған тағаға қатты қуанып еді

Таяуда ақын Фариза Оңғарсынованың қайтыс болғанына тура 1 жыл толды. Ақын апайымыз тірі болғанда бүгінде 76 жасқа толар еді-ау.

«Бауырларым Совет-Мәуештің Нұрсұлтаны елдің намыс туын көтерер азамат болғай! Тілекші Фариза апасы. 1997 ж. 03.07» деген қолтаңбасы бар ақын апамыздың «Шашы ағарған қыз» атты кітабы менде әлі сақтаулы.
Елбасымыздың Абай еліне келген сапарында дүние есігін ашқан немересіне анам Рақыш Нұрсұлтан деген есім берген еді. Ақынның кітапқа қалдырған қолтаңбасына анам Рақыш қатты риза болды. Бүгінде Нұрсұлтан – үлкен азамат, жоғары білімді маман.
Мұны айтып отырған себебім, 1997 жылдың тамылжыған тамыз айының 3-ші жұлдызында Фариза апайымыз бастаған топты Семей-Қарауыл күрежолының бойындағы «Жолыңыз болсын!» аялдамасында сол жылдардағы аудан әкімі Дәулеткерей Доғамбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Құмарғазы Балтабеков, ақын Төлеген Жанғалиев, Қасқабұлақ ауылының басшысы Амантай Мұқатаевтармен бірге қарсы алғанбыз. Фариза апайымыздың жанында Парламент депутаты, осы елдің азаматы Нәубет Қалиев, Семейдегі «Үш анық» газетінің ректоры Мағрипа Тілеубекова болды.
Өр кеуделі, қыран қабақты ақын ойға шомып тұр. Толқынды ақ шалған шаштары артқа қайырылып, маңдайы жарқырап, тас мүсін болып қатып қалған. Ешкім ақынның ішкі тебіренісін бөлгісі жоқ. Өзіне-өзі келіп, сабасына түскен ақын кілт басын көтеріп Дәулеткерей Доғамбековке:
– Бауырым, жас басшы екенсің. Қасқабұлақтағы шай-пай күте тұрар. Ерте күнді кеш қылмай Бөріліге тартайық. Ол Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған жер емес пе? Омархан әкеміз бен анамыз Нұржамалдың кесенесі де сол жерде. Абайдың бәйбішесі Ділдә, Әйгерімнің, Ақылбайдың да зираты сонда. Бұл жерлер – түнде түсіме кіретін, күндіз ойымнан кетпейтін жерлер. Шыңғыстауға сапарымды осы жерлерден бастайын, – деген кесімді сөзін айтты.
Бөрілідегі мұражай үйін аралап, Омархан мен Нұржамалдың аруақтарына тәу еткен ақын бастаған топ Бөріліден құрық тастам жердегі «Аралтөбе», «Тышқан» қыстақтарын бетке алды.
Қасқабұлақ ауылының басшысы, әдебиет, өнер, спорт десе ішкен асын жерге қоятын Амантай Мұқатаев ағамыз да бір серпілді. Фариза апайымыз Амантай ағамыздың сөзіне ерекше ден қойып, зор ілтипатпен тыңдады. Тәкаппар ақын тәкаппар басшының сөздерін салмақтап, ой елегінен өткізді.
– Әлеке, әдебиеттің майын ішкен майталмансыз ғой. Мойнымды өзіңізге қарай бұрып отырғаным дұрыс болар, сірә? Өйткені, әңгімеңіз ұнап, жаныма жағып отыр,-деген ақын апайымыз Амантай ағамыздың әңгімесін одан әрі қарай қыздыра түсті.
Аруақтарға құран бағышталды. Фариза апайымыз үлбіреген ақ орамалын басына тартып, зират басында жеке қалды. Ақынның ішкі толғанысы мен толқынысы, жүрек соғысы бозторғай үнімен астасып жатты. Ділдәнің, Әйгерімнің, Ақылбайдың аруақтарымен үнсіз сырласып, үнсіз қоштасқан ақын айналаны ұзақ тамашалады. Жусан аңқыған ауаны тамсана жұтты.
Әлгінде Фариза апайымыз Ақылбайдың зираты жанындағы қалың шөптің арасынан аттың тағасын тауып алған-ды. Кәдімгі ескі таға. Сәл-пәл тот басқанымен, бүтін. Сондағы Фариза ақынның қуанышын көрсеңші, шіркін!
– Ой, айналайындар! Таға – бақыттың кілті. Жақсы ырым. Алла тағала мен аруақтар осы тағаны маған бұйыртып тұр екен. Маған мұнан артық ешқандай құрметтің керегі жоқ. Маған мінгізетін атың мен сый шапаның осы ескі тағаның құдіретінен артық емес,-деп Фариза апайымыз қатты шаттанып еді сол кезде.

Совет Махметов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button