Қоғам

Тау өзендерінен қауіп бар

«Казгидрометтің» хабарлауынша, облысымыздағы тау өзендері суларының мөлшері орташа көрсеткіштен 30 пайызға артық. Бұл туралы Өскеменде өткен брифинг барысында құзырлы орган өкілдері хабарлады.

Белгілі болғандай, аталмыш өзендер арнасынан шықса, облыстың үш қаласына, сондай-ақ 15 аудандағы 108 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін. Бұл – 22 мың адам тұратын жеті мың тұрғын үй. Арнасынан шығуы ықтимал өзендер қатарында Ертіс, Бұқтырма, Үбі, Үлбі, Громотуха, Нарын, Тұрғысын, Хамир, Ақ Берел, Үлкен Бөкен, Күршім, Қалжыр, Үржар мен Егінсу бар.

Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесе келе, апаттың алдын алуға бағытталған кешенді іс-шараларды қолға алған. Құтқарушылар мен коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкен.

– Ішкі істер министрлігіне қарасты органдардың 1 040 қызметкері, 277 дана техникасы, 184 мотопомпа мен 50 суда жүзу құралы төтенше жағдайға сақадай сай дайын тұр. Өскемен мен Семейде құрамында 130 адамы бар алты мобильді топ құрылып, тиісті жұмыстар жүргізуде. Жалпы, облысымызда су тасқынының бірінші кезеңі наурыздың екінші онкүндігінде өтеді деп күтілуде. Оған өңірде ауа райының күрт жылынуы себепші болмақ. Біз биылғы су тасқыны мезгілін шартты үш кезеңге бөлдік. Облыс аумағында қар еру мерзімі наурызда басталып, маусымның ортасына дейін созылады деп болжануда. Рас, қар мөлшері жылдағыдан сәл артық. Алайда алаңдаудың еш негізі жоқ. Жағдайды жіті бақылауда ұстаудамыз. Барлық орган өз міндеттерін ойдағыдай орындайтын болса, қызыл су шығынға батырмайды, – деді брифингте  облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Титов.

Брифингте сонымен қатар Шүлбі су қоймасында атқарылған жұмыстар туралы да айтылды. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикеновтың хабарлауынша, 2018 жылы орын алған апат қайталанбауы үшін Шүлбіде қарғын су жиналатын резервуарлардың көлемі айтарлықтай үлкейтіліпті. Қажет жағдайда бұл резервуарлар 20 күн бойы су қабылдай алады екен. Осы ретте мұндай жұмыстар соңғы 25 жылда алғаш рет қолға алынғанын айту керек.

– Үлкенді-кішілі елді мекеннің барлығында арықтардың арнасын тазарту жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Дегенмен, тұрғындар да бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс деп санаймыз. Жерлестерімізді аулалары мен үйінің іргесінен ағып жатқан арықтардың арнасын жиі тазартып отыруға шақырамыз, – дейді Е.Чикенов.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button