Тауарлы-сүт фермасын өз қаржыларына салды
Облысымыздағы тауарлы-сүт фермалардың саны тағы біреуге көбейді. 620 басқа арналған кешеннің жобасы сүтті мал шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.
Бұл күнді Шемонайха ауданындағы Камышинка ауылының тұрғындары абыр-сабырмен өткерді. Өйткені, «Камышинское» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Акуловты айтулы оқиғамен құттықтау үшін облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк жергілікті «Восток-Молоко» ЖШС, «Е.Зәйтенов» шаруа қожалығы сынды кәсіпорын басшыларынан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінен әріптестері жиналыпты. Солардың бірі – «Агрофирма Родина» ЖШС-нің директоры, «Қазақстанның ет одағы» кәсіпорнының төрағасы Иван Сауэр. Ферманың ашылу салтанатында сөз алған Иван Сауэр аталмыш қожалықтың құрылғалы бері бір де бір рет өндіріс көлемін төмендетпегенін еске салды.
-«Камышинское» шаруа қожалығы сияқты кәсіпорындарды елімізде саусақпен санап алуға болады. Өйткені, мұнда жалпы ішкі өнімнің 70 пайыздан астамы мал шаруашылығынан түседі. Қандай құрғақшылық болса да, ол шауашылықтың жалпы өніміне айтарлықтай әсер ете алмайды. Яғни, негізгі табыс көзі егінге тәуелді емес, өндіріс әртараптандырылған. Мұның барлығы тынымсыз еңбекпен, болашақты болжай білетін көрегендікпен және ұжымның ұйымшылдығымен келгені анық, – деді ол өз сөзінде.
Ауыл тұрғындарын осынау қуанышпен құттықтау үшін аудан әкімі Амангелді Тоқтаров та сөз алды. Ол өз құттықтауында «Камышинское» шаруа қожалығы ел көлемінде сүт өндірісінің флагманы екенін айтып, жаңа ферманың Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қолданысқа берілгенін сәтті сәйкестік ретінде атады.
Қожалық иесі Владимир Акулов бұл кешенді тұрғызуға тура жарты жыл уақыт жұмсағандарын айтады.
– Жоба бастан-аяқ өз қаржымыздың есебінен жүзеге асты. Ешқандай да несие алған жоқпыз. Бір ғана сауын алаңындағы құрылғы үшін 180 млн. теңгеге шығындалдық. Келер жылы да осы кешенге ұқсас етіп тағы бір кешен салсақ деп отырмыз. Оның бәрі денсаулық пен қаржыға байланысты, – дейді қожалық жетекшісі.
«Камышинское» шаруа қожалығының иелігінде бұл күндері алты мыңнан астам ірі қара бар. Соның 2100-і – сауын сиырлары. Өтіп бара жатқан жылдың 11 айында қожалық 12,7 мың тонна сүт өндірген. Бұл бүкіл аудан өндірген сүттің 32 пайызы деген сөз. Жылына әр бастан 6054 келі сүт сауылған. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұл тұрғыдағы ауданның орташа көрсеткіші 4258 келіге тең. Жыл басынан бері қожалық 756 тонна ет өткізген екен.
Жаңадан қолданысқа берілген тауарлы-сүт фермасы 620 басқа арналған. Сауын алаңына орнатылған «Параллель» атты кешенге бір мезетте 48 бас сиыр сауынға тұрады. Заманауи қондырғы сағатына 150 сиырды, тәулігіне 1200 сиырды қабылдауға қауқарлы. Мұнша малды сапалы жеммен қамту да өзекті. Осыны ойлаған қожалық сағатына төрт тонна құрама жем өңдейтін шағын зауыт орнатыпты. Өнімділікті арттыруға бағытталған осы және өзге де жобаларды жүзеге асырғаны үшін мемлекет тарапынан шаруа қожалығына мал шаруашылығы бойынша 397,5 млн. теңгенің субсидиясы төленіпті.
Қожалықтың негізгі табыс көзі мал болғандықтан, оған деген құрмет пен күтім де ерекше. Қожалықтың өндіріс аймағына енбей жатып-ақ гигиеналық тазалық пен тәртіп қатаң сақталатыны бірден аңғарылады. Салтанатты шараға жиналған жұрттың барлығы арнайы автобустарға тиеліп, үстеріне ақ желең, аяқтарына бахила киді. Жаңа салынған ферманың әр бөлігіне өткен сайын табалдырық орнына сабыны көпіршіген көпшіктер төселіпті. Осыдан-ақ мұнда тазалыққа қалай көңіл бөлінгенін байқауға болады. Ал негізгі қоражай күтімдегі сиырлар екі қатарға тізіліп жем жейтіндей етіп салыныпты. Екі қатардың ортасынан трактор емін-еркін өтіп, науаларға жемшөп шашатындай кеңістік қалдырылған. Ферма толықтай автоматтандырылғандықтан, малдың асты да адамның қатысынсыз тазартылады. Германиялық технологияға негізделген құрылғы әр 20 минут сайын сиырлардың астын қырып отырады екен. Қырылған тезек арнайы сорғының көмегімен сыртқа шығарылады. Кешен ауа баптайтын қондырғылармен де, сиырдың қасынуына арналған аппаратпен де жарақталған.
Жалпы, биыл облыс бойынша жаңадан салынуы тиіс тоғыз тауарлы-сүт фермасының жетеуі қолданысқа берілді. Ал қайта жарақталуы тиіс 28 ферманың 20-сы межелі уақытында іске қосылған. Сондай-ақ, облыс аумағында жаңадан ашылған 27 сүт қабылдау бекеті халыққа қызмет көрсетіп тұр.
Есімжан Нақтыбайұлы
Шемонайха ауданы.