Қоғам

Тауық бағып, табысқа жетіп отыр

Тауық бағып, табысқа жетіп отыр


Белоусовка кентінің тұрғындары тауық өсіріп отырған кәсіпкер Сәкен Сахариевті жақсы таниды. Үш жылдан бері қаз, тауық бағып, осы кәсібін отбасылық бизнеске айналдырған азаматтың қолындағы 1500 құс күніне 1000 дана жұмыртқа беріп, жесе ет, сатса пұл болып табыс көзіне айналып отыр.

Үйреншікті «үйлерінде» жайбарақат жүрген құстар кенет дүр ете түсіп, қыт-қыт-қа баса жөнелді. Ештеңе түсінбей қалдық.

– Тауық сондай сезімтал құс. Міне, жем салып жүрген шелекті ұстағаным сол еді, науаға қарай жапырыла жүгіріп, у-шуға басты. Шелекті көтергенімді көре қап, жем жеуге асығып жатқан түрлері. Су құюға ыңғайлансаң да осы, сезе қояды, ыдыстарды көрсе болды, бір-біріне дыбыс беріп, қо-қо-қоқ деп өздерінің тамаққа бас қояр алдындағы дағдыларына салады. Тауықтар күнделікті кіріп жүрген адамды да жақсы біліп алады, өздері көріп жүрген адамнан өзге жан жуып кетсе жатырқап, қауырсын, қанаттарын қопитып шыға келеді, бөгде адамды жақындатқысы келмейтін кірпияздау құс. Тамағын жерден шоқып, тауып жейтін тынымсыз, еңбекқор келетін тауықтар сонымен қоса тез аңғарғыш, байқағыш, сақ құс. Сезімталдығы соншалық, бөтен адам кірсе, көп адам кіріп-шығып жүрсе, мазасызданып, жұмыртқа баспай қояды. Балапандарын, шөжелерін қорғаштап, қасынан шықпайтын тауықтың мейірімділігі де көп, – дейді бірнеше жылдан бері тауықтардың мінезіне қанық болып, оларды бағып-қағудың қыры мен сырын әбден біліп алған Сәкен.
Сахариевтар отбасының өсіріп отырғаны немістің «Ломан браун» тұқымдас тауықтары. Кәсіпкер оларды бұрындары Талдықорғандағы құс фабрикасынан балапан кезінен алып келсе, былтырдан бері Ресейден, Украинадан жұмыртқалар алдырып, содан шыққан балапандарды өсіріп жатыр. Біздің өңірдің ауа райы жағдайында осындай қызыл тауықтарды ұстаған қолайлы көрінеді. Қазір шаруашылықта 1500 тауық болса, көктемде соның 1000-ы сатылып, 500-і қалдырылып, сол сатып алған жұмыртқаның балапандары есебінен, саны қайтадан көбейтіліп, жаңаланып отырады. Балапандар күзге қарсы өсіп, жетіліп, жұмыртқа бере бастайды. Жұмыртқа жыл көлемінде үзілмейді, тауықтар күнде жұмыртқа бергенімен жаз мезгілінде біршама азая түседі. Жазда ауылдық жерде тауыққа қарау да қиындау, ауыл иттері маза бермейді, жайылатын жердің тарлығы тағы бар. Құс санын жаз кезінде азайта түсудің бір себебі де осында. Қыста жылы қорада тұрады.

Тауықтарды бағып, күтуге көмектесіп жатқан Асқар Кенжебаев құстың бабын жақсы біледі, жемшөбі мен суын уақытымен беріп, қора-жайдың тазалағын сақтап, құстардың жағдайын жасап жүр. Құстарға қажетті жем қаладағы арнайы сауда орындарынан сатылып алынып келеді. Енді үлкен шаруашылықтармен келісімшартқа отырып, азықты солардан тікелей сатып алу жағы ойластырылуда. Өйткені, құстың жеміне көп шығын кетеді. Бір тауық күніне 130 грамм жем жейді десек, сонда 1000 тауыққа 130 келі жем қажет. Оған қоса 200 қазға да аз жем кетпейді. Жылына 50-60 тонна жем керек. Табыстың 30-40 пайызы осы тауықтардың азығына кеткен шығыннан тұрады екен.

Жабайы тауықтарды адам баласы осыдан бірнеше ғасыр бұрын қолға үйреткенімен, ұлтымызда тауық ұстайтындар, соның ішінде қаз, тауық шаруашылығымен айналысып жатқан отбасылар әлі де болса аз. Сәкен де бұл кәсіпке тәуекелге бел буып келіпті. Туып-өскен жері Зайсан ауданында агроном маманы, бригадир, есепші де болып, ауыл шаруашылығы саласында талай жыл еңбек еткен ол бертінде Глубокое ауданының Белоусовка кентіне қоныс аударғаннан кейін кәсіпкерлікпен шұғылдану туралы шешімге келеді. Кентте мал ұстауға мүмкіндік жоқ. Ірі қараны, ұсақ малды өріске шығару үшін ауылдан кемінде бес шақырым жерге дейін айдап апару керек. Жайылымдық, егіндік жердің жоқтығынан таңдау ақыры тауыққа түседі. Кәсіпкер өзі сияқты қарапайым ауыл адамдарына шағын несие беріліп жатқандығын газеттен оқып біліп, аудан орталығына барып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысуға өтінім берген.

– Глубокое аудандық әкімдігі ниетімді құптап, қолдау көрсетіп, несие де тез арада қолыма тиді. Несиеге алған 6 млн. теңгеге тауық ұстайтын қорған, құрал-жабдықтар, 1000 бастай тауық сатып алдым. Алдымен құстарға арнап қора-жай салдым. Іші-сыртын жылылап, жарығын тартып, желдеткішін, су құятын, жем салатын науаларын орнаттым. Тауықты өсіріп, бағудың бүге-шігесін арнайы кітаптардан, ғаламтордан қарап, оқып үйрендім, – деп әңгімелейді Сәкен құс шаруашылығын ашуға қалай кіріскенін.

Кәсіпкердің айтуға оңай болғанымен әуресі көп шаруаны шашау шығармай, ойындағыдай етіп жүргізіп әкетуіне ауылда мал-жанның қасында өскендігімен қатар, кез келген істі атқаруға деген құлшынысы, ептілігі, еңбекқорлығы көп септігін тигізеді. 13 жасында әкесі өмірден өтіп, үйдегілердің ішінде еркек кіндікті өзі ғана болып қалғаннан бастап Сәкен ауылда анасына қолғабыс жасап, сырттың шаруасының бәрін өзі атқара бастайды. Буыны қатпаған бозбаланың еңбекпен ер жетіп, есеюіне, заман көшінен қалмай жеке кәсіп көзін табуына анасы, бүгінде 80-нің сеңгіріне шығып отырған Нәзигүл Қинашқызының берген тәлім-тәрбиесі, үлгі, өнегесі шексіз. Сәкеннің жұбайы Гүлнар да отбасының ортақ шаруасының бір шетінде жүр. Балалары Айғаным мен Зере жоғары оқу орындарының озат студенттері, Айша балабақшада.

Кәсіпкер алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын фермерлік дүкен ашуды ойға алып жүр. Аудан орталығынан жер де алып қойыпты. Кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Өскемен қаласының әкіміне кәсібін жаңадан бастағанына қарамастан, облыс орталығында, ауданда өткізіліп келе жатқан барлық жәрмеңкеден қалмай, құс еті мен жұмыртқасын арзан бағамен сатып жүрген Сәкен Сахариевке облыс орталығынан өз сауда орнын ашуға, жалға алуға көмектесуге тапсырма да берген екен.

Экономика саласында істі, шаруашылықты әртаптандыра жүргізу деген ұғым бар. Бір-бірін толықтырып тұратын бұл тәсілдің тиімділігін жақсы білетін агроном маманы «Даму» қоры арқылы несие алып, оған 20-30 бас сауынды сиыр сатып алып, сүт фермасын ашпақ ойы бар. Осы жерден 15 шақырым жердегі Кожохова ауылындағы тауға жақын жерден сүт фермасын ашып, сүт, кілегей, май өндіріп, ол өнімдерді тауық өнімдерімен бірге өздерінің фермерлік дүкендерінде саудалауды жоспарлап отыр. Ол жер тауық ұстауға да қолайлы.

2017 жыл – Тауық жылы, жыл иесін бағып отырған жерлестеріміздің ойға алған жобалары сәтімен жүзеге асуын, отбасылық бизнестерінің толағай табысқа жеткізе беруін тілейміз.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button