Ағымнан жарылсам

ТАУЛЫ ӨЛКЕНІҢ ҰЛДАРЫ ТАУҒА ҚАРАП ОЙ ТҮЗЕР

 Ел арасында «Адамды сынағың келсе, не билік бер, не байлық бер» деген тәмсіл бар. Бұл – біреудің орайы келген жерде айта салған сөзі емес екендігіне талай мәрте көзіміз жеткен. Не құдіреті бар екенін кім білсін, кеше ғана қарапайым халықтың ортасында, қоңырқай ғана тірлік кешіп жүрген азаматтардың қолына ғайыптан-тайып әлдебір лауазымды билік немесе қомақты дәулет бітсе болды, қас пен көздің арасында өзгеріп, кісі танымастай боп кететіндері бар…

Әрине, жұрттың барлығына топырақ шашып, күйе жағуға болмас. Дегенмен, өмір тәжірибесі көрсеткендей, мұндай дертке шалдығатындар арамызда баршылық. Баршылық болғанда, көп десек те болады. Жалпы, бұл өзі – адамның санасына байланысты дүние ғой.

Ел ішінде қолына шексіз билік берсең де, үйіп-төгіп байлық берсең де, елігіп-желікпей-ақ, даурығып-даңғойланбай-ақ, әу бастағы табиғи болмысын сақтап қала алатын атпал азаматтар да жоқ емес. Бірақ ондайлар жалғыз-жарым ғана. Олар би болдым деп жұртты билеп-төстеп, бай болдым деп айналасын бықпырт тигендей қылмайды. Не істесе де байыппен пайымдап, қандай шешім қабылдаса да сабырынан жаңылмайтын, мейлінше мейірімді, қайырымды боп келеді.

     Арманы биік асыл ер

Мен білетін сондай азаматтардың бірегейі, Зайсан өңірінің тумасы, «Біздің елдің жігіттері осындай!» деп бас бармақпен көрсетерлік тау тұлғалы азамат – Болат Икепұлы Нұрасылов.

Бөкеңді осы уақытқа дейін сырттай ғана танып, ұзынқұлақтан «Б.Нұрасылов алғаш тәуелсіздік алған жылдарда жеке кәсіпкерлікті қолға алып, заман ағысынан қалыс қалмай, жыл өткен сайын бизнесін еселеп дамыта жүріп, ел-жұртына да қарайласа білген, ауданымыздың гүлденіп, өркендеуіне де өлшеусіз үлес қосқан азамат» деп еститінмін…

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме. Ендеше, «Елде жүрген Бөкең сынды жақсылардың жақсылығын неге айтпасқа? Неге мұндай азаматтардың өмірге деген берік ұстанымы мен пайым-түсінігін, туып-өскен еліне, тұрып жатқан жеріне деген жанашырлығын өсіп келе жатқан жас ұрпаққа паш етіп, өнеге тұтпасқа?

Менің көріп-біліп жүргенімдегі ауқатты адамдардың басым көпшілігі шетелшіл һәм астанашыл. Құрып кеткені облыс орталығының таңдаулы деген жерінен хан сарайындай үй салып ап, жалғанды жалпағынан басу боп келетін.

Жалпы, кез келген адаммен жақынырақ сұхбаттасып, тілдеспейінше оның таным-түсінігіне, ішкі мәдениеті мен пайым-парасатына көз жеткізбейінше, ол адам жайлы әлдене деп баға берудің өзі тым асығыстық болатын секілді.

Осы жолғы туған жерге барған жолсапарымда Болат ағамның ішкі дүниесіне үңіліп, біраз жайтқа көз жеткізгендей болдым…

Алдымда Зайсан ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, 25-ке жуық орден мен медальдың иегері, аудан мен қаланы айтпағанда, облыстық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты және тағы да басқа толып жатқан марапаттардың иесі, таулы өлкенің тау тұлғалы азаматы отыр. Сөз ләмінен байлық пен барлықтан ықылық атқан тоғышарлықты емес, елім деп, жерім деп шыр-пыры шыққан жанашырлықты, көзбен көріп жүрген келеңсіздіктерге көлденең тұрар шамасы жоқ шарасыздықты байқадым.

– Бабаларымыз «Бос жатқан жер – жау шақырады» деген. Шалғай аудандардағы жұрт көше-көше, бұрынғы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі аудандардың бірқатар елді мекендері мүлдем жалаңаштанып қалды, – дейді бұл күндері төрткүл дүниенің төрт бұрышымен тең дәрежеде әріптестік орнатуға қабілеті бар кәсіпкер. – Бір кездердегі Катонқарағай мен Марқакөл, т.б. аудандардың, әсіресе шекараға жақын орналасқан ауылдарынан елдің жаппай көшіп жатқанын көріп, менің жүрегім ауырады. Ол жерлердің барлығында кезінде қандай совхоздар болды. Мыңғыртып мал өсіріп, жүн-терісін айтпағанда, сүтін сүттей, етін еттей өкіметке өткізетін. Ешкімге қол жаймай, өздерін-өздері жұмыспен де, барлық жағынан толық қамтамасыз ете білген ауылдар еді ғой. Қазір солар не болды? Ең сорақысы, біздің үкіметтің басындағылар бұл жағдайды көрмей, білмей отырған жоқ. Қай кезде де барды құрта салу оңай, ал жоқтан бар жасау қиынның қиыны. Бізде кілең бір науқаншылдық, кілең бір ұрандату. Бір нәрсенің басын дардай қылып бастайды да, аяғына жеткізбей тастай салады. Әуелде жеткілікті етіп бөлінген қаражат неге жетпей қалады, ол қайда кетті? Осыған жауапты адамдар неге жауап бермейді тиісті органдардың алдында? Мұның бәрі жауабы жоқ үлкен сұрақ. Сосын, олар осындай сұрақ қойған адамды аса жақсы көрмейді.

  Ел үміті – қоғамдық кеңесте

– Соңғы жылдары «Тұрғындары жаппай көшіп жатқан елді мекендерге мектеп, аурухана, мәдениет үйлерін салып, көшіп кеткен тұрғындарды қайтаруымыз керек!» деген мемлекеттік бағдарлама дүниеге келді.

– Мен мұны қос қолдап құптаймын. Керек, аурухана да, мектеп те, балабақша да халыққа қажет дүниелер. Бірақ бұл екінші этаптағы қажеттіліктір емес пе? Неге біздер ең алдымен сол ауылдарда үлкенді-кішілі жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтамасыз ету жолдарын қарастырмаймыз. Жұмысы жоқ, табатын табысы жоқ адам ол ауылда бір күн тұра ма? Сен ол жерге маған десе хан сарайын салып қойсаң да тұрмайды. Менің айтып отырғаным, құр әшейін байбалам емес. Мысал келтір десең айтайын, анау Бобровкаға, Тасбастауға, Ақжайлауға даңғарадай-даңғарадай мектептер салынды. Қазір сонда оқитын бала жоқ. Бәрі қаңырап бос тұр. Ертең алаулатып-жалаулатып бағдарламамен салынатын мәдениет үйлері де, балабақшаң мен мектептерің де солардың кебін кимей ме.

– Олай болмас үшін не істеуіміз керек?

– Ол үшін бірінші кезекте ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын ашуымыз керек. Қазіргі Зайсан, Күршім, Тарбағатай, оның ішінде бұрынғы Марқакөл мен Ақсуат бар, осы аудандарда бірде-бір мал соятын цех, не оның етін өңдейтін комбинат жоқ. Дала толы мыңғырған мал. Сүт өнімдері жөнінде де соны айтуға болады. Шемонайха  ауданында өзінің жеке шаруа қожалығын ұстап отырған Акулов деген бар. Ал ол мен айтып отырған осы мәселенің барлығын шешіп отыр. Ауылдарынан адамдар кеткенді қойып, ағылып барып жатқан көрінеді. Мен ол кісінің іскерлігін еш қызғанбаймын, керісінше қызығамын…

Бізге неге сондай ет, сүт комбинаттарын ашпасқа? «Оны қайда апарып өткіземіз?» деп бас қатырудың да қажеті жоқ. Іргемізде қанша өнім берсең де, болдым-тойдым демей, ала беретін екі бірдей алпауыт мемлекет бар.

Егер үкімет ауылға, ауылдағы халыққа шынымен де жаны ашыса, сол ауылдар ертеңгі күні қаңырап бос қалмасын десе, бұл мәселені кешеуілдетпей қолға алуы керек. Айталық, кезінде «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік» деген саясат болған. Бұл қарапайым тілмен айтар болсақ, үкімет пен елдегі жеке бизнес иелерінің бірлесіп атқаратын бизнестері. Елді аяғынан көтеру үшін не нәрсеге болмасын үкімет араласпаса болмайды. Ондай ірі жобаға ірі көлемде несие алу керек. Ол үшін меншік иесінің кепілдікке қоятын техникалары немесе құрылыс нысандары, баспанасы, т.б. болуы тиіс. Мысалы үшін айтайын, қалалы жерде банк 70-80 пайызға бағалаған нысандар ауылды жерде әлдеқайда төмен, 20-30 пайызға ғана бағаланады. Үкімет өз тарапынан осындай ірі жобалардың бір жағына шығысса, белгілі бір жеңілдіктермен несие алуға көмектессе, ауылды жерлерде көптеген жұмыс орны ашылып, жаппай көшу үрдісі сәл болса да саябырлар еді.

Үкімет ауылды жерде қалған мұғалімдер мен дәрігерлерге, басқа да мамандық иелеріне жалақыны екі-үш есе артық төлеуі керек. Шағын болса да өндіріс орнын ашып, бизнеспен айналысам деген азаматтарды салықтан, орынды-орынсыз тексерістерден босатуы керек. Сонда ғана ауылды сақтап қала аламыз.

– Бұған бюджеттен қомақты қаражат бөлу керек болады ғой?

– Дұрыс айтасың, қомақты қаражат бөлінуі керек. Ол үшін  халыққа еш пайдасы жоқ даңғаза жиындар мен тойларды азайтып, бюджеттік мекемелердегі қызметкерлер санын қысқарту керек. Айталық, бір аудан әкімінің жоқ дегенде үш орынбасары бар. Олардың не керегі бар? Денсаулық, мәдениет, білім беру саласының барлығында басшылары отырған жоқ па. Солар әкіммен тікелей байланыста болып, барлық мәселені реттеп, шеше білуі керек. Кемшіліктер де сол адамдардан сұралуы тиіс. Әкімге жалғыз орынбасар болса, жетіп жатыр.

– Сіз осындай ойларыңызды жоғары жақтағыларға жеткізе алдыңыз ба?

– Мен мұны сонау 90-жылдардың ортасынан бастап айтып, жазып келем. Осы күнге дейін елеп-ескеріп, «Апыр-ай, мынауыңыз бір ойланарлық мәселе екен. Анау жұмыссыз қалған халыққа, иесіз қалған ауылдарға обал болған екен» деген бір адам көрмедім. Қайсыбір жоғары жақта отырғандар мұқият тыңдап, жаны ашыған түр көрсеткендері болмаса, нақты нәтиже жоқ.

Ендігі бір үмітім – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған қоғамдық кеңесте. Ол жерде бір ғана партияның мүшелері емес, әртүрлі мамандық иелері мен түрлі көзқарастың және ұстанымның адамдары бас қосып отыр. Осы секілді жер-жердегі елдік мәселелерді сол кеңеске жолдап, күн тәртібінде талқыласа деймін. Ол хаттар арнайы тіркеуден өтіп, авторының кім және қайдан екендігі анықталып, қажет жағдайда әлгі адамды елден алдырып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп барып, шешу жолдарын қарастырса. Егер ондай күн туып, шақырып жатса, сол қоғамдық кеңес талқысына ешкімге салмақ салмай, өзім-ақ барар едім.

Бөкеңмен арадағы әңгімеміз біраз жайттың басын шалған. Екеуара әңгіме барысында қоғамдағы көптеген келеңсіздікке деген наразылықтар да, сын-ескертпелер де, тың ұсыныстар да айтылды. Амал қанша, оның бәрін газет беті көтермейтін болды. Дегенмен, елінің ертеңіне елеңдеген, ұрпақтың болашағына алаңдаған ел азаматының ішкі жанайқайының бір парасын газет бетіне беруге тырыстық.

Бір байқағаным, Бөкеңнің әңгіме айта отырып, әлсін-әлсін тау жаққа қарап қоятын әдеті бар екен. Қараған сайын таудан әлдебір тылсым қуат, күш алатын секілді. Қанша дегенмен, Сауыр мен Сайқанның баурайына орналасқан таулы өлкенің ұлы ғой. Таудың айбыны мен сұсы, өзіндік тәкаппарлығы мен мінезі болатындығын жазық жердің адамдары біле бермеуі де мүмкін…

Әсілі, «Тау баласы, тауға қарап өседі» деген сөз негізсіз емес. Үлкенге қамқор, кішіге қорған, халқына жанашыр бола білген абзал ағаның таудай тұлғасы көз алдымда зорайып бара жатқандай болды…

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button