Тауық жылы тапқаным…
«Тауық жылы тапқаным…» дегенге «Е-е, мынау бір алтын жұмыртқа тапқан екен ғой» деп қалмаңыздар. Ешқандай Фаберже де емес, тіпті бірінші сортты ірі жұмыртқа да қолыма түскен жоқ… Тауық түгілі шібиім де жоқ. Құрысын, басынан бастап айтайыншы…
Алдымен, Мешін жылы келіп кіргенде, көршімнің мегежінін аттай қалап, қарызға сұрап алдым. Қарыз тұрмақ, есігінің алдынан қар бермейтін қақбастың өзі де бір күңкілі мен мыңқылы «ағайынды» мыңғыт еді, танауының астынан бір «мыңқылын» арнады да, теріс айнала берді. Әлгі «мыңқылының» мәтібін малданып, мегежініне қарай мекірене беріп едім, «сыйының» салмағын арттырып:
– Қарызды берген жомарт па, алған жомарт па? Екі-үш күнде қайтарарсың, – деп нығыртып қойды.
Мен де «атымның сыры иесіне мәлім», мұндай ірілік көршімнің өз басында көп болмайтынын ескеріп, мегежінін шыңғыртып мәшинеге басып, жылдамдата аудан орталығындағы тамырыма алып келдім. Ол байғұс менен өмір бойы жомарттықтың жұқанасын көрмегеннен бе, жүре шайнаған «жеміне» тұтығып, қақала-шашала:
– Ма-ма-маған б-б-ба? – деді екі көзі семіз мегежінді тесіп, «қық-қық» жөтеліп.
– Саған, тамыр, саған! Тек мені құрқол қайтармай, құнын бере гөр! – дедім жерде теңкиіп жатқан доңызды нұсқап.
– Әлбетте… Әлбетте, – дей жүріп тамырым әкелген «тауарымды» қараңғы қорасына сүйреп апарып, әп-сәтте «жәукемдеп» тастады. Сосын мені жұбатқандай елжірей қарады да:
– Ертең етін базарға шығарам, – деп ыржиып «езуінен енші» берді. Мейлі ғой, сата ма, сойылған етпен бірге қонып жата ма, маған бәрібір болатын. Өйткені, бұл кезде тамырдың қатыны үйінен шығып, менің қолыма бір буда ақша ұстатып жатқан…
Алда Тауық жылы екенін ескеріп, тамыр берген теңгенің бір бөлігіне он тауық сатып алдым. Тауық болғанда қандай, бәрі де түйеқұстай!
– Сөткесіне сегіз жұмыртқа тауып береді саған, – деп сатқан адам саудасының салмағын асыра мақтап, арттырып қойды. Өзім де қумын ғой. Сауда істеп көрмесем де, желінбейтінімді сезіп тұрмын. Желінбегенің не, әлі пайданың үстіне пайда тауып, байып кететінім анық. Сол күні катыныма келіп, базар маңындағы қуларды қалай «шоңқайтқанымды» айтып мәзбін. Біреудің сөзін парықтай алмайтын ол байғұс та ернін бір сылп еткізіп:
– Шал-ау, сен де бір елдің еркектеріне ұқсап сауда жасағаның қандай жақсы болған! Бір күнде сегіз жұмыртқа тапса, он тауық күн сайын сексен жұмыртқаны алақанға қондырады. Он күнде сегіз жүз, жиырма күнде 1600, бір айда 2400 дана! Әр жұмыртқаны 50 теңгеден өткізсек, – қатыным көзі аларып, ерні жыбырлап іштей санап тұр, – сонда деймін-ау, Шылтық-ау, байым-ау, 1 миллион 200 мың теңге ай сайын есігіңді қағып тұрады екен! Шылтық-ау, бұл дегенің шылқыған байлық емес пе?..
– Тұр, әй! Түскіге арнаған майботқаң суып қалады, – деген қатынымның дауысынан оянып кеттім. Құдай-ау! «Аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақтық бұйырмайды» деген осы екен ғой… Әлгінің бәрі түс екенін білгенде, мәшиненің майын ішкендей жүрегім кілк ете қалды.
– Тамырдың ақшасын бердік пе? – деппін сасқанымнан. Шабына от тигендей долы қатын арс ете ұмтылды:
– Сен тағы қарыз алып па едің? О, құдай-ау, бұл қарыздан құтылатын күн бар ма! – деп қатын көгеріп-сазара бастағанда, далаға атып шықтым. Не боп кетті өзі! Жаңа жылға қарызсыз, таза кірмеп пе едік. Бәсе! Мұнша тауық біздің босағаға бітіп көрген жоқ қой. Тауық жоқ, значит қарыз да жоқ… Ойбай-ау! Бүгін қаңтардың бірі екен ғой!.. Қуанғанымнан үйге ұмтылдым…
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.