Тауарлы-сүт фермалары екі есеге көбейді
Азамат Темірбеков
Cүтті мал шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған ұландықтар тауарлы-сүт фермаларының санын екі есеге арттырды.
Экономикасының негізгі бөлігін ауыл шаруашылығы саласы құрайтын Ұлан ауданында 12 сүт қабылдау пункті жеке тұрғын үй шаруашылықтарынан сүт сатып алуды жолға қойған. Осының арқасында былтыр жергілікті шаруашылықтар 7,3 мың тонна сүт тапсырған. Жалпы, сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын оңтайлы пайдалана білген ұландықтар қазіргі уақытта тауарлы-сүт фермаларының санын екі есеге көбейтіп, сауын сиырлар санын 2188 басқа жеткізді.
Былтыр «Багратион-2» шаруа қожалығының базасында «Елочка» сауу жабдығы орнатылған 300 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы салынды. Оған қоса «Шарапат Агро» және «AgroVostok LTD» сынды шаруашылықтар да қосымша екі ферманың құрылысын жүргізді. Бұдан бөлек биыл «Украинка» шаруа қожалығының базасында 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу жоспарда бар.
Сүт өндіру және оны сату жұмыстарынан бөлек, ұландық шаруалар мал етін сату және өңдеу ісіне де ерекше мән берген. Осы бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде ауданда он бордақылау алаңы іске қосылды. Өткен жылы «Жанартау KZ» шаруашылығы 1000 басқа арналған тағы бір бордақылау алаңын салды.
Мемлекеттік қолдаудың игілігін пайдаға жарата білген ұландықтар өткен жылы өсімдік және мал шаруашылықтарын дамытуға жалпы сомасы 2,1 млрд теңге субсидия алды. Осының арқасында аудандағы шаруашылықтардың ауыл шаруашылығы техникалары 70 жаңа техникамен толығып, бұл өз кезегінде шаруалардың жемшөп және майлы дақылдар өсіретін алқаптарын ұлғайтуға да мүмкіндік берді. Осылайша, дәнді-дақылдардың өнімділігі гектарынан 9,7 центнер, ал майлы дақылдардікі гектарынан 10 центнерге жетті.