Тауық жылы талай тойдың куәсі боламыз
Мешін жылы қазақтың қасиетті Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойы аясында қуаныштты сәттерін сыйласа, табалдырық аттаған Тауық жылының да тоғанағы толық. Ел-жұртты елеңдеткен «ЭКСПО-2017» көрмесі мен Универсиада ойындарының байрағын желбірететін бұл жылдың еншісінде басқа да көптеген атаулы күндер мен мерейтойлар бар. Біз өңірімізге еңбегі сіңген тұлғалар мен ұлтты ұйыстырған атаулы жылдарға тоқталар болсақ:
2017 жылы ең алғаш рет мұсылман идеологиясының негізінде жазылған «Құтты білік» кітабының авторы Жүсіп Баласағұнның туғанына 1000 жыл толады.
Қазақстанның қайталанбас бұлбұл көмей әншісі Әміре Қашаубаевтың туғанына 125, қара сөздің хас шебері, жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл болады.
Ұлттың ұлы мұратын айқындап берген Алаш автономиясы үкіметінің құрылғанына да тура бір ғасыр уақыт болады. Дін және қоғам қайраткері, жазушы Халифа Алтай да Алашорда үкіметімен бір жылда өмірге келіпті.
Тек Шығыс жұртына ғана емес, елімізге есімі мәшһұр Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықовтың 95 жылдық торқалы тойын атаусыз қалдырмасымыз белгілі.
Катонқарағай ауданының тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері, журналист-жазушы, өлкетанушы Меңғали Мусин да тірі болса, тоқсанның тұғырына қонар еді биыл. Сондай-ақ, журналист, «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінің бұрынғы бас редакторы Мұқан Әбуғалиевтың 85 жылдық мерейтойы ізбасарларының есінде.
Өңірде Тауық жылы көптеген жыр мүшәйралары мен өнер сайыстарының көрігі қызатыны сөзсіз. Өйткені, Шығыстағы қазақ руханиятының қазанын қайнатқан Өскемен қаласының құрметті азаматы, ақын, журналист Серік Ғабдуллин, ақын, журналист Тұрғазы Нұқаев, әнші, актер, өнер қайраткері Ораз Кәкеев, Өскемен қаласының Құрметті азаматы, академик Ережеп Мәмбетқазиев сынды ел азаматтарының 80 жылдық мерейтойы. Сондай-ақ, журналист, ақын Әлібек Қаңтарбаев, белгілі баспагер, журналист, жазушы Қайырды Назырбаев, архелог-ғалым Зейнолла Самашев сынды азаматтар 70 дейтін жастың жалауын желбіретеді биыл. Ән өнерінің аспанында шолпан жұлдыздай жарқыраған Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның 60 жылдығы да Тауық жылымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бұдан бөлек, биыл Мемлекеттік рәміздеріміз: Ту, Елтаңба және Әнұранның бектілгеніне, Өскемендегі облыстық халықтар Достық үйінің құрылғанына, Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына, Қазақстан Отан қорғаушылар күніне 25 жыл толады.
Біз айтқан даталар өңірдегі аталып өтетін торқалы тойлардың бір парасы ғана, әрине. Аманшылық болса, Тауық жылы талай тойдың куәсі боламыз.
Арман Марқа