Қоғам

Тауар сапасын анықтауды түсіндірді

Тауар сапасын анықтауды түсіндірді


Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Халықаралық сапа күні атап өтілді. Онда «Тауардың сапасын қалай анықтауға болады? Тұтынушының тауар сертификатын талап етуі заңды ма? Алтын бұйымдарын сатып аларда неге баса назар аудару қажет?» деген көпшілік көкейінде жүрген сауалдарға арнайы мамандар жауап берді.

Техникалық реттеу, метрология, стандарттау және менеджмент. Осы салалардың жұмысын жетілдіріп, отандық тұтынушылардың көңілінен шықпай тұрып, экспортты еселеу мүмкін емес. «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығының» облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен жиында айтылған пікірлер осыған саяды. Оған жергілікті кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Негізгі баяндаманы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Серік Айкешов жасады.

– Біріншіден, тауар сапасын арттыру кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді. Екіншіден, бұл облыс экономикасының дамуына оң ықпалын тигізеді, – деді Серік Айкешов.

Жиын барысында «Азия Авто» АҚ мен «Машзавод» ЖШС-нің басшылары баяндама жасап, жетістікке жетудің құпияларымен бөлісті. Бұдан соң «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» облыстық филиалының бөлім басшысы Салтанат Карибжанова жиналған қауымға сертификаттау және стандарттау заңнамасы жөнінде кеңінен түсіндіріп берді.

– Еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына ену үшін сертификаттау және стандарттау саласына көптеген өзгерістер енгізді. Қазір бұл саладағы ережелер әлемнің дамыған 50 еліне ортақ жүйеге негізделіп отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп, үздік 30 елдің деңгейіне шығу көзделген. Жалпы, бұған дейін әлемде тек тауар мен қызмет түрлері сертификатталып келсе, соңғы жылдары мамандар да сертификаттала бастады. Қазақстан үшін бұл жүйені енгізу аса маңызды. Жергілікті мамандарды халықаралық стандарттар бойынша сертификаттай алсақ, сырттан келетін жұмысшылар ағынын азайтар едік, – дейді Салтанат Карибжанова.

Басқосуда техникалық реттеу және метрология комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Әсем Жақсыбаева сертификаты жоқ тауарды алмауға кеңес берді.

– Егер тұтынушы алған тауарының сапасына күмәнданатын болса, оны арнайы мамандардың көмегімен тексертіп, құрамын анықтай алады. Мемлекет осыған жағдай жасау керек. Ал саудаға шығарылған тауардың сыртындағы қағазда немесе оны жарнамалайтын қағаздарда оны тек мақтайды, кемшілігі айтылмайды, – дейді Әсем Жақсыбаева.

Жиынға қатысушылар тарапынан түрлі стандарттарға қатысты салалық сауалдар қойылды. Іс-шара барысында тауар сапасын анықтау және оны растау тәсілдеріне қатысты қызу пікірталас өрбіді. Кәсіпорын өкілдеріне бұл саладағы білімін жетілдіру үшін қандай әдебиет оқу керектігіне дейін айтылды.
БЖиын соңында «Восток молоко» ЖШС, «Эмиль» ЖШС, «Машзавод» ЖШС, «Сәтпаев тау-кен байыту кәсіпорны» ЖШС, «Уралэнергоцветмет» ЖШС, «Ремдор» ЖШС, «Өскемен арматуралық зауыты» ЖШС-нің басшылары «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» облыстық филиалының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал «Кентассыз материалдар комбинаты» ЖШС, «Багратион Ұлан» ЖШС, «Alan Motors» ЖШС, «Азия Авто» АҚ-ның басшыларына аталмыш орталықтың арнайы кубоктары табысталды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button